
zharkain
Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кеңінен атап өтті
Бүгін Абылайхан алаңы нағыз достық пен бірліктің символына айналды. Ұлттық киім киген көпшілік, көкке желбіреген көк ту, жанды музыка мен күмбірлеген күй – бәрі де елдегі этностар арасындағы жарасымды өмірдің көрінісі іспетті. Бұл Көкшетаулықтар мен қала қонақтары Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өткенінің дәлелі.
Бұл жай ғана мереке емес. Бұл татулық пен өзара түсіністіктің, әртүрлі мәдениеттің бір арнада тоғысып, біртұтас ел бола алғанынның айғағы. Мерекеге келген әр адамның жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Мерекелік шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев барша жұртты айтулы күнмен құттықтап, бірлік пен ынтымақтың ел дамуындағы маңызына тоқталды.
«Ұлттық бірлік – баға жетпес байлығымыз, мемлекеттігіміздің берік іргетасы. Бүгінгі мереке еліміздегі көпұлтты қоғамның біртұтастығын паш ететін, ортақ мұраттарға деген адалдықты айқындайтын ерекше күн. Біз бәріміз бір шаңырақтың, бір тағдырдың, бір болашақтың адамымыз», – деді әкім орынбасары.
Іс шара барысында «Бірлік» спорттық жарысының қатысушылары алаңға салтанатты түрде кіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Этномәдени орталықтардың өкілдері, студенттер, оқушылар және қоғам белсенділері қатысқан бұл шара ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің нақты көрінісі болды.
Салтанатты жиын барысында ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ақмолалық азаматтар арнайы марапаттар мен мерейтойлық төсбелгілерге ие болды. Солардың бірі – қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ардагері Мейрамбек Қиықов.
«Бұл марапат мен үшін үлкен жауапкершілік. Еңбегімді елеген ел азаматтарына алғысым шексіз. Қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу, елдің татулығын сақтау әрбіріміздің азаматтық парызымыз», – деді ардагер толқыныспен.
Мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі көрермендерді тәнті етті. «Гәкку», «Көкшетау», «Сувенир», «Қазына» сынды халықтық ансамбльдер мен өнер ұжымдарының өнері арқылы еліміздің бай мәдени келбеті айқын көрінді. Мерекелік көңіл күйге бөленген қала тұрғындары да іштегі толқыныс пен қуанышты жасырмады.
«Бұл мерекеде тек ән-күй емес, адамдар арасындағы шынайы жылылық сезіледі. Әр ұлт өз өнерін паш етіп, бір-бірін құрметпен қарсы алады. Нағыз достық осындай болады», – дейді қала тұрғыны.
Мерекенің ерекшелігі биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі. Бұл тарихи құрылымның ел бірлігін сақтаудағы орны ерекше екенін көпшілік тағы бір мәрте сезінді.
Шара соңында барлық өнерпаздар мен жүргізушілер сахна төріне шығып, «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» әнін орындады. Көк тудың астында тоғысқан сан ұлт өкілі бір дауыспен болашаққа деген үмітін, елге деген сүйіспеншілігін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 48 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар 100-ге жуық этнос өкілдерінің өзара татулығын нығайтып, ортақ мүдде жолында еңбек етуде.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр
2025 жылы Қазақстан ауқымды статистикалық науқанға – ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр. Бұл маңызды шара алдағы жылдары аграрлық саланың қалай дамитынына тікелей әсер етпек. Әсіресе, ел халқының жартысынан астамы ауыл шаруашылығымен айналысатын Ақмола облысы үшін бұл санақтың маңызы ерекше.
Санақтың басты мақсаты – елдің ауылдық аймақтарында нақты не болып жатқанын шынайы әрі толық көрсету. Атап айтқанда ауылда кім қандай шаруамен айналысады, кімнің қанша жері, техникасы, малы бар, қандай мәселелері бар және мемлекеттік қолдауды кімге қалай бағыттау қажет екенін анықтау мақсатында.
Бірінші кезең 2025 жылдың маусым айында басталады. Бұл кезде интервьюерлер алдын ала дайындық жүргізіп, ауыл тұрғындарымен жұмысқа кіріседі. Негізгі кезең – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан бастап, шағын шаруашылықтарға дейін түгел қамтылады.
Азаматтарға деректерді тапсырудың екі жолы ұсынылады: sanaq.gov.kz порталында онлайн түрде немесе интервьюер арқылы.
Бүгінде өңірде жұмыс топтары құрылып, қызметкерлерге оқыту жұмыстары жүргізілуде. Пилоттық сауалнамалар санақ жүйесінің кең ауқымды жұмысқа дайын екенін көрсетті. Ұйымдастырушылар атап өткендей, барлық дерек құпия сақталады, ал санаққа қатысу – әр азаматтың ауыл болашағына қосқан үлесі.
Ақмола облысының аудандарында санақшылар жұмысын қамтамасыз ету, техникалық жабдықтау, көлікпен қамту, нақты мекенжайларды анықтау, сауалнама жүргізуге қолайлы орындарды белгілеу сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұл сөздер тек ұран ғана емес – өмір шындығы. Аграрлық сала – еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан бұл саланың артында нақты адамдар, еңбеккерлер, отбасылар тұр. Солардың үні естіліп, еңбегі бағалануы үшін дәл осындай санақ маңызды.
Қазір ауыл тұрғындары бұл бастаманы бұрынғыдай формалдылық емес, өз өмірін, мәселесін, еңбегін көрсетуге мүмкіндік ретінде қабылдай бастады. Ал бұл – ауылдың шынайы келбетін айқындауға жасалған үлкен қадам.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр
2025 жылы Қазақстан ауқымды статистикалық науқанға – ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр. Бұл маңызды шара алдағы жылдары аграрлық саланың қалай дамитынына тікелей әсер етпек. Әсіресе, ел халқының жартысынан астамы ауыл шаруашылығымен айналысатын Ақмола облысы үшін бұл санақтың маңызы ерекше.
Санақтың басты мақсаты – елдің ауылдық аймақтарында нақты не болып жатқанын шынайы әрі толық көрсету. Атап айтқанда ауылда кім қандай шаруамен айналысады, кімнің қанша жері, техникасы, малы бар, қандай мәселелері бар және мемлекеттік қолдауды кімге қалай бағыттау қажет екенін анықтау мақсатында.
Бірінші кезең 2025 жылдың маусым айында басталады. Бұл кезде интервьюерлер алдын ала дайындық жүргізіп, ауыл тұрғындарымен жұмысқа кіріседі. Негізгі кезең – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан бастап, шағын шаруашылықтарға дейін түгел қамтылады.
Азаматтарға деректерді тапсырудың екі жолы ұсынылады: sanaq.gov.kz порталында онлайн түрде немесе интервьюер арқылы.
Бүгінде өңірде жұмыс топтары құрылып, қызметкерлерге оқыту жұмыстары жүргізілуде. Пилоттық сауалнамалар санақ жүйесінің кең ауқымды жұмысқа дайын екенін көрсетті. Ұйымдастырушылар атап өткендей, барлық дерек құпия сақталады, ал санаққа қатысу – әр азаматтың ауыл болашағына қосқан үлесі.
Ақмола облысының аудандарында санақшылар жұмысын қамтамасыз ету, техникалық жабдықтау, көлікпен қамту, нақты мекенжайларды анықтау, сауалнама жүргізуге қолайлы орындарды белгілеу сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұл сөздер тек ұран ғана емес – өмір шындығы. Аграрлық сала – еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан бұл саланың артында нақты адамдар, еңбеккерлер, отбасылар тұр. Солардың үні естіліп, еңбегі бағалануы үшін дәл осындай санақ маңызды.
Қазір ауыл тұрғындары бұл бастаманы бұрынғыдай формалдылық емес, өз өмірін, мәселесін, еңбегін көрсетуге мүмкіндік ретінде қабылдай бастады. Ал бұл – ауылдың шынайы келбетін айқындауға жасалған үлкен қадам.
«Әлеуметтік әмиян»: оқушылардың ыстық асы енді цифрлық бақылауда
Өткен жылдан бастап Қазақстан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жүйе сынақтан өтуде. Бұл жүйе 5–11 сыныптарда әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына берілетін тегін ыстық тамақтың әділ әрі ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ата-аналардан ешқандай қағаз құжат жинаудың қажеті жоқ. Қолдау алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады.
«Әлеуметтік әмиян» цифрлық шешімі мемлекеттік қолдауды алдын ала өзі анықтап, автоматты түрде көрсетіп қана қоймай, оқушының тиесілі тамақты алғанына нақты көз жеткізуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік әмиян» жүйесінің жұмыс істеу тәртібі.
«Әлеуметтік әмиян» – мемлекеттік қолдауға құқығы бар отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру үдерісін автоматтандыруға және ашық бақылауға арналған цифрлық шешім. Жүйе ата-аналарға ешқандай қағаз құжат өткізбей, баласының тегін тамақтануға құқығы бар екендігі туралы хабарлама жібереді.
Ата-ана келісімін берген жағдайда, отбасыға автоматты түрде цифрлық тамақтану ваучері құрылады. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасы арқылы іске қосады. Оқушы мектеп асханасында арнайы сәйкестендіру әдістері – QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ алады. Осыдан кейін ата-ананың телефонына баласының мектепте тамақтанғаны жөнінде хабарлама жіберіледі.
Жүйеде кері байланыс функциясы да қарастырылған – ата-ана берілген тағамның сапасына баға бере алады. Ал айдың соңында көрсетілген нақты қызметтер негізінде автоматты түрде орындалған жұмыстар актісі жасалып, жеткізушіге тек нақты қызметтер үшін төлем жүргізіледі.
Қазіргі таңда «Әлеуметтік әмиян» жүйесі пилоттық режимде 20 мектепте сыннан өтуде: оның 10-ы Астана қаласында, қалған 10-ы Қостанай облысында орналасқан. Пилоттық жоба технологияны нақты жағдайда тексеруге, ата-аналар, мұғалімдер мен жеткізушілерден кері байланыс алуға, сондай-ақ болашақта жүйені кең көлемде енгізуге дайындық жүргізуге мүмкіндік береді.
Пилоттық кезеңнің нәтижелеріне қарай, жүйені 1–4 сынып оқушыларына да кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр. Бұл шешім білім беру саласындағы барлық жас топтары үшін тамақтану үдерісін бірізді етіп, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен әділеттілігін күшейтеді.
Күтілетін нәтижелер:
Мемлекеттік көмектің нақты қажет адамдарға жетуі
Қызмет көрсету барысының ашықтығы
Ата-аналар үшін ыңғайлы бақылау мүмкіндігі
Мектеп әкімшілігінің жұмысын жеңілдету
Жеткізушілер үшін әділ төлем кепілдігі
Мемлекеттік қолдауды цифрландыру – бұл жай ғана технология емес. Бұл - әрбір мемлекеттік көмектің өз иесіне дәл әрі әділ түрде жетуін қамтамасыз ететін сенім жүйесін қалыптастыру.
Дені сау жастар – мықты ұлттың кепілі
Дене тәрбиесі мен спорт – ұлт денсаулығының тірегі. Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп келеді. Негізгі бағдар ретінде Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы, 2023–2029 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы мен облыстың 2021–2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы алынған.
Бүгінде облыстың 330 мың тұрғыны, яғни халықтың 41,8 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден жоғары. Бұл бағыттағы жұмысты 285 спорт нұсқаушысы атқарады, оның ішінде 204-і ауылдық жерлерде еңбек етуде. Жыл өткен сайын спортқа қызығушылық артып келеді. Бұған спорт инфрақұрылымының кеңейіп, тұрғындарға қолжетімді бола түсуі үлкен әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда облыста 1124 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 734-і спорт залдары. 2024 жылы Есіл, Қосшы және Степногорск қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сондай-ақ Бурабай және Целиноград аудандарындағы ауылдарда спорт кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар Көкшетау қаласы мен бірнеше аудандарда 16 спорт алаңы салынды.
Қазіргі уақытта тағы 6 дене шынықтыру кешені, Бестөбе ауылында стадион, Щучинск қаласында спорт сарайы, Көкшетауда көпфункциялы спорт кешені және Зеренді ауылында спорт мектебі салынып жатыр. 2025 жылдың мамырында Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ.
Спортпен айналысушылар қатарында ерекше қажеттіліктері бар жандар да бар. Облыста бұл санаттағы 2540 адам дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Бұл – осындай мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Олар үшін «Мерген» спорт клубы қызмет етеді, мұнда спорттың 11 түрі қамтылған.
Облыста ұлттық спорт түрлері де кеңінен дамуда. Бүгінгі таңда 11 ұлттық спорт түрімен 30 мыңнан астам адам шұғылданады, олардың басым бөлігі –ауыл тұрғындары. Облыста Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебі жұмыс істейді. Ұлттық Құрылтайдың өткізілуі бұл салаға тың серпін берді.
Спорттық резервті даярлау ісімен 35 спорт ұйымы айналысады. Бұл ұйымдарда 20 мыңнан астам бала мен жасөспірімдер жаттығады. Оларға 554 жаттықтырушы тәлімгерлік етеді. Облыстың 560 спортшысы Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғап жүр. Олардың арасында тек спорттық дайындық емес, сонымен қатар моральдық және этикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысы да тұрақты түрде жүргізіледі.
2024 жылы облыста 2096 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 147 мыңға жуық адам қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 іс-шараға көп. Бұл көрсеткіш облыс халқының спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында да бірқатар ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2025 жылы осы бағдарлама арқылы 10 500 бала түрлі спорт үйірмелеріне тегін қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді, 21 спорт түрі бойынша өтінімдер мақұлданды.
Халықты салауатты өмір салтына баулу, спортқа тарту жұмыстары тұрақты бақылауда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Досулан Айтбаев,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары
Ақмола облысында жылумен жабдықтау нысандары жаңартылып жатыр
Сенімді және үздіксіз жылумен жабдықтау –өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басымдықтардың бірі. Ақмола облысында жылумен жабдықтау нысандарын жөндеу, жаңғырту және салуға шамамен 40 миллиард теңге бағытталды. Бұл қаражат республикалық және облыстық бюджеттерден, үкіметтің резервтерінен, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен бөлінді.
Жүргізілген жұмыстар ауқымды. Өңір бойынша 30 шақырымнан астам жылу желілері жөнделіп, жаңа учаскелер салынды. Сондай-ақ қазандықтардың жабдықтары жаңартылды.
Негізгі басымдық инфрақұрылымы тозған елді мекендерге аударылды. Көкшетау қаласында жылу желілері, қазандықтар және күл сақтау орнының жаңғыртылуы толық аяқталды. Степногорск қаласында ЖЭО-ның негізгі жабдықтары жөнделіп, жылу трассалары толық жаңартылды. Атбасарда орталық қазандық пен жылу желілерін қайта құру бойынша екі ірі жоба іске асырылуда. Бұл жобалар бірнеше жылға жоспарланған және 2026 жылы аяқталмақ.
«Өңірді жылумен қамтудың негізгі қызметін Степногорск жылу электр орталығы атқарады. 60-жылдары салынған бұл станция әлі күнге дейін негізгі энергия көзі болып отыр. Жабдықтардың тозуына қарамастан, барлық негізгі турбиналар мен қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілді. №5 қазандыққа қатысты қалған жұмыстар 2025 жылдың жазында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңғыртудың арқасында ЖЭО 21 мыңнан астам абонентті тұрақты жылумен қамтамасыз етіп отыр», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Жұмыстар тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де жүргізілуде. Мысалы Балкашино ауылында қазандық жаңғыртылып, оның қуаты арттырылып, жаңа жылу желілері тартылуда. Красный Яр ауылында жаңа блокты-модульді қазандықтың құрылысы басталды. Энергетика саласындағы жаңартулар Щучинск қаласын да қамтыды. Ол жерде жылу жаңа тұрғын үйлерге жеткізілді.
Барлық нысандар қажетті қаржымен қамтамасыз етіліп, кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Өңір үшін үлкен серпіліс болатын жоба — Көкшетауда жаңа жылу электр орталығының салынуы. Жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде жобалау және инженерлік ізденістер аяқталып, барлық құжаттар рәсімделіп, техникалық шарттар алынған. Алдағы жылдары Көкшетау заманауи жылу электр орталығына ие болып, қаланың тұрақты жылумен қамтамасыз етілуін және жаңа тұрғын аудандардың дамуын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда спорт саласын дамыту: жүйелі реформалар, инфрақұрылым, бұқаралық спорт және чемпиондар даярлау
"Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын".
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті
Қазақстанда дене шынықтыру сабақтарынан бастап халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға дейін тең қолжетімділікті құру бойынша спорт саласын дамытуда дәйекті жұмыс жүргізілуде. Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін насихаттау, инфрақұрылымды жаңғырту және жаттықтырушылар құрамын қолдау басымдыққа ие болып қала береді.
Бүгінгі таңда спортпен және дене шынықтырумен 8 миллионнан астам қазақстандық шұғылданады. Бұл ел халқының 41,4% құрайды. Мемлекет бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50% - ға жеткізуді көздейді. Қазірдің өзінде тұрақты шұғылданушы балалар мен жасөспірімдердің үлесі 30% - дан асады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасының ауқымы кеңеюде: 4 жастан 17 жасқа дейінгі 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін барады.
Жыл сайын миллионға жуық адамды қамтитын 25 мыңнан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылады.
Ұлттық мәдени құндылығымыздың бірі ретінде ұлттық спорт түрлеріне ерекше назар аударылады. 2024 жылдың есебі бойынша 670 мыңға жуық адам жүйелі түрде айналысады. Еліміз бойынша 16 555 үйірме, 15 балалар-жасөспірімдер мектебі, 17 клуб пен мамандандырылған орталық жұмыс істеуде. Ең танымал түрлері – қазақ күресі, көкпар және тоғызқұмалақ. Қазақстан Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 112 медаль (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) еншілеп, айқын көшбасшысы екенін көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Мәжіліс пен Сенаттың мақұлдауынан өткен «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң жобасы әзірленді.
Қазіргі уақытта құжат Президентке қол қоюға жіберілді. Заң жобасы келесі жүйелі өзгерістер енгізуді көздейді:
Сонымен қатар, вертикальды басқару жүйесіне көшу жүзеге асырылады. Министрліктің құрылымына 33 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 19 олимпиадалық резервті дайындау орталығы, 14 интернат-колледж беріледі. Министрлік тарапынан 8 республикалық федерацияның президенті мен 11 өңірдің спорт басқармаларында жаңа басшылар келісілді. Әкімдіктердің тиімділігін бағалау үшін KPI жүйесі әзірленуде.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда 25 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. 2024 жылы еліміз бойынша 90 спорттық нысан салынды. Оның 29-ы қалаларда, 61-і ауылдық жерлерде. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар бойынша Түркістанда ескек есу каналы, Өскеменде үстел теннисі академиясы, Шығыс Қазақстан облысында жабық стадион мен оңалту орталығы, Щучинск қаласында шаңғы базасының үшінші кезегнің құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына қарай Ұлттық дене шынықтыру және спорт университетін ашу жоспарланған.
Футбол инфрақұрылымын жаңғырту жаңа бағыт алды. Атап айтар болсақ, Қызылорда, Орал, Түркістан, Жетісу және басқа өңірлерде стадиондардың құрылысы мен реконструкциялау жұмысы жүргізілуде. Ал Астана, Шымкент, Ақтау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа жобалар пысықталуда. Сондай-ақ, УЕФА стандарттарына сай келетін алты стадионды салу жоспарға енді. Сонымен қатар балалар спорт алаңдарының құрылысы басталып, басым бөлігі ауылдық жерлерге бөлінді.
Кадр мәселесін шешу барлық бастамаларды табысты іске асырудың негізгі бағыты болып қала береді. Жаттықтырушыларды қайта даярлау жұмыстары жүргізу, лицензиялау жүйесі енгізу, тәлімгерлік институты дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жаттықтырушылардың мәртебесі педагог қызметкерлердің мәртебесіне теңестіріліп, әлеуметтік кепілдіктер мен жалақыны көтеру шаралары қарастырылды. Заң жобасындағы түзетулердің екінші пакеті балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жаттықтырушыларының орташа еңбекақысын 30% - ға арттыруды көздейді.
Спорттық атақтар мен разрядтарды беру бойынша жаңартылған нормалар мен талаптардың жобасы әзірленді. Олимпиадалық емес пәндерді қоса алғанда спорттың 163 түрі ескере отырып, атақ алу шарттары қайта қаралды. Оған жаттықтырушылардың қатысуын растау жөніндегі нормалар қосылды. Республикалық және халықаралық турнирлерге арналған критерийлер өзектендірілді.
Саланы цифрландыру маңызды бағытқа айналды. 2025 жылдың соңына дейін спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің бірыңғай тізілімін, спорттық іс-шаралардың электрондық күнтізбесін және спорттық инфрақұрылым объектілерінің тізімін қамтитын e-спорт цифрлық платформасы енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізу спорт саясатындағы барлық элементтердің ашықтығын, қамту ауқымын бақылау мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан халықаралық аренада қол жеткізген жоғары нәтижелерін арттыруда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық командалар 1 206 медальға қол жеткізді. Оның 1 086-сы (399 алтын, 341 күміс және 346 қола) олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлеріне тиесілі. Параспорт бойынша қоржындағы медаль саны – 120. Паралимпиадалық дисциплиналардан 56 медаль (16 алтын, 20 күміс, 20 қола), сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлерінен 64 медаль (30 алтын, 17 күміс, 17 қола) еншіледі.
Барлық қабылданып жатқан іс-шаралардың мақсаты - чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу мен ұлт денсаулығын нығайтуда қабілеті тұрақты, тиімді және баршаға қолжетімді спорт жүйесін құру.
Қазақстанның энергетика саласы жылыту маусымының нәтижелі аяқталғанын және алдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары жайында хабарлады
«Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – Қ.К. Тоқаев, IV Ұлттық құрылтай, 14 наурыз 2025 жыл, Бурабай.
2024–2025 жылғы жылумен жабдықтау бойынша күзгі-қысқы маусым күрделі ақауларсыз өтті, бұл Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шараларының нәтижелі болғанын көрсетеді.
Маусымға дайындық 10 энергетикалық блоктың, 55 қазандықтың және 45 турбинаның күрделі жөндеуін қамтып, ЖЭО және жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту процесін бастауға мүмкіндік берді. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға (1 070-тен 782 жағдайға) азайса, ал температуралық графиктің сақтамау жағдайлары 3,3 есеге (215-тен 65 жағдайға) қысқарды.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: 9-ы “қызыл” аймақтан “сары” аймаққа, ал 3-і “сары” аймақтан “жасыл” аймаққа өтті. Нәтижесінде “қызыл” аймақта 10 ЖЭО қалды (бұрын 19), “сары” аймаққа 17 ЖЭО (бұрын 11), “жасыл” аймаққа 10 ЖЭО (бұрын 7) өтті. Көрсеткіштерін жақсартқандардың қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Риддер, Кентау және басқа станциялар бар. Айрықша назар «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілеріне және Степногорск, Теміртау ЖЭО-на аударылды.
2024 жылы Екібастұз 1- МАЭС қалпына келтірген блогын (500 МВт), Атырау ЖЭО жаңа турбинасын (65 МВт) және Жезқазғандағы (+43 МВт) жаңартылған қазандықты қоса алғанда, 771 МВт жаңа қуат енгізілді. Сондай-ақ, жалпы қуаты 163,35 Мвт болатын жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалар іске қосылды.
Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады, электр қуаты нарығындағы шекті тарифті арттырды және қайтарылатын инвестициялардың жылдық лимитін ұлғайтты. 2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарына қаржыландыруды өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға арттырып, 327 миллиард теңгеге жетуге мүмкіндік берді.
Алдағы жылыту маусымына дайындық басталып кетті: 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаның жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның бір бөлігі қазіргі уақытта жүргізілуде. Өңірлердегі 66 жылу орталығында 53 қазандықтың жөндеуі мен реконструкциясы жоспарланған.
Суық ауа райы аяқталғаннан кейін 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу магистралін жаңарту басталады.
Ұлттық энергетикалық модернизация жобасы аясында 77,5 мың км электр желілері мен 1,6 мың км жылу желілері жаңартылатын болады, жалпы бюджеті 4 трлн теңге. 2029 жылға дейін бұл электр желілерінің тозуын 45%-ға, жылу желілерінің тозуын 42%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Генерация саласында 7,3 ГВт жаңа қуат енгізу жоспарлануда, соның ішінде қолданыстағы станцияларды жаңарту және жаңа станциялар салу да бар. 2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтап, электр станцияларының орташа тозуын 40%-ға дейін азайту жоспарланған.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту басымдық болып қала береді: 2024 жылы 153 нысан 7,58 млрд кВт·сағ (жалпы өндірістің 6,43%-ы) өндірді. 8 жаңа станция (163,35 МВт) іске қосылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 9 ЖЭК жобасы іске қосылады (455,5 МВт). 2025 жылдың ақпан айында Қарағанды облысында қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.
2025 жылы ЖЭК жобалары бойынша аукциондарға 1 810 МВт қуат ұсынылды, оның ішінде: жел электр станциясы – 1 200 МВт, күн электр станциясы – 90 МВт, гидроэлектр станциясы – 500 МВт, биоэлектр станциясы – 20 МВт.
Осылайша, Қазақстанның энергетика саласы сенімді жылумен жабдықтауды, ауқымды жаңғыртуды және «жасыл» энергетиканың өсуін үйлестіре отырып, тұрақты дамуға қол жеткізуде.
Басымдықтағы энергия тиімділігі: Ақмола облысы тұрақты даму жолында
Ақмола облысында энергия тиімділігін арттыру және энергия ресурстарын тұтынуды қысқарту бойынша бастамалар дәйекті түрде іске асырылуда. Бұл шаралар ҚР Президентінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар аясында қабылдануда.
Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының (ЭЭДЭҮИ) 2024 жылғы деректеріне сәйкес, өңірдің мемлекеттік энергетикалық тізілімі субъектілерінің 99,5%-ы (1175-тен 1169-ы) есеп берді. Мұндай жоғары қамту деңгейі бюджеттік және тұрғын үй-коммуналдық салаларда энергия тұтынуды 3%- ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Өңірде инженерлік желілер жүйелі түрде жаңартылуда. 2024 жылы заманауи технологиялар мен жылу оқшаулағыш материалдарды қолдана отырып, 30 шақырым жылу және 48,8 шақырым су құбыры желілері жөнделді. Сондай-ақ, әлеуметтік саланың 10 нысанында жылу тораптары жаңғыртылып, жылу шығыны мен отын шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.
Көшені жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық аудандарда 6 мыңға жуық тұрғынды қамтыған 9 жоба іске асырылды. 10 мыңнан астам жарықдиодты шам орнатылып,электр энергиясын айтарлықтай үнемдеуге және CO2 шығарындыларын азайтуға септігін тигізді.
«Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 2 700 шақырымнан астам электр желілері жөнделіп, 900-ге жуық жабдық жаңғыртылды. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырды.
Өңірде «жасыл» технологияларды енгізу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде жалпы қуаты 536,3 МВт болатын 18 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді: 17 жел, 1күн және 1 биогаз электр станциясы. 2024 жылы олар 1 514 млн кВт/сағ экологиялық таза энергия өндірді. Ағымдағы жылы Жасыл ауылында қуаты 2 МВт жаңа биогаз станциясын салу жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында энергия тиімділігіне ерекше назар аударылуда. Жаңа жобалар ғимараттарды міндетті түрде оқшаулауды, есепке алу құралдары мен жылу реттегіштерін орнатуды, сондай-ақ жылу тұтынуды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді көздейді.
Көкшетау қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді энергия тиімді жаңғырту бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында қасбеттерді оқшаулау, инженерлік желілерді ауыстыру, автоматтандырылған жылу пункттері мен жаңартылатын энергия көздерініңэлементтерін орнату қарастырылған. Германияның халықаралық ынтымақтастығы жөніндегі GIZ қоғамымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жобаның серіктестері – GIZ Dena техникалық серіктесі, Көкшетау қаласының әкімдігі, ЭЭДЭҮИ және ТКШ ҚазОрталығы.
Іске асырылып жатқан шаралар кешені өңірдің энергия үнемдеу және орнықты даму мәселелеріне жүйелі көзқарасын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл энергия жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігін арттыру және орнықты даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы
Ұлт саулығы – болашақ кепілі
Денсаулық қай заманда болсын, адам баласының ең басты құндылығы саналады. Ал, дені сау ұрпақ – ұлтымыздың болашағы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды», – деп айта отырып, қазақстандықтардың өмірін ұзарту және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қойылған міндеттерді нәтижелі шешуге шақырған болатын.
Қазіргі технология дамыған, уақыт зымырап өте шығатын алмағайып заманда әркім өзінің жеке басына, денсаулығына аса көп көңіл бөле бермейді. Өз денсаулығының сыр бере бастағанын дәрігердің қабылдауына барғанда немесе кезекті скринингке шақырған кезде ғана байқап, ойлана бастайды. Осы ретте айтар болсақ, Ақмола облысында тегін скринингтерді ұйымдастыру бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 30 бен 70 жасаралығындағы ерлер мен әйелдердің 8 түрлі аурубойынша скринингтен өту мүмкіндіктеріқарастырылған. Тексерістен уақытында өткен адамдардың бойында артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр, вирустық гепатит секілді ауру белгілері болса, оны ерте анықтап, емделулеріне мүмкіндік туады.
2025 жылдан бастап 50-70 жас аралығындағы ер адамдарда мидағы қан айналымының бұзылуын (брахиоцефалдық тамырлардың УДЗ-сы) қадағалап, оны ерте анықтау үшін екі жылда бір рет скринингтік зерттеулерді енгізу және 15-17 жастағы қыздарда арқа-бұлшықет атрофиясын (СМА)анықтауға арналған молекулалық-генетикалық тест жүргізу жоспарлануда.
2024 жылдың қорытындысына үңілсек, қан айналымы жүйесі, қант диабетінің, глаукома ауруларын анықтау бойынша облыста шамамен 78,4 мың адам тексерістен өткен. Бұл скринингтен өтуі тиіс адамдардың 99,7 пайызын құрап отыр. Сүт безі обырын анықтауға арналған скринингке 35,6 мың әйел (қамтылуы тиіс жоспардың 96,7 пайызы), жатыр мойны обырын анықтауға – 30,7 мың әйел (жоспардың 95,2 пайызы), тоқ ішек обырына – 43,4 мың адам (жоспардың 99,51 пайызы)тексерілді.Сонымен бірге, былтыр В және С вирустық гепатиттеріне скрининг бойынша 15,3 мыңнан астам адам тексерілген болатын.
Жалпы, облыс бойынша қазір өмір сүру ұзақтығы 74 жасты құрап отыр. Жедел медициналық көмекке былтырғы жылы 287 849 адам жүгінген. Алдыңғы жылмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 3,4 пайызға төмендеген, яғни, 2023 жылы жедел жәрдемге жүгінгендер саны – 297870 адам болған.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Біздің алдымызда ауқымды мақсат-міндеттер тұр. Қазір бізге халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету және тұрғындардың сол көрсетілген медициналық қызметтерге қанағаттануының деңгейін арттыру және осығанқолжетімділікті қамтамасыз ету аса маңызды. Әсіресе, ауыл тұрғындарына басым назар аударылуда. Ал, Ақмола облысы халқының жартысына жуығы ауыл тұрғындары.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 28 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 10 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл шаралар өңір тұрғындары үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, пациенттер менмедициналық қызметкерлер үшін қолайлы жағдайларқалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, 2024 жылы облыстың медициналық ұйымдарында 157 мың адам 102 нозология бойынша 10,8 миллиард теңгенің тегін препараттарымен қамтамасыз етілді.Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Облыстың барлық медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмектер беру жүзеге асырылады. 2025 жылға тапсырыс берілген дәрі-дәрмектердің алғашқы легі облысымызға ағымдағы жылдың 8 қаңтарынан бастап жеткізіле бастады. Жалпы, биыл 12 миллиард теңгеден астам сомаға препараттар жеткізіледі деп күтілуде.
Облыста осы саланың материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңарту жайына тоқталсам, денсаулық сақтау басқармасы материалдық-техникалық базаны жаңғырту, озық технологияларды енгізу және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізуде.2024 жылы облыстың медициналық ұйымдарын жабдықтаудың жалпы деңгейі 83,6 пайызды құрады. Бұл денсаулық сақтауды дамытуға және халықты сапалы медициналық қызметтерменқамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы жұмыстың дәлелі. Соңғы бес жылда облыстың медициналық мекемелерін құрал-жабдықтармен жабдықтаудың деңгейі 17,6 пайызға ұлғайып отыр. Бұл саланың тұрақты дамуына жол ашады. Медициналық ұйымдарды одан әрі жаңғырту мақсатында ағымдағы жылы 3,9 миллиард теңгеге 191 медициналық техника сатып алу жоспарланған.
Әрине, біз айтып отырған бұл игі істердің барлығы да қолға алынып жатқан жұмыстарымыздың аз ғана бөлігі деп санаймыз. Расында, өңірде ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша дамыту алда да басты міндетіміз болып қала бермекші.
Алтынай ӘМІРЕНОВА,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ФЕРТИЛДІК ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІ ПРЕГРАВИДАРЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚПЕН ҚАМТУ 45%-ҒА ДЕЙІН АРТАДЫ
Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдердің жағдайын бақылау мен диагностикалауды жақсарту үшін тиімді шаралар қабылдауда, жаңа скринингтік бағдарламалар енгізілуде, болашақ аналардың репродуктивтік функцияларын сақтауға мүмкіндік беретін акушерлікте инновациялық емдеу әдістері сәтті қолданылуда.
Соңғы 10 жылдың ішінде алғаш рет ана мен бала денсаулығын сақтау саласында нәресте өлімін 8,3%-ға, ана өлімін 12%-ға төмендету бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
«Әрбір әйел - әрбір бала» ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде 2024 жылы фертилдік жастағы әйелдердің арасында аурулардың профилактикасы жоспарында жаңа тәсілдерді іске асыруға қол жеткізілді, жүкті және босанатын әйелдердің маршруттары оңтайландырылды, акушерлік көмекті ұйымдастыру стандарттары өзектендірілді, босандыру қызметінің барлық қатысушыларын үйлестіру айтарлықтай күшейтілді, бұл аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Бала өлімі құрылымында бірінші орын алатын туа біткен даму кемістіктерін азайту мақсатында еліміздің 13 өңірінде бүгінде 15 «бір күндік клиника» құрылды, онда 50 мың жүкті әйел зерттеп-қараудан өтті.
Әйелдердің денсаулығын нығайту, перинаталдық нәтижелерді жақсарту, жүктілікті жоспарлаудың өркениетті және ақылға қонымды тәсілі үшін Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» арнайы бағдарламасын бекітті.
Анадан айырылуға әсер ететін негізгі фактор - әйелдердің экстрагениталдық аурулары және прегравидарлық дайындықтың төмен деңгейі.
Бағдарламаның шеңберінде елде алғаш рет жүктілікті жоспарлайтын фертилдік жастағы әйелдер МӘМС шеңберінде 12 базалық зерттеп-қараудан өтеді, патология анықталған кезде оларға сауықтыру бағдарламалары ұсынылады.
2025 жылы жоспарланбаған жүктіліктің санын азайту мақсатында фертилдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткішін 45%-ға дейін, контрацепциямен қамту 50%-ға дейін арттыру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда МСАК ұйымдарында ферилдік жастағы әйелдерді зерттеп-қарау алгоритмдері бекітілді, профилактикалық қарап-тексерулермен, контрацепциямен және прегравидарлық даярлықпен қамту бойынша медициналық персонал үшін индикаторлар айқындалды. Сонымен қатар, болашақ аналарға тіркелген жері бойынша емханаларда отбасын жоспарлаудың 845 кабинетінде бейінді мамандардың консультациясы қолжетімді.
Анемия, пиелонефрит, қант диабеті және артериялық гипертензиясы бар жүкті әйелдер АДҚ бойынша қажетті препараттармен тегін қамтамасыз етіледі.
«Әрбір әйел - әрбір бала» ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру нәтижелері бойынша 2024 жылы ана өлімінің көрсеткішін 12%-ға төмендетуге қол жеткізілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша босандыру саласында 706 ауыр жағдай тіркелді, оның 95%-ы қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде әйелдердің өмірі сақталып қалды. 1000 босануға шаққандағы елдегі ауыр жағдайдың көрсеткіші 1,9, өткен жылы ол 2,2-ні құрады.
2021 жылдан бастап ауыр жағдайлардың 40%-ға төмендеуі байқалады, алайда жүктілік кезінде алғаш рет диагноз қойылған ауыр соматикалық патологиялары бар жүкті әйелдердің өсуі байқалады.
Сондай-ақ, акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету бойынша 25 клиникалық хаттама қайта қаралды.
Бүгінде елімізде жыл сайын орта есеппен 350 мың жүкті әйелге медициналық көмек пен күтімнің барлық спектрін қамтамасыз ететін 4,7 мың акушер-гинеколог пен 9 мыңнан астам акушер қызмет атқарады.