
zharkain
«Азаматтық қоғам мен мемлекеттің бірлігі – ел бірлігінің кепілі!»
Қоғамдық кеңестер өз қызметінің небәрі алты жылдық қысқа мерзіміне қарамастан, үнемі сарапшылардың, практиктердің және БАҚ-тың назарын аударады. Қоғамдық бақылау - мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтықты қамтамасыз етудегі тиімді және пәрменді құралдардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Қоғамдық кеңестер - жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган. Жарқайың ауданы Қоғамдық кеңесінің құрамы Жарқайың аудандық мәслихаты сессиясының 2022 жылғы 28 наурыздағы 2022-2025 жылдарға арналған шешімімен 15 мүшеден бекітілді. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерден 4 мүше және азаматтық қоғамның 11 мүшесі. Әрбір кандидатпен әңгімелесу және ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы сайланды.
Қоғамдық кеңестің құрамы - Қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ-тың, "Аманат" саяси партиясының өкілдерінен, зейнеткерлер, бизнес-құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, білім және ғылымның өкілдерінен, ауданның құрметті азаматтарынан құрылған. Қоғамдық кеңестердің міндеттері, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, орталық және жергілікті атқарушы органдармен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы, Қоғамдық кеңестің жұмысы аудандық мәслихатпен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады. Кеңес мүшелері аудандық мәслихат өткізетін сессиялар мен отырыстарға үнемі қатысады. Аудандық Қоғамдық кеңестің қызметі барынша ашық түрде өткізіледі. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысады. Жарқайың ауданының қоғамдық кеңесі Қоғамдық кеңестің бекітілген жұмыс жоспарына және "Қоғамдық Кеңес туралы" Ережеге сәйкес жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы Қоғамдық кеңестің 15 отырысы өткізілді, онда сөзсіз қоғамдық мүддені білдіретін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын 20 мәселе қаралды.
Мысалы:
- «Қоғамдық кеңестердің жанынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын комитеттердің не комиссиялардың ұйымдық нысанында тұрақты органдар құру туралы»;
- «2021 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы»;
-«2021 жылғы Державинск қаласының, Жарқайың ауданының ауылдық округтері мен ауылдарының бюджетін атқару туралы»;
-«Диспансерлік есепте тұрған, сондай-ақ амбулаториялық және стационарлық емделуде жүрген азаматтар үшін дәрілік препараттардың қолжетімділігі туралы»;
-«Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы»;
-«Жарқайың ауданының аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы»;
- «2023-2025 жылдарға арналған аудан бюджетінің жобасын талқылау»;
- «Державинск қаласының, Жарқайыс ауданының ауылдық округтері мен ауылдарының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінің жобасын талқылау»;
Қоғамдық кеңестің мүшелері талқыланатын әрбір мәселеден кейін ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдайды, олар мемлекеттік мекемелердің басшыларына орындау үшін жіберіледі.
2022 жылы Кеңес нормативтік-құқықтық актілердің 28 жобасын қарады.
Мысалы:
-«Державинск қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы»;
-«Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қойылатын жер учаскелерінің тізбесі»;
-«2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі Жоспарды бекіту туралы»;
- «2023 – 2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы»;
- «2023-2025 жылдарға арналған Жарқайың ауданының Державин қаласы, ауылдық округтері мен ауылдарының бюджеттері туралы».
