Қаржы министрлігі: Ұлықтау рәсіміне қосымша қаражат бөлінбейді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев президентті ұлықтау рәсіміне қосымша қаржы бөлінбейтінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы ол үкімет отырысында журналистерге айтты.
«Президенттің инаугурациясына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді»-Ерұлан Жамаубаев.
22 қарашада ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров 20 қарашада өткен Қазақстан президенті сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі 26 қарашада өтеді.
Ақпарат дереккөзі: https://Қаржыkaz.zakon.kz/6016386-karzhy-ministrligi-ulyktau-rsimine-kosymsha-karazhat-bolinbeidi.html
Депутат елімізде тауар бағасын төмендетуге қатысты ұсыныс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов инфляциямен күрес бағытанды тиімді тетіктерді құру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тішісі.
«Бірде-бір тауардың бағасы арзандаған жоқ. Сонымен қатар, соңғы 10 айда азық-түлік инфляциясы 23 пайыздан асты. Ұлттық банк пен Үкімет бағаны ұстап тұрудың екі қауқарсыз құралын, яғни базалық мөлшерлеме мен «айналым схемасын» үнемі айналшақтап жүреді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін көтерді. Базалық мөлшерлеменің жоғарылауы несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің автоматты түрде көтерілетінін және несие алу бизнес үшін қиындай түсетінін білдіреді. Соның салдарынан бюджетке қымбат несиелер жүктеледі», - деді А. Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолдаған сауалында.
Сонымен қатар ол «айналым схемасына» тоқталды.
«Айналым схемасы» бойынша қазірдің өзінде 86,1 млрд теңге жұмсалды және тағы 14,9 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейін, Мемлекет басшысы осы жылдың шілде айында «айналым схемасының» тиімділігіне күмән келтірген болатын. Бірақ ештеңе болмағандай айналым схемасы аясында жұмыстар жалғасып келеді. Біз ешқандай жаңа шешімдерді көрмедік. Ал Президенттің тапсырмасы іс жүзінде орындалмай жатыр. Бұл тұрғыда инфляцияны тежеу бағытында Ұлттық банк пен Үкімет бұрынғыдай әрекет етіп, бірақ жақсы нәтижеге үміттеніп отыр. Инфляциямен күрестегі басты мәселе – Ұлттық банк пен Үкімет арасында бірлескен, келісілген саясаттың жоқтығы деп білемін. Әркім мәселені өз бетінше шешеді», - деді депутат.
Осы орайда ол Қазақстандағы инфляцияға шетелден келетін өнімдер елеулі ықпал етіп отырғанын айтты. Еліміз азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, тұрмыстық техника, құрылыс материалдарын, жиһаз және басқа да халық тұтынатын тауарларды үлкен көлемде импорттаймыз. Тек азық-түлік импорты 4 миллиард долларға жетеді.
«Біріншіден, Ұлттық банк өзіміздің өндіріті және нақты секторды дамыту үшін инвестиция мен несие қажет екенін түпкілікті түсінуі керек. 16 пайыз деңгейінде ешкім несие алмайды. Бізге ақша ағынын отандық өндірісті дамытуға бағыттайтын тиісті ақша-несие саясаты керек. Әзірге ол тек банктер мен ірі депозит иелерінің пайдасына жұмыс істейді. Екіншіден, импорттық жеткізу саясатын қайта қарау қажет. ЕАЭО және Орталық Азия аясында импорттың жаңа тиімді нұсқаларын үнемі іздестіру керек. Президенттің дипломатиялық бастамаларының жетістіктеріне және оның халықаралық беделіне сүйене отырып, Қазақстанның географиялық артықшылығын толық пайдалану қажет», - деді депутат.
Ақпарат дереккөзі: https://www.inform.kz/kz/deputat-elimizde-tauar-bagasyn-tomendetuge-katysty-usynys-aytty_a3999553
Тіл-ұлттың тұғыры
Тіл-ұлттың тұғыры" тақырыбында мемлекеттік тіл туралы өлеңге ән жазу бойынша облыстық онлайн байқауына Жарқайың ауданы атынан Сәт Жүрмағанбетов қатысты. Тіл тақырыбында жазылған сөзі мен әнінің авторлығы және өнерлігінің жоғары бағаланғаны үшін Ақмола облысының Ішкі саясат басқарма басшысының алғыс хаты мен жаңа домбыра сыйлығымен марапатталды.
Жарқайың ауданының "Ішкі саясат, мəдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі" ММ.
Ұлттық валюта күні ауданымызда тойланды
15 қараша Қазақстанның Ұлттық валютасы – төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Сондай-ақ, бұл күн республикада қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтеді. 1993 жылдың 12 қарашада «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енген болатын.
Ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен дау болды: "алтын", "ақша", "таньга" ("тенга") нұсқалары ұсынылды. Қазақстандық валютаны тіпті "сом" деп атау жоспарланған – кеңес рублі кеңестік банкноттарда қазақ тіліне аударылғанда осылай белгіленген.
Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін "теңге" атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың "денге" немесе "танга" деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін "тиын" деп атады.
Осылайша ауданымызда Ұлттық валюта күніне және Қазақстан Республикасы қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ағымдағы жылдың 15 қарашасында аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты іс-шара өткізумен тойланған еді.
Мерекелік іс-шараға қатысушыларына Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Шонов құттықтау сөз айтып, тілек білдірді. Сонымен қатар, Аудан әкімі Ж.Хамитовтың атынан бірқатар алғыс хаттарды табыс етті. Ал аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері арнайы дайындалған шағын концертін табыстады.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырыстары өтті
2022 жылдың 10 қарашасында Жарқайың аудандық мәслихатының бюджеттік саясат және ауданның экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібінде: Далабай және Тассуат ауылдарын дамыту мәселелері мен перспективалары туралы мәселелері қарастырылды.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысына Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары М.Ж.Жекебатырова, аудандық мәслихаттың депутаттары, комиссия мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шақырылғандар қатысты. Отырыс барысында ауыл әкімдеріне ауылдың даму мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, аулыдарда туындаған мәселелерді шешу жолдары және қысқа мерзімді жоспарлар тыңдалды. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар тиісті ұсыныстар мен қаулы қабылдады.
Ағымдағы жылдың 11 қарашасында аудандық мәслихаттың Депутаттық өкілеттік және этика, әлеуметтік сала және заңдылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мария Жүсіпқызы Жекебатырова, аудандық мәслихаттың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шақырылғандар қатысты.
Жарқайың ауданының тұрақты комиссия отырысының күн тәртібінде «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру туралы» мәселесі қаралды.
Отырысқа қатысушылар баяндаған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, сол мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері тиісті ұсынымдармен қаулы қабылдады.
Жарқайың аудандық мəслихатының баспасөз қызметі.