
zharkain
Мәжіліс сайлауында қоғамдық пікірге сауалнама қалай жүргізіледі
Мәжіліс сайлауында қоғамдық пікірге сауалнама қалай жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ОСК ресми сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауалнамаға қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сауалнама жүргiзген заңды тұлғаны, сауалнама жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауалнама жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауалнамаға қатысқандардың саны мен сауалнама жүргізу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде (2023 жылғы 14 – 18 наурыз аралығында) және дауыс берiлетiн күні (2023 жылғы 19 наурызда) Интернет желісінде жариялауға жол берілмейдi.
«Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргізу шарттарын бұзу адамды әкімшілік жауапқа тартуға негіз болып табылады (ӘҚБтК-нің 120-бабы)»,-делінген хабарламада.
Парламент Мәжілісінің депутаттарына қойылатын талаптар қандай?
Парламент Мәжілісінің депутаттарына қойылатын талаптар қандай?
BAQ.KZ Парламент Мәжілісінің депутаттарына қойылатын талаптарға тоқталып өтпек.
- ҚР азаматтығы;
- Соңғы 10 жылда республика аумағында тұруы;
- Кем дегенде 25 жаста болуы.
Қандай құжаттар өткізу керек:
- Өзіңіз түсетін округтік территориялық комиссияға арнайы өтініш жазу (арнайы шаблон бар);
- Өмірбаяндық деректер (арнайы шаблоны бар);
- Салық органынан өзіңізге және жұбайыңызға активтер мен міндеттемелер туралы декларация өткізгеніңіз туралы анықтама;
- Мүшелік жарна төлегеніңізді дәлелдейтін құжат (Мәжіліс 1 050 000 тг, Мәслихат 350 000 тг)
Қалай жүзеге асырамыз?
. Тұрғылықты жеріңіз бойынша Салық органына барып өзіңіз бен жұбайыңызға декларация өткізіп, ол туралы анықтама алыңыз (ал декларацияның дұрыс не қате кеткені туралы жауап тек 10 күн шамасында белгілі болады, ол жауап СК-на беріледі);
2. Анықтамамен өзіңіздің ОСК-на барып өтініш пен биография туралы қағазды толтырасыз;
3. Содан кейін ОСК Сіздің құжаттарды Прокуратураға, Миграциялық полицияға жібереді (толтырған мәліметтеріңіздің дұрыстығын, шетелде тұрғаныңызды не тұрмағаныңызды тексеру үшін);
4. Егер барлығы сәйкес келсе құжаттары барлық талаптарға сай деп тіркеуге алады;
5. Содан соң Сіз мүшелік жарнаны төлейсіз;
6. Ал осы уақытта ОСК Салық басқармасына сұраным жібереді Сіздің тапсырған декларацияңыз бойынша барлығы сәйкес пе екендігін білу үшін;
7. Салық органы барлығы тапсырған декларацияның жауабын береді. Егер осы жерде СО Сіздің декларацияда ауытқу бар десе, Сізді СК тіркеуден алады, барлығы дұрыс болса Сіз кандидат ретінде ресми тіркелесіз!
8. Кандидат ретінде ресми тіркелгеннен кейін ғана, ресми үгіт-насихат науқаны басталғаннан кейін ғана Сіз агитация жүргізе аласыз. *Оған дейін агитация заңсыз болып табылады.
Құжаттарды тапсыру уақыты 08.02.2023 ж. Сағат 18:00-ге дейін
Кандидаттарды тіркеу: 20.01-18.02 аралығында
Агитация 18.02.2023 cағат 18:00-ден бастап 18.03.2023 cағ: 00:00-ге дейін.
18.03.2023 - тыныштық күні
19.03.2023 - сайлау күні
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ
ҮНДЕУІ
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
2023 жылғы 19 наурыз
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен
мәслихаттары депутаттарының сайлауы
Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі Сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады.
Тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі.
Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы.
Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Осы құқықты:
- дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;
- басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;
- вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
Азамат, біртұтас жалпыұлттық сайлау округін, сонымен қатар бірмандаттық аумақтық сайлау округтерін ескере отырып, сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады.
Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
2023 жылғы 4 наурыздан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі берілетін болады.
Құрметті сайлаушылар!
Сіздерді құқықтық сауаттылық танытып, өзіңіздің сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңызды іске асыруға шақырамыз!
Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажетті заңдық маңызы бар әрекеттерді уақтылы қабылдаңыз!
ӘРКІМНІҢ ДАУЫСЫ МАҢЫЗДЫ!
Адам көп жиналатын жерлерде маска тағуға кеңес береміз - бас санитар
Адам көп жиналатын жерлерде маска тағуға кеңес береміз - бас санитар
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Республикамызда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы екі аптада сырқаттанудың төмендегені байқалады. Тәулігіне COVID-19-ға ПТР-дің оң нәтижесімен 120 жағдайға дейін және COVID-19-ға ПТР-дің теріс нәтижесімен 10 жағдайға дейін тіркеліп отыр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда соңғы аптада сыртқаттану көрсеткіші 1,7 есе төмендеді», - деді ол Орталық сайлау комиссиясы отырысында.
Вице-министрдің атап өтуінше, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, республика және барлық өңірлер жасыл аймақта тұр.
Сонымен қатар, 7 өңірде (Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстары) R көрсеткіші бірден жоғары.
«Осыған байланысты бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес R көрсеткіші бірден жоғары болған кезде адам көп жиналатын орындарда маска тағу ұсынылатынын еске саламын», - деді Айжан Есмағамбетова.
Халықаралық қауымдастық сайлаудың әділ өтуін қалайды - америкалық сарапшылар
НгХалықаралық қауымдастық сайлаудың әділ өтуін қалайды - америкалық сарапшылар
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Елдегі демократиялық өзгерістерді үнемі бақылап отыратын америкалық сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Евгений Чаусовский
«New Lines Institute for Strategy & Policy» оқыту және талдау өнімдері бағдарламасының аға талдаушысы және басшысы Евгений Чаусовский Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы шешімін қайта саяси құрылымдау процесінің жалғасы ретінде қарастыруға болатынын атап өтті. Былтырғы конституциялық реформалар мен кезектен тыс президент сайлауынан кейін кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы шешім қабылданатыны күтілген еді. Сарапшының пікірінше, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясатты сындарлы даму жолына түсіруге бағытталған кең ауқымды өзгерістер процесінің соңғысы.
Уайлдер Алехандро Санчес
«Second Floor Strategies» консалтингтік фирмасының президенті Алехандро Санчес жаңа сайлау күні кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылдың 19 наурызында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететін болатын.
«Қазақстандықтар мен халықаралық қоғамдастық, оның ішінде Вашингтон әділ әрі ашық сайлау болғанын қалайды. Бұл Қазақстанның оппозициялық партиялары жаңа заң шығарушы органда өкілдік ету мүмкіндігіне ие болуы тиіс дегенді білдіреді», - деп атап өтті Уайлдер Алехандро Санчес.
Америкалық сарапшының пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төменгі палатаны таратып, жаңа сайлау күні ретінде 19 наурызды таңдауы екі мақсатты көздейді. Біріншісі – қазіргі Үкіметтің бұрынғы Үкіметтің жалғасы еместігін және оның ықпалында болмайтынын дәлелдеу. Екінші мақсат – Қазақстан халқына Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезінде мемлекеттік басқару мен саяси өкілдіктің ұтымды жұмыс істейтінін көрсету.
«Қазақстан Президенті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдайтын «еститін мемлекет» құруға уәде берді. Қазақстандықтар өздерінің көзқарасы құрметтелетін және ескерілетін елде тұруға лайық», - деп түйіндеді Уайлдер Алехандро Санчес.
Еске сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.
Алдағы Мәжіліс сайлауында 12 млн-ға жуық азамат дауыс береді
Алдағы Мәжіліс сайлауында 12 млн-ға жуық азамат дауыс береді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс сайлауында 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Конститантин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы 1 қаңтар және былтырғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жасайды. Оған белсенді сайлау құқығы бар азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Әрбір сайлау науқанында азаматтардың тұрақты тіркелген жері және дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі ескеріле отырып, сайлаушылардың тізімі жеке түзіледі», - деді ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес сайлаушылардың тізімін жинақтады.
«Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы кірді. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлтыау облысында тіркелді», - деді Константин Петров.
Бір мандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторы – ҚР ОСК
Бір мандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторы – ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылдың 20 қаңтарында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау бойынша басталған сайлау науқаны аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, отырысқа саяси партиялардың, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, БКБ режимінде – облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыс республикалық «Хабар», «Хабар 24», «Atameken business» телеарналарының тікелей эфирінде, сондай-ақ сурдоаудармамен тікелей трансляцияны қамтамасыз етіп өткен.
Отырыста мынадай мәселелер қаралды:
1. «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы»;
2. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларын бекіту туралы»;
3. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы»;
4. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауда шет елдер, халықаралық ұйымдар байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы».
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты ашып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес ел Президенті Қазақстан халқына 2022 жылдың қыркүйегінде арнаған Жолдауында белгілеген сайлау науқандарының кестесіне сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталғанын хабарлады.
«2022 жылғы қарашада Президент сайлауын дәйекті өткізу, барлық деңгейдегі өкілді органдарға депутаттарды сайлау 2022 жылғы маусымда өткен референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іс жүзінде іске асырудың жалғасы болып табылады. Бүкіл сайлауды өткізу біздің саяси жүйемізді түбегейлі қайта жаңғырту қажеттілігіне байланысты және конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді.
Қазірдің өзінде осы түзетулердің көпшілігі қолданысқа енгізілген.
Мәселен, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бір мандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады.
Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі сайлау заңнамасының жаңа нормалары Орталық сайлау комиссиясының ертеңге жоспарланған екінші отырысы барысында толық қаралатын болады.
Осылайша, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлау жөніндегі сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша өтетін болады».
«Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина баяндама жасайды.
Оның айтуынша, «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 105 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығының негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
Осыған орай мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау ұсынылды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды өткізудің дәл осындай мерзімдерін орнату арқылы кандидаттарды ұсыну, тіркеу, үгіт-насихат секілді сайлау науқанын өткізудің кейбір кезеңдерін бірдейлендіруге және бюджет шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы мәселе бойынша ОСК тиісті қаулы қабылдады.
Отырыстың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы» үшінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясы аппаратының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қозыбаева баяндама жасады.
Ол хабарлағандай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді.
Орталық сайлау комиссиясының аппараты екі сайлау науқаны бойынша 53 сайлау құжатының нысанын әзірледі: Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және мәслихаттарына.
Оның ішінде, саяси партиялар бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлауға тікелей 12 нысан, бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – 11 нысан.
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөнінде – сайлау құжаттарының 21 нысаны.
Сайлау құжаттарының 9 нысаны бір мезгілде екі науқанға да қатысты – Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша.
Ұсынылып отырған сайлау құжаттарының нысандары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес науқанның нақты кезеңдерінде сайлау комиссияларының сайлау рәсімдерін ресімдеуге арналған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, бірқатар нысандар алғашқы рет бекітіледі. Ең алдымен, бұл саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдар мен өкілдіктердің) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынуымен байланысты.
Сондай-ақ бұл конституциялық заңдағы партиялық тізімде әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар секілді үш санатының міндетті болуы туралы жаңа нормамен байланысты, жалпы алғанда, ол тізімге енгізілген барлық адамдардың жалпы санынан кемінде отыз пайыз құрауға тиіс.
Отырыстың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауда шет елдер, халықаралық ұйымдар байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы» соңғы мәселесі бойынша баяндамамен Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман шықты.
Өз сөзінде М. Ерман Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың қатысушысы ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойынша өз міндеттемелерін үнемі орындайтынын баяндады.
Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы төрағасының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша сайлауды байқауға қатыса алады.
Отырыс барысында сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес тиісті байқау тәртібін көздейтін Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ОСК жанында аккредиттеледі.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде ғана сайлауды байқауды жүзеге асыра алады.
Сонымен қатар сайлау туралы Конституциялық заң шетелдік байқаушыларды аудармашымен сүйемелдеу мүмкіндігін қарастырады.
Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, яғни, 2023 жылдың 13 наурызында сағат 18.00-де.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына «аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруда. Бұл сайлау тәжірибесінің сапасына әсер етуі керек» деп ерекше атап өтті.
Сайлауды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қойылатын негізгі талап – заңдылықты қатаң сақтау.
Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығы мен әділдігін қатаң бақылауды жүзеге асыратын болады».
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы тек саяси партияларға ғана тиесілі.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» - 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. Барлық аталған саяси партиялардың Жарықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көзделген», - деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аталған саяси партиялардың қызметін тоқтата тұру, қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі емес адамдарды кіргізе алмайды. Бұл ретте, партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыныла алмайды.
«Партиялық тізімдер бойынша саяси партиялар осы шақырылымда мандаттар санының 50% мөлшерінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсына алады. Ол үшін Сайлау заңының 103-бабының 4-тармағына сәйкес, саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшылығының шешімі азаматтың партиялық тізімге енуіне келісім беру туралы өтінішімен бірге беріледі», - деді Алма Мұқанова.
Қазіргі таңда 6 саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) тіркелген, оның ішінде бес саясы партияның барлық 20 өңірлерде құрылымдық бөлімшелері бар.
Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық партиясының» 20, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының – 21, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының – 20, «AMANAT» партиясының» - 250, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының» - 20 филиалы тіркелген. Бұл ретте, Байтақ партиясында 3 құрылымдылық бөлімі Атырау, Қызылорда және Қарағанды қалаларында ашылған. Ал «Республика» партиясында құрылымдық бөлімшелер тірекелмеген.
Жаңадан тіркелген саяси партиялар, заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес, тіркеу күнінен бастап 12 ай ішінде құрылымдық бөлімшелерін тіркеуге міндетті.
Еске сала кетсек, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі.
18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау күні.
"Ивахненко" ЖК - қос тілде қызмет көрсетеді
Қаламыздың орталығындағы "Автобөлшектер" дүкенінің иесі Андрей Ивахненконы аудан азаматтары жақсы танитыны жасырын емес. Себебі, көлігінен ақау тапқан жүргізушілер бірден қажетті керек жарағын осы дүкеннен тауып жатады. Әрі, мұнда тапсырыста береді. Біздің айтпақ ойымыз дүкен жайлы емес. Нақтырақ айтсақ, Андрей Валерьевич жайлы болмақ. Оның қазақ тілінде таза сөйлейтінін бірі білсе, бірі білмес. "Бүгінде, күн өткен сайын, қазақ тілін білуімнің қажеттілігі артып келе жатыр" - дейді ол, өз сөзінде. Өйткені, қазақ тілді азаматтар көбінде орысшаға тілі бұратылып, қажетті құралдарын сатып алу үшін ұялып болсада сұрап жатады екен. Сол уақытта "қазақша айта беріңіз" дегенде, әлгіндегі сатып алушылар қуанып, әрі таңырқап қалатын көрінеді.
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданына қарасты Қаймақкөл ауылында туып өскен А.В. Ивахненко қазақша сөйлеуді бала кезінде әуелі әжесінен, кейін, құлын-тайдай тебісіп, бала кез, балғын шағын бірге өткізген, қазақ достарынан үйреніпті. Оның сөзінше Надежда әжей үйіне келген қонақтармен шүйіркелесіп, ескінің естеліктерін, көненің әңгімелерін қазақ тілінде емін-еркін айтатын көрінеді. Бұл күні, Андрей Валерьевич екі ұлына қазақ тілін үйретіп жүр. Соның бірі, осы дүкеннің екінші бөлігінде көлік қажеттіліктерін сататын Артем Андреевич. Ол таза қазақша сөйлемесе де, көп сөзді, қазақша жазуларды түсінемін дейді.
"Тіл үйрену ешқашан кеше емес. Сол себепті, біл білме, әйтеуір былдырлап, тілің күрмеліп болсын сөйлей бер, түбінде кез-келген тілді үйреніп аласын - дейді, А.В. Ивахненко
- Қазіргі күні кәсіпкерлерге қазақ тілін тез үйрену үшін бүкіл жұмысты тастап, арнайы оқу орталықтарына барып, ұзақ уақыт дайындалу керек. Ал, бүгінде бәсекелестік дамып, ақшаны қалай тапсам екен деген уақытта көпшілігінің қолы тие бермейді- деп, Андрей Валерьевич ағынан жарылды.
Расымен де, тіл үйренем деген адам, ешкімнен қорықпай, білгенінше сөйлей берсе, қай тіл болмасын үйреніп алары хақ. Ал, мемлекеттік тілді біл, әр азаматтың Отан алдындағы борышы, әрі алдағы уақытта нан табу құралы болмақ. Олай дейтініміз, Тәуелсіздігімізді алған 32 жыл уақыт ішінде қазақ тіліне деген қажеттілік уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Әрі, мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны өссе кеміген емес. Оған бүгінгі кейіпкеріміз Андрей Валерьевичпен оның ұлы Артем дәлел.
Кез-келген мекемеде, сауда орталықтарында қызметті мемлекеттік тілде де, ресми тілде де теңдей көрсететін болса, әрине, бұл мекемеге, сауда нүктелеріне жүгінетін азамттардың қарасы көбейіп, ісі алға домалары анық. Сол себепті, болашақты бүгіннен ойланайық...
"Жарқайың тынысы" газетінің тілшісі, Халықаралық "Қазақ тілі қоғамы" ҚБ, Жарқайың аудандық филиалының төрағасы О.Зейнолла.
Кезектен тыс 41 конференция
12 қаңтар күні аудан Мәдениет үйінің ғимаратында "АМАНАТ" партиясы Жарқайың аумақтық филиалының кезектен тыс 41 конференциясы өтті. Конференция жұмысына "АМАНАТ" партиясы Ақмола өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі және бастауыш партия бірлестіктерінің делегаттары қатысты. Конференция барысында "AMANAT" Партиясының Жарқайың аумақтық филиалының 2022 жылғы жұмысының қорытындысы туралы партияның аумақтық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлжан Баегизова сөз сөйледі
Жиында "AMANAT" Партиясының Жарқайың аумақтық филиалының 2022 жылғы жұмысының қорытындысы бірауыздан қанағаттанарлық деп танылды.
"AMANAT" партиясының орталық аппаратымен келісім бойынша "AMANAT" Партиясының Жарқайың аумақтық филиалының төрағасы лауазымына партияның аумақтық филиалының Атқарушы хатшысы Баегизова Гүлжан Маркенқызын сайлау туралы ұсынысты конференция делегаттары қолдады. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты "AMANAT"Партиясының Жарқайың аумақтық филиалының Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы ұйымдастыру мәселесі қаралды. Конференция барысында "AMANAT" партиясының мүшесі Асылбек Арыстанбеков "AMANAT" партиясынан Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылының әкіміне ұсынылды. Конференция соңында "AMANAT" Партиясының Жарқайың аумақтық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті.
"Жарқайың тынысы" газетінің тілшісі О.Зейнолла.