2022 жылы жұмыс топтары құрамындағы Қоғамдық кеңес мүшелері диспансерлік есепте тұрған, сондай-ақ амбулаториялық және стационарлық емдеудегі және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетудегі азаматтар үшін дәрілік препараттардың қолжетімділігі мәселелері жөніндегі 3 ұйымға барды. Аудандық аурухана жанындағы тегін дәрілік препараттарды беру жөніндегі дәріхана пунктіне барған кезде дәрілік препараттарды алуға, медициналық сақтандырудың болмауына байланысты проблемалық мәселелер көтерілді. Халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінде мүгедек адамдар мен халықтың басқа да мобильділігі төмен топтары үшін кедергісіз жүріп-тұруына барлық жағдайлар жасалған. Ғимаратқа кіре берісте пандустар, тұтқалар, қоңыраулар, тактильді жолақтар, ақпараттық белгілер, автотұрақтар орнатылды. Ақпараттық стендтер мен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орналастырылған. Мемлекеттік қызмет көрсетуге түскен шағымдар жоқ, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша өтініштерді қарау мерзімдері бұзылған жоқ. Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік органдар өткізетін түрлі іс-шараларға, кеңестерге қатысады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің аудан әкімдігі жанындағы комиссиялардың құрамына кіруі маңызды, өйткені бұл өңірдегі маңызды оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңес мүшелері И.Н. Пугачев, А.Қ. Әлжанов, Г.В. Смағұлова, А.А. Абитаева, И.Н. Яременюк, С.Қ. Сұлтанов, Б.Ж. Қабжанов, Ш.А. Карин ауылдарға, мектептерге, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, ауданның қарт адамдарына жан-жақты қолдау көрсетеді, сондай-ақ жас спортшыларға жарыстарға барғанда демеушілік көмек көрсетеді. Қоғамдық кеңестің мүшесі С.Халибек ауданның жас спортшыларын жаттықтырады. Оның шәкірттері аудандық және облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие. Ақпараттық ашықтық Қоғамдық кеңестің қоғаммен нәтижелі өзара іс-қимылының шарты болып табылады. Аудандық мәслихаттың ресми сайтында "Қоғамдық кеңес" арнайы айдары бар. Әлеуметтік желілерде аккаунттар ашылды: Instagram және Facebook, онда кеңестің құрамы, Қоғамдық кеңес туралы қабылданған Ереже, жұмыс жоспары, өткізілетін отырыстар мен іс-шаралар туралы материалдар жайлы толық ақпарат орналастырылған. Тиісті ақпарат тұрақты негізде жаңартылып тұрады, өткен жылы 52 жарияланым орналастырылды. www.kazkenes.kz ақпараттық порталда жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық кеңес отырыстарының тікелей трансляциясы Aitube арнасында өткізіліп, 7 отырыс жарияланды. Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат аудандық «Целинное знамя» және «Жарқайың тынысы» газеттерінде шығып тұрады. Бас беттерінде жалпы 12 мақала жарияланды. "Сарыарқа" жергілікті телеарнасында Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы бейнематериалдар үнемі көрсетіледі. Жалпы, қоғамдық кеңес өз мүшелерінің белсенді жұмысын дәлелдеді, тиісті ұсыныстар бере отырып, қойылған міндеттерді орындайды, билікпен өзара әрекеттесу институттарының арасында өз орны бар, жұмыс түрлерін таңдауда дұрыс бағдарланған және кеңеске сайланған адамдардың белсенділігі мен жауапкершілігінің арқасында өз қызметін жетілдіруге қол жеткізуде.
Жарқайың ауданының Қоғамдық кеңесі.
Қаладағы қалың қар тазаланды
2023 жылғы 9 қаңтар күні біз Державинск қаласының әкімдігіне барып, қала басшылығымен сұхбаттасқан болатынбыз. Бізді әкімдікте Державинск қаласының әкімінің орынбасары Досбол Сейтбек күтіп алды. Сұхбатымыздың басты тақырыбы ауа - райының күрт бұзылуына байланысты, қала көшелеріне жауған қарды тазарту жұмыстарымен танысу болды. Біз Досбол Ерікұлына "Қала көшелері қашан тазартылады?", "Оған қанша техника жұмылдырылады?", "Жалпы мұндай оқыс оқиғаларға қаламыздың әкімдігі дайын ба?" - деген сұрақтармен жүгінген тұғынбыз. Досбол Сейтбек ағымдағы жылғы қар тазалау жұмыстары бойынша көшелерді тазарту жұмыстарымен 3 бірлік техника, соның ішінде, 2 К-700 және 1 МТЗ-82 тракторы айналысып жатқанын айтты.
Досбол Ерікұлының сөзінше, қалын бораннан кейін қаламыздың барлық басты көшелері мен қалаға кіреберіс және шығаберіс жол бөліктері, көлденен қиятын көшелер, "Жастар" шағын ауданы, аялдамалар, көп қабатты үйлерге кіреберіс жолдар тазартылды. Сонымен қатар, ДСУ-71, Облыс арнайы конторы, ПМК-43, мұнай базасы, май зауыты, тігін фабрикасы және заводское елді мекендері қар құрсауынан залалсыздандырылды. Қар әлі қаладан тыс аумаққа шығарылған жоқ. Бұл жұмыстар тек қар көлемі қажетті мөлшерге жеткенде ғана қала сыртына тасымалданатын болатынын айтып өтті. Ол үшін "Торғай" стадионының маңынан арнайы полигон жасақталған. Қазіргі таңда, қарды тасымалдауға арналған екі жүк көлігі, және бір қар тиегіш трактор мен жол тазалайтын К-700 тракторы резервте тұрғаны да белгілі болды.
"Қала әкімшілігі тұрғындардан аулаларындағы қарды жол бойына шығарып, қозғалысқа кедергі келтірмеуін өтінеді. Себебі, сондай олқылықтардың салдарынан көліктердің жүруі қиындап, жол апаттары орын алуы мүмкін. Сондай-ақ қайта тазарту жұмыстары аудандық бюджеттің қайта шығындалуына әкеліп соғады" -дейді, Державинск қаласы әкімінің орынбасары Досбол Сейтбек.
"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өткен жылдың қаңтарында орын алған оқиғалар кезінде зардап шеккен 540 адамға 2 млрд 112 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда:
- Қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына - 133 млн теңге (7 млн теңгеден);
- Ауыр жарақат алған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне - 333 млн теңге (3 млн теңгеден);
- Қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларындағы 23 кәмелетке толмаған балаға - 46 млн теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден);
- Қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған 135 азаматтың отбасыларына - 945 млн теңге (7 млн теңгеден);
- Кездейсоқ құрбан болған қаза тапқан азаматтардың отбасыларындағы 101 кәмелетке толмаған балаға - 202 млн теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден);
- Атыс қаруынан зардап шеккен және жәбірленуші деп танылған 138 ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға - 414 млн теңге (3 млн теңгеден);
- Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған 13 баланың отбасыларына - 39 млн теңге (3 млн теңгеден).
Айта кетсек, Қор сайтында қаржылық көмек алған азаматтардың тізімі жарияланды.
Бүгінгі таңда Қор қаңтар айындағы оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болып, қаза тапқан азаматтардың 12 отбасына және атыс қаруынан зардап шеккен және жәбірленуші деп танылған 131 ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Ақпарат дереккөзі: https://egemen.kz/article/331994-qanhtar-oqighasynan-zardap-shekkenderge-komek-korsetildi (Ботакөз Бақберген)
Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады
АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Әзірет Сұлтан мешітіне барды.
Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары былтыр қаңтарда қаза болғандарға арналған мемориалға және күллі қайғылы оқиға болған Республика алаңына гүл шоқтарын қойып жатыр.
2022 жылдың 5 қаңтарында Республика алаңына жиналған бір топ адам әкімдік пен Қазақстан президентінің Алматыдағы резиденциясына баса-көктеп кіріп, қанды трагедия басталды.
Ақпарат дереккөзі: https://sputnik.kz/20230105/toqaev-qantar-oqigasy-kezinde-qaytys-bolgan-azamattardyn-rukhyna-quran-bagyshtady-30873327.html
Жаңа жылдық күрес турнирі
2022 жылдың 30 желтоқсан күні Балалар және Жасөспірімдер Спорт Мектебінде грек-рим және қазақ күресінен аудандық «Жаңа жылдық турнир» өтізілді. Оған 2007-2016 жылы туылған балалар қатысты. Жарыстың мақсаты жасөспірімдер мен балалар арасында спортты насихаттау, ауданымыздағы спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету болып табылады.
Жарыс қорытындысы бойынша 24 келі салмақ дәрежеснде 2014-2015 жылы туылған балалар арасында 1-орынды И.Сапар, Н.Сәбит, 26 келі салмақ дәрежесінде 2011-2013 жылы туылған балалар арасында 1-орынды И.Абдрахман, 29 келі салмақ дәрежесінде 2011-2013 жылы туылған балалар арасында 1-орынды Т.Халилов, 30 келі салмақ дәрежесінде 2009-2010 жылы туылған балалар арасында 1-орынды И.Шайжанов, 30 келі салмақ дәрежесінде 2016 жылы туылған балалар арасында 1-орынды А. Гайдуков, 60 келі салмақ дәрежесінде 2007-2008 жылы туылған балалар арасында 1-орынды Б. Алкенов, 42 келі салмақ дәрежесінде 2009-2010 жылы туылған балалар арасында 1-орынды Т.Арыспай, 42 келі салмақ дәрежесінде 2011-2013 жылы туылған балалар арасында 1-орынды М. Досжанұлы, 32 келі салмақ дәрежесінде 2014-2015 жылы туылған балалар арасында 1-орынды И.Худайбергенов, 90 келіден жоғары салмақта 1-орынды Ә.Ізтілеев иеленді.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Львов ауылындағы Жаңа жыл
Жаңа жыл ертегі сияқты және ол желтоқсанның соңғы күніне дейін басталады. Бұл мереке әр үйде, әр отбасында күтілетін ең сүйікті, мейірімді, мереке. Жаңа жыл мен қысқы көңіл-күй тақырыбындағы қолөнер онкүндігі "Алтын аралар" шығармашылық үйірмесінде басталды. Қатысушылар алдағы жылдың символын, қысқы тақырыпқа арналған көлемді ашықхаттар мен шыршаны безендіруді қуанышпен жасады.
Балалардың алғашқы ағымы үшін "міне, біз ертегіге кірдік!" атты Жаңа жылдық қойылым ұйымдастырылды. Онда Аяз ата, Ақшақар, әпкелі сіңілі Марфа және Настенкамен ойын өткізілді. Мұнда теріс пиғылды кейіпкерлер балалардың мерекесін бұзуға тырысты. Бірақ, әдеттегідей, жақсылық тағы да зұлымдықты жеңді.
Екінші лектегі балалар үшін "Жаңа жыл бізге асығады!" – атты жаңа жыл кеші өтті. Балалар мерекелік шытырман оқиғалы атмосфераға еніп, қызықты байқауларға қатыса алды. Аяз атаның пайда болуымен нағыз мереке шыршаның айналасында басталды десек болады. Мұнда қатысушылар ән шырқап би билеп, шыршаны айналды. Қойылымнан кейін балалар Аяз ата мен Ақшақарға өлең оқып, кейіпкерлермен суретке түсіп, жаңа жылдық сыйлықтар алды.
Ересектерге арналған "жаңа жылдық калейдоскоп" мерекелік қойылымын мәдениет қызметкерлері дайындады. Ауылдың түкпір-түкпірінен келген қонақтар осы сағатта шыршаның жанына жиналып, бір-бірін мерекемен құттықтап, көршілеріне алдағы жылы бар жақсылықты тіледі. Ауыл тұрғындарын Жаңа 2023 жылмен ауыл әкімі Ю. Кащеев, Аяз ата, Ақшақар құттықтады. Мереке қонақтары үшін бұл күні түрлі көңілді конкурстар мен билер өткізіліп, әуезді әуен шырқалды. Кеште «кім бақытты?»- деп аталатын Жаңа жылдық лотерея өтті. Қатысушылар көптеген жағымды эмоциялар мен құнды, Жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Қарт адамдар үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды
Жаңа жыл қарсаңында Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов бүкіл өмірін Жарқайың ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған ауданның карияларымен кездесті.
Жарқайың ауданының әкімі дөңгелек үстелдің барлық қатысушыларын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық, рухани жылулық пен оптимизм тіледі.
Дөңгелек үстел барысында қариялар, еңбек ардагерлері, педагогикалық еңбек ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары өздерінің естеліктерімен, қызықты оқиғаларымен бөлісіп, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Жиында Камал әже жаңа жыл қарсаңында үлкендердің басын қосып, ақ дастархан жайған аудан басшылығына алғысын білдірді.
Дөңгелек үстел барысында ауданымыздың өнерпаздарымен балалар саз мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, батагөй қариялардың ыстық ықыласына бөленді.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Аудан әкімі қариялармен жүздесті
Жаңа жыл қарсаңында Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов "Лучи добра" ҚҚ қарттарға арналған интернат-үйіне барды.
Аудан әкімі қарттарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, денсаулық, шығармашылық табыс және ұзақ өмір тіледі.
