
zharkain
Нұрлан Әуесбаев Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде талаптарға сай - ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады.
Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай Н.Әуесбаевқа қатысты ҚР президентін кезектен тыс сайлауда кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ол тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, елімізде соңғы 65 жыл бойы тұрады.
Оның жоғары білімі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі 10 жыл 8 айды құрап отыр.
Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы сайлауда үміткер ретінде ұсынылған Н. Әуесбаевтың талаптарға сәйкес келетінін бекітті.
Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізген еді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент сайлауына үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді білуі бойынша емтихан тапсырды.
Сайлау: үш үміткердің құжаттары мемлекеттік органдарда тексеріліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан президенттігіне кандидат үш адамның құжаты тексеріліп жатыр. Бұл туралы елордада өткен брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде 7 адамның құжаты қабылданды. Оның төртеуі ҚР президентін кезектен тыс сайлауда кандидат ретінде талаптарға сай болып шықты. Ал үш адамның құжаттары тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген.
«Талаптарға сай келетін кандидаттардың арасында Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев бар. Ал үш үміткердің құжаттары мемлекеттік органдарда. Бұл тұрғыда Нұржан Әлтаевтің, Қарақат Әбденнің, Талғат Ерғалиевтің құжаттары қаралып жатыр», - деді Шавхат Өтемісов Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Нұрлан Әуесбаев Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде талаптарға сай болды.
7 қазан күні президенттікке ұсынылған Нұржан Әлтаевтың құжаттары тексеріліп жатқаны айтылды.
ОСК-ға тағы бір кандидаттың құжаттары түсті
АСЬАНА. ҚазАқпарат - Ортсайлаукомға Жұматай Әлиевтің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттары