1 мамыр
1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Державин қаласының орталық аланында концерттік бағдарлама және әр ұлттың тағамдарымен үстелдер қойылды. Онымен қоса Жарқайың ауданының жастар ресурстық орталығы Қазақ ұлттық ойындары тоғызқұмалақ және асық ату ойындарын Жарқайың ауданының жастары арасында өткізді.
Тоғызқұмалақ ұлттық ойыныңда жүлделі 3 орынға ие болған Төлеубек Алиби, 2 орынға Бескемпір Бақдаулет, осы ойында чемпион атанған Мынбаев Айдар, ең кішкентай және белсенді қатысушымыз Қайрулла Дінмұхамед.
Асық ату ұлттық ойыныңда жүлделі 3 орынға ие болған Төлеубек Алиби, 2 орын Мынбаев Айдар, осы ойында чемпион атанған Оспанғали Мирас.
Барлық Жеңімпаздар Жарқайың ауданы жастар ресурстық орталығының бағалы естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Жастар ресурстық орталығы.
Отбасының цифрлық картасы
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) - бұл азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдау алу құқығы туралы күнделікті "электрондық хабарлама".
Бұл қалай жұмыс істейді? ОКЖ азаматтар туралы барлық мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік органдардан бірыңғай базаға жинайды. Жүйе бес критерий бойынша анықталатын отбасылардың әл-ауқатының деңгейін талдайды: экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту, мүгедектігі бар адамдардың болуы, тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін SMS – хабарлама жіберіледі. Келісімді алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер тағайындау жүзеге асырылады.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ОКЖ көмегімен проактивті форматта, яғни тиісті органдарға жүгінудің қажеттілігінсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін алуға мүмкіндік берілді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады.
2025 жылға дейін проактивті форматта мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлерін қамту жоспарлануда.
Жарқайың ауданының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі.
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерді (жүктерді) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша өткізу тәртібі туралы не білу қажет
Тасымалдауға жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер міндетті түрде ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға сәйкес берілген ветеринариялық құжаттармен қоса жүреді. Объектілерді тасымалдау үшін пайдаланылатын және пайдаланылған көлік құралдары міндетті дезинфекциялауға жатады. Ірі қара мал мен жылқыларды тасымалдау үшін едені ағаш, төсем қабатымен (үгінділер, сабан) жабылған және бортының биіктігі шанақтың еденінен 2 метрге дейін және қойларды, ешкілер мен шошқаларды тасымалдау үшін 1,5 метрге дейін болатын автокөлік құралдары (Мал тасығыштар) және көлденең және бойлық қырлы бөренелер орнатылады. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарлардың санына қарамастан жолсерік алып жүреді. Балық салқындатылған, мұздатылған, тұздалған және өңдеудің басқа түрлерімен тасымалданады. Салқындатылған балықты тасымалдауға жәшіктерде немесе бөшкелерде, мұздатылғанды – жәшіктерде, қораптарда, тұздалғанды – бөшкелерде жеткізеді. Жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдау техникалық шарттарды (етті салу немесе ілу тәртібі, температуралық режим, салқындату жүйесінің әрекеті) сақтай отырып, арнайы жабдықталған автокөлік құралдарында жүзеге асырылады. Салқындатылған және тоңазытылған етті (құс ұшаларынан басқа) жақын қашықтыққа тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде оны үйіп, бірақ екі қабаттан асырмай тиеуге рұқсат етіледі. Автокөлік шанағының едені жуылады, таза брезентпен, содан кейін таза материалмен жабылады. Еттің жоғарғы жағы таза материалмен жабылған. Жануарлардың еті автокөлік құралдарымен салқындатылған, мұздатылған немесе суыған күйде (кебу қабығы түзіле отырып, 6 сағат бойы суытылған) тасымалданады (орны ауыстырылады). Сүт флягаларда, изотермиялық сүт цистерналарында тасымалданады (орны ауыстырылады).
"ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жарқайың ААИ" ММ.
Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру
Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі азық-түліктік астықты өткізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуді субсидиялау бағдарламасын қайта бастады. Аталған бағдарлама ағымдағы жылдың наурыз айынан шілде айына дейін жарамды.
Сәуір айыннан бастап осы бағдарламаның операторы болып Атбасар қаласы «Милихан» ЖК ұн тарту кәсіпорны тағайындалды. Біздің ауданға жеткізумен ұнның бағасы келісіне 132 теңге құрайды.
Ағымдағы жылдың 12 сәуірден бастап «Бондоренко» ЖК арзан ұннан, орамы 120 теңге бағамен пішінде нан өндірісін бастады, ал «Мирзоева С.Г.» ЖК болса 18 сәуірден бастап өндіреді.
Державин қаласындағы азық-түлік өнімдерін сататын дүкен иелерімен нан бағасын тұрақтандыру мақсатында меморандумдар жасалды. Меморандумға сәйкес, қала кәсіпкерлері 1-сортты арзан ұннан жасалған нанға сауда үстемесін жүргізбейді.
Ақпарат көзі: https://www.instagram.com/jarkain_rsxo/
Біздің мұғалім республикада алғашқы ондықта
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- демекші болашақ өскелең ұрпақтың қолында болса, сол балалардың дұрыс жолда жүруіне ықпал ететін бірде-бір жан ол - ұстаз. Бүгінде балалардың жетістіктерімен қуанып, үлкен абырой санаймыз. Ал, сол балаларды оқытатын мұғалімдерді ұмыт қалдыратынымыз жасырын емес. Кейде мұғалімдердің біліміне күдік тудыратын жағдайларда боуы мүмкін. Алайда, ұстаздар өздерінің шын мықты екенін республикамызда дәлелдеп жүр. Солардың бірі, жақында ғана республикалық математика пәні мұғалімдерінің арасында топ жарып, алғашқы ондыққа кірген Болатбек Дамерді мақтанышпен айта аламыз. Ол республикалық "Математикалық регата" сайысында 7-орынға табан тіреп, ауданымызбен қатар облысымыздың абыройын жоғары деңгейде қорғап шықты. Бүгінде А.Үкібай атындағы орта мектепте сабақ беретін білікті ұстаздан сұхбат алған болатынбыз. Соны сіздерге ұсынамыз.
-Ассалаумағаләйкум. Республикадан алған абыройлы орныңыз құтты болсын. Әуелі, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Уағаләйкумассалам. Рахмет. Менің әкемнің аты Дамер өзім Болатбек боламын. 1985 жылы 5-қыркүйекте дүниеге келдім. Көп балалы отбасында тәрбиелендім. Үйде 9 бала.
- Математика пәніне қызығушылық қай уақытта пайда болды? Әлде, бұл атадан дарыған асыл қасиет пе?
- Математикаға қызығушылық 6-сыныпта пайда болды. Сол уақытта балаларды іріктейтін. Жақсы оқитындарды тереңдетіп білім беретін мектеп-гимназияларға жіберетін. Сөйтіп мен 7-сыныптан бастап қарапайым мектептен физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған гимназияға ауыстым. Осы физ-мат мектептің түлегі болдым. Мектепті бітірген соң Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтқа математика мамандығы бойынша грантқа түсіп, 2004-2008 жылдар аралығында ЖОО тәмәмдадым. Қазіргі таңда 2008 жылдан бастап А.Үкібай атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарамын. Биыл еңбек өтілім 15 жыл.
Әкем мектепті алтын медальға бітірген. Атам да математик болған. Маған сол кісілерден кішкене ұшқыны дарыса керек. Себебі, математиканы жақсы көруді үйімнен бастадым. Ешкім мені арнайы дайындық орталықтарына апармады. Өзімнің қызығушылығым оянды. Толыққанды математика пәнімен 7-сыныпта алгебра, геометрия пәндері басталғанда айналыстым. Әсіресе, химия мен физиканы да осы математикамен бірге өте жақсы меңгердім деп айта аламын. Өйткені, физикамен химияны гимназияда тереңдетіп үйретті.
- Енді олимпиадаға келсек. Жалпы бұл жарыс қалай өткізілді?
- Ал, олимпиадаға келсек, осының алдында қараша айында ұйымдастырылған ХІ Республикалық мұғалімдер арасында өткізілетін Жәутіков олимпиадасына қатыстым. Аудандық және облыстық кезеңдерде бірінші орынмен өттім. Және де 60 мың теңгелік ақшалай сыйлық алдым. Желтоқсан мен қаңтар айының ортасында Республикалық кезең Алматы қаласында болады деді. Сол уақытта қаржылық жағы бойынша бірқатар сұрақтар туындап, ол мәселе шешілмей мен бармаймын дедім. Ал, "Математикалық регата" олимпиадасы 2-наурыз күні аудан математика мұғалімдері арасында ұйымдастырылды. Оған 15 математика мұғалімі қатысты. Одан мен аудан бойынша 1-орынды ұтып, облыстық кезеңге жолдама алдым. Әр кезеңде үш есептен төрт кезеңнен тұрды. Олимпиаданың 12 есебі берілді. Содан сүрінбей өттім. Облыстық кезең 9-наурыз күні Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы гуманитарлы-техникалық лицейде өткізілді. Оған жалпы Ақмола облысы бойынша 30-ға тарта математика мұғалімі қатысты. Нәтижесінде бірінші орынды ұтып алдым. Мұнда алғашқы үш адамға диплом төртінші орынға грамота беріп, алғашқы төрттікті бірдей республикалық кезеңге жіберді. Төртеуіміз бірігіп, Ақмола облысының командасы болып республикада облыстың намысын қорғадық. Республикалық кезең наурыз айының 26-29 аралығында Ақтөбе қаласында өткізілді. Оған әр облыстан төрт мұғалімнен және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бас-аяғы 93 адам қатысты. І-ІІ кезеңдердің қорытындысы бойынша 28 мұғалім іріктеліп, келесі ІІІ пен ІV кезеңге жіберілді. Мен сол 28 мұғалімнің арасында болып, олимпиада қорытындысы бойынша өзіме ыңғайлы алғашқы ондықтың құрамында 7-орынға тұрақтадым. Сол алғашқы ондықтың ішінде шетінен кіл мықты мұғалімдер жиналды. Олардың ішінде: Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептерінің, білім инновациялық қазақ-түрік лицейінің, дарынды балаларға арналған халықаралық мектептердің, халықаралық жиындарға оқушылар дайындайтын мектептердің жаттықтырушылары болды. Ал, қарапайым ауылдық мектептің мұғалімі бола отырып, осындай дәрежедегі мұғалімдердің арасынан табылу мен үшін үлкен абырой болды. Сол 7-орынға іліккеніме өз басым қатты қуаныштымын. Жалпы облысымыз 4 мұғалімнің нәтижесін қосқанда 11-орынға жайғасты.
- Олимпиадада мықты жаттықтырушылармен терезеңіз тең болып, жоғары деңгейде білім деңгейін көрсеткеніңізге қуаныштымыз. Енді, жинаған тәжірибеңізбен оқушыларға бөлісіп, не болмаса оқу барысында жаңа методикаларды қолданып жатырсыз ба?
- Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Облысты қалай ұтудың жолын көрдік. Республикалық жарыстың да атмосферасын сезіндік. Осы тәжірибемізбен облыстағы және аудандағы әріптестеріммен бөлісетін боламыз. Сонымен қатар: "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы"- деген сөз бар. Сондықтан, оқушыларды да өзімізден асып түсетіндей дайындау мақсаты бар.
-Құрметті, Болатбек Дамерұлы! Сүбелі сұхбатыңызға алғысымызды білдіреміз. Жұмысыңызға тек сәттілік тілейміз. Әлі талай байрақты бәсекелерден көрініп, оқушыларыңыз Сізден асып түссін дегіміз келеді.
- Әумин, айтқаныңыз келсін! Сіздерге де алғысымды білдіремін.
Сұхбаттасқан: "Жарқайың тынысы" газетінің тілшісі О.Зейнолла.