Сондай-ақ, келе жатқан Жаңа жылмен Жарқайың ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұлболсын Ахметова құттықтады. Шараға мерекенің көркіне айналған Аяз ата мен Ақшақар арнайы келіп, қарияларға қызыл дорбасындағы сый-сияпатын табыс етті. Кездесу мерекелік концертпен аяқталды.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Жарқайың ауданының Үшқарасу ауылының әкімін сайлау бойынша сайлау округін құру, аумақтық сайлау комиссиясының орналасқан жері және құрамы туралы хабарлама
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 6) тармақшасына, 21-бабының 4-тармағына, 22-бабына, «Жарқайың ауданының Үшқарасу ауылының әкімін сайлау бойынша сайлау округін құру туралы» Жарқайың аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 26 тамыздағы № 58/303 қаулысына сәйкес Жарқайың аудандық аумақтық сайлау комиссиясының орналасқан жерін және құрамын хабарлаймыз.
Жарқайың ауданының Үшқарасу ауылының әкімін сайлау бойынша Үшқарасу ауылы аумағының шекарасында Үшқарасу сайлау округі.
Жарқайың аудандық аумақтық сайлау комиссиясы
Орналасқан жері: Державин қ., Мир көшесі, 78, каб.1, тел.8(71648) 9-12-10.
Комиссия төрайымы –Жанар Хабидоллақызы Рамазанова;
комиссия төрайымының орынбасары –Любовь Сергеевна Сыздыкова;
комиссия хатшысы –Эльмира Алтайқызы Әбітаева;
комиссия мүшелері: Мәншүк Мақсұтқызы Жүсіпбекова, Марина Анатольевна Мұташева, Ирина Михайловна Николайцева, Ирина Владимировна Платонова.
Жарқайың аумақтық сайлау комиссиясы.
2023 жылы елімізде қандай өзгерістер болады
ҚР Үкіметі, халық, зейнетақы, жәрдемақы, еңбекақы, Жайлы мектеп, денсаулық, ауыл, жастар, кәсіпкерлік, көлік, банкроттық туралы заң 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өседі, 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады, жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
2023 жылғы маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер топтамасы ҚР үкіметінің ресми сайтында жарияланды.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды, республика өңірлерінде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды, зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады, "Отбасының цифрлық картасы" енгізіледі, "Цифрлық нотариат" жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүмкіндігі пайда болды.
Ақшалай кірістерді арттыру
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі.
Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын ұйымдар да разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа санаттағы қызметкерлердің жалақыларын ұлғайту жағына қарай қайта қарайтын болады.
Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.
Сондай-ақ 2023 жылы республика өңірлерінде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды. Бұл жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бес жылда жобаға 1 трлн теңге бағытталмақ, бұл 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді.
Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды ұлғайту
Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған.
Атап айтсақ, жылдың басынан бастап зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.
Базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуын, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті.
Нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Бұл өсім зейнеткерлердің барлығына қатысты болды.
Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті.
Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өсті, енді ол: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңгені (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.
Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері осы жылдан бастап АЕК-тің өсуін ескере отырып 8,5%-ға ұлғайды.
Жәрдемақы алушылардың көп бөлігін құрайтын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Бұл ретте биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін аталған төлемді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.
Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.
Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері АЕК мөлшеріне өсті және келесідей: 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге (бұрын 12 720 теңге) төленеді.
Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде "Отбасының цифрлық картасын" бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды. Мемлекеттік қолдау бірқатар индекстер мен критерийлер негізінде айқындалатын отбасының немесе азаматтың әл-ауқат деңгейіне сүйене отырып көрсетілетін болады.
Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және құжат айналымын цифрландыру
Биыл азаматтық хал актісін немесе некені тіркеу кезінде электрондық куәліктерді беру мерзімі 1 айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеу алынып тасталады.
2023 жылы жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттар мен сот сарапшыларын кәсіби қызметпен айналысуға аттестаттауды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Яғни, аумақтық әділет органдарында әңгімелесуді алып тастап, жүргізуші куәлігін алу кезінде тест тапсырғандай онлайн-тестілеуден және компьютерлік ситуациялық кейстерден өтеді.
Биыл "Цифрлық нотариат" жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды ресімдеуге көмектеседі.
Сонымен қатар Egov mobile қосымшасының функционалын кеңейту бойынша "Цифрлық құжаттар" сервисінде нотариаттық құжаттарға QR-қол қою және оларды көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылғы қаңтар айынан бастап пилоттық жоба барлық өңірлерде, оның ішінде қолжетімді нотариаттық қызметтер тізбесін ұлғайта отырып, қолданылатын болады.
2023 жылы "E-Salyq Azamat" және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан басқа, 2022 жылдың соңында ЭШФ АЖ арқылы электрондық үлгіде жазылған орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері салықтық есепке алу үшін есепке алу құжаттамасы болып танылатын заңнамалық өзгерістер енгізілді (2018 жылдың 1 сәуірінен бастап ретроспективті түрде). Яғни, салық төлеуші бұдан былай орындалған жұмыстар актілерінің көшірмелерін қағаз түрінде ұсынуға міндетті емес.
Жастарға шағын несиелер беру
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен және т. б. айналысатын азаматтарға конкурстық негізде берілетін болады.
Шағын несиелер "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы беріледі. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін). Жалпы, бұл жобаға 2023 жылы 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл 5,7 мыңнан астам жастарды қамтуға мүмкіндік береді.
Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері
2023 жылғы қаңтардан бастап республикада мемлекеттік реттеушілік актілерін тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін механизм – кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылады. Егер Тізілімде қандай да бір талаптар болмаса, не олар бойынша қайта қарау мерзімі бұзылса, онда бизнес субъектілері оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылды. Осылайша, тексерулер мен жаза қолданудан бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жөніндегі норма қолданысқа енгізілді, бұл тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізу кестелерін қалыптастыру кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Мұндай автоматтандыру болмаған жағдайда, енді оған жататын субъектілердің жалпы санының 5%-на қатысты ғана бақылауды жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Бұл қадағалау органдарын проблемалық бизнес субъектілеріне назар аударуға және заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жылдың басынан ұсыну механизмдерін автоматтандыру қамтамасыз етілмеген есеп беруді бизнестен талап етуге тыйым салынды. Сонымен қатар шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылды.
Денсаулық сақтауды дамыту
2023 жылы көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда.
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды, оның шеңберінде диагностикалық жабдықты жаңғырту, ядролық медицина орталықтарын (ПЭТ/КТ диагностикасы) ұйымдастыру, молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, КТ және МРТ балалар стационарларын қосымша жарақтандыру, шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру, арнайы мекемелердің төсек-орын қорын ұлғайту, 17 желілік үдеткіш сатып алу және т. б. қадамдар көзделген.
Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл науқастарды қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтың беделі мен абыройын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға мүмкіндік береді.
2023 жылы орташа жалақыны дәрігерлерге – 30%-ға 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы гранттар саны 70%-ға ұлғайтылатын болады.
Биыл ғылыми-зерттеу компоненті бар екі көпбейінді клиниканың – Астанадағы 200 орындық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының және Алматыдағы 350 орындық Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық корпусын ашу көзделген (нысанның құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған). Сонымен қатар МЖӘ аясында Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады.
Республикада Қазақстан аумағында бірегей шетелдік препараттарды шығаруды локализациялау есебінен дәрі-дәрмекті келісімшарттық өндіру тетігі белсенді түрде енгізіледі. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының фармацевтикалық нарықтағы отандық өндіріс үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылға қарай AstraZeneca-мен Қазақстанға инвестициялар салу, технологиялар трансферті және жаңа зерттемелер туралы негіздемелік келісімге қол қойылады.
Жалпы, елімізде қабылданып жатқан барлық шаралардың нәтижесінде сұранысқа ие дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі ұлғаяды, ал оларды тіркеу, сараптамадан өткізу және баға белгілеу анағұрлым ашық болады.
Жаңа ұлттық жобалар
Биыл жаңа "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске асырылады, оның аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай «жабдықталған» 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылы республика өңірлерінде 220-дан астам мектептің құрылысы басталады.
Сондай-ақ ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға арналған "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша да белсенді жұмыс жүргізіледі. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, реконструкциялау және жабдықтау, қолданыстағы 12 аурухананы жаңғырту және жаңа 20 көпбейінді аудандық аурухана ашу жоспарлануда. Оның ішінде 2023 жылы 309 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын ашу көзделген.
Осы жылы 2023-2027 жылдарға арналған "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы қабылданады. Оның аясында қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізу, республикалық және бірінші дәрежедегі облыстық жолдардың бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін монтаждау, сондай-ақ бесінші буындағы мобильді байланыс желілерін енгізу қарастырылған. Бүгінгі таңда базалық станциялар орнатылып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 5G байланысы пилоттық режимде іске қосылды.
Айта кетейік, мемлекет ұлттық жобаларда қаралған шараларды ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарын және әлеуметтік міндеттемелерді орындау аясында басым тәртіппен қаржыландырады.
Ғылым мен жоғары білім беруді дамыту
Еліміздің жоғары оқу орындары шәкірттерінің стипендияларын арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту жоспарланған.
Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық жоғары оқу орындарын зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау процесі жалғасады. Атап айтқанда, 2023 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жаңа мәртебеге ие болады. Бұл оның ғылыми әлеуетін және ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, жатақханаларды қайта жөндеу және салу ісі МЖӘ тетігі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ЖОО-лар жатақханаларда орындардың қажетті саны болған жағдайда ғана қосымша мамандықтар аша алатын болады.
Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және сыйлықтармен көтермелейді.
Сонымен қатар қазақстандық жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жүргізіледі. Биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланған.
Республиканың жаңа өңірлерінде ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға да ерекше назар аударылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру мәселелері пысықталатын болады.
Жаңа рейстердің ашылуы
Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін "ашық аспан" саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады.
Атап айтқанда, Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.
Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарлануда.
Бұдан басқа, Алматыдан Пәкістанға – Карачи мен Лахорға рейстер ашу, Алматы – Дели бағыты бойынша Үндістанға, Алматы – Чэнду бағыты бойынша Қытайға, Алматы – Лондон бағыты бойынша Ұлыбританияға, сондай-ақ Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан – Тбилиси мен Подгорицаға орындалатын рейстер санын арттыру жоспарлануда.
Сонымен қатар Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқан, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды деп күтілуде.
Air Asia Х малайзиялық лоукост-әуекомпаниясы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia әуекомпаниясы Бангкоктан Алматыға ұшуды жоспарлап отыр.
Qeshm AIR әуекомпаниясы «ауа еркіндігінің» 5 дәрежесін пайдалана отырып, Алматы – Токио бағыты бойынша ұшуларды орындауды бастауды жоспарлауда.
Air Astana әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі рет тұрақты рейс орындау мәселесін пысықтауда.
Көлік
Автомобиль көлігі секторында халықаралық тасымалдарға арналған ершікті автотартқыштар бастапқы рет тіркелгені үшін алымнан босатылады.
Көлікті цифрландыру саласында "Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі" өнеркәсіптік пайдалануға енгізілетін болады, ол тауар-көлік жөнелтпе құжаттары мен жол-сапар қағаздарын электрондық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердің барлық цифрлық камералары мен "Сергек" АӨК интеграциялау жолымен цифрлық көліктік бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.
Тұрғын үй құрылысы және жолдарды жөндеу
2023 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Бұдан басқа, халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80%-ға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.
Құрылыс кодексі әзірленеді, ол саланың көптеген жүйелік мәселелерін шешуге және оның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы 11,8 мың км автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың км – құрылыс және реконструкциялау, 3,2 мың км – күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың км – жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.
"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң
Наурыз айында жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарастырылған жаңа заң күшіне енеді. Онда азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету, борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру (банкроттықтан кейінгі бірқатар шектеулер), борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар белгіленген.
Сондай-ақ Заң шеңберінде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік көмек көзделген, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар басқа шаралар қабылданады.
Бұл шолуда 2023 жылы қолданысқа енген және күшіне енетін бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ұсынылған. Қазақстандықтардың көпшілігі олардың оң әсерін нақты сезінетін болады. Алайда, қоғамдық өмірдің басым бағыттарын жоспарлы жаңғырту және цифрландыру процесі мұнымен тоқтап қалмайды. Үкімет қабылданған бағдарламалар мен жаңа даму жоспарларын іске асыруды, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастамаларды әзірлеуді жалғастырады.
Ақпарат дереккөзі: https://kaz.zakon.kz/6018398-2023-zhyly-elmzde-anday-zgerster-bolady.html