г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5

Біздің мұғалім республикада алғашқы ондықта

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- демекші болашақ өскелең ұрпақтың қолында болса, сол балалардың дұрыс жолда жүруіне ықпал ететін бірде-бір жан ол - ұстаз. Бүгінде балалардың жетістіктерімен қуанып, үлкен абырой санаймыз. Ал, сол балаларды оқытатын мұғалімдерді ұмыт қалдыратынымыз жасырын емес. Кейде мұғалімдердің біліміне күдік тудыратын жағдайларда боуы мүмкін. Алайда, ұстаздар өздерінің шын мықты екенін республикамызда дәлелдеп жүр. Солардың бірі, жақында ғана республикалық математика пәні мұғалімдерінің арасында топ жарып, алғашқы ондыққа кірген Болатбек Дамерді мақтанышпен айта аламыз. Ол республикалық "Математикалық регата" сайысында 7-орынға табан тіреп, ауданымызбен қатар облысымыздың абыройын жоғары деңгейде қорғап шықты. Бүгінде А.Үкібай атындағы орта мектепте сабақ беретін білікті ұстаздан сұхбат алған болатынбыз. Соны сіздерге ұсынамыз.

-Ассалаумағаләйкум.  Республикадан алған абыройлы орныңыз құтты болсын. Әуелі, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

- Уағаләйкумассалам. Рахмет. Менің әкемнің аты Дамер өзім Болатбек боламын. 1985 жылы 5-қыркүйекте дүниеге келдім. Көп балалы отбасында тәрбиелендім. Үйде 9 бала.

- Математика пәніне қызығушылық қай уақытта пайда болды? Әлде, бұл атадан дарыған асыл қасиет пе?

- Математикаға қызығушылық 6-сыныпта пайда болды. Сол уақытта балаларды іріктейтін. Жақсы оқитындарды тереңдетіп білім беретін мектеп-гимназияларға жіберетін. Сөйтіп мен 7-сыныптан бастап қарапайым мектептен физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған гимназияға ауыстым. Осы физ-мат мектептің түлегі болдым. Мектепті бітірген соң Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтқа математика мамандығы бойынша грантқа түсіп, 2004-2008 жылдар аралығында ЖОО тәмәмдадым. Қазіргі таңда 2008 жылдан бастап А.Үкібай атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарамын. Биыл еңбек өтілім 15 жыл.

Әкем мектепті алтын медальға бітірген. Атам да математик болған. Маған сол кісілерден кішкене ұшқыны дарыса керек. Себебі, математиканы жақсы көруді үйімнен бастадым. Ешкім мені арнайы дайындық орталықтарына апармады. Өзімнің қызығушылығым оянды. Толыққанды математика пәнімен 7-сыныпта алгебра, геометрия пәндері басталғанда айналыстым. Әсіресе, химия мен физиканы да осы математикамен бірге өте жақсы меңгердім деп айта аламын. Өйткені, физикамен химияны гимназияда тереңдетіп үйретті.

- Енді олимпиадаға келсек. Жалпы бұл жарыс қалай өткізілді?

- Ал, олимпиадаға келсек, осының алдында қараша айында ұйымдастырылған ХІ Республикалық мұғалімдер арасында өткізілетін Жәутіков олимпиадасына қатыстым. Аудандық және облыстық кезеңдерде бірінші орынмен өттім. Және де 60 мың теңгелік ақшалай сыйлық алдым.  Желтоқсан мен қаңтар айының ортасында Республикалық кезең Алматы қаласында болады деді. Сол уақытта қаржылық жағы бойынша бірқатар сұрақтар туындап, ол мәселе шешілмей мен бармаймын дедім. Ал, "Математикалық регата" олимпиадасы 2-наурыз күні аудан математика мұғалімдері арасында ұйымдастырылды. Оған 15 математика мұғалімі қатысты. Одан мен аудан бойынша 1-орынды ұтып, облыстық кезеңге жолдама алдым. Әр кезеңде үш есептен төрт кезеңнен тұрды.  Олимпиаданың 12 есебі берілді.  Содан сүрінбей өттім. Облыстық кезең 9-наурыз күні Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы гуманитарлы-техникалық лицейде  өткізілді. Оған жалпы Ақмола облысы бойынша 30-ға тарта математика мұғалімі қатысты. Нәтижесінде бірінші орынды ұтып алдым. Мұнда алғашқы үш адамға диплом төртінші орынға грамота беріп, алғашқы төрттікті бірдей республикалық кезеңге жіберді. Төртеуіміз бірігіп, Ақмола облысының командасы болып республикада облыстың намысын қорғадық. Республикалық кезең наурыз айының 26-29 аралығында Ақтөбе қаласында өткізілді.  Оған әр облыстан төрт мұғалімнен және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан  бас-аяғы  93 адам қатысты. І-ІІ кезеңдердің  қорытындысы бойынша 28 мұғалім іріктеліп, келесі ІІІ пен ІV кезеңге жіберілді. Мен сол 28 мұғалімнің арасында болып, олимпиада қорытындысы бойынша өзіме ыңғайлы алғашқы ондықтың құрамында 7-орынға тұрақтадым. Сол алғашқы ондықтың ішінде шетінен кіл мықты мұғалімдер жиналды. Олардың ішінде: Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептерінің, білім инновациялық қазақ-түрік лицейінің, дарынды балаларға арналған халықаралық мектептердің, халықаралық жиындарға оқушылар дайындайтын мектептердің жаттықтырушылары болды.   Ал, қарапайым ауылдық мектептің мұғалімі бола отырып, осындай дәрежедегі мұғалімдердің арасынан табылу мен үшін үлкен абырой болды. Сол 7-орынға іліккеніме өз басым қатты қуаныштымын. Жалпы облысымыз 4 мұғалімнің нәтижесін қосқанда 11-орынға жайғасты.

- Олимпиадада мықты жаттықтырушылармен терезеңіз тең болып, жоғары деңгейде білім деңгейін көрсеткеніңізге қуаныштымыз. Енді, жинаған тәжірибеңізбен оқушыларға бөлісіп, не болмаса оқу барысында жаңа методикаларды қолданып жатырсыз ба?

- Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Облысты қалай ұтудың жолын көрдік. Республикалық жарыстың да атмосферасын сезіндік. Осы тәжірибемізбен облыстағы және аудандағы әріптестеріммен бөлісетін боламыз. Сонымен қатар: "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы"- деген сөз бар. Сондықтан, оқушыларды да өзімізден асып түсетіндей дайындау мақсаты бар.

-Құрметті, Болатбек Дамерұлы! Сүбелі сұхбатыңызға алғысымызды білдіреміз. Жұмысыңызға тек сәттілік тілейміз. Әлі талай байрақты бәсекелерден көрініп, оқушыларыңыз Сізден асып түссін дегіміз келеді.

- Әумин, айтқаныңыз келсін! Сіздерге де алғысымды білдіремін.

Сұхбаттасқан: "Жарқайың тынысы" газетінің тілшісі О.Зейнолла.

Ресми бөлім

09.07.2024, 05:57 Халықтың кредиттелуін төмендету мақсатында ауданда қаржылық сауаттылығын арттыру Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде және «Целинное знамя» газетінде халықтың кредиттелуін…
22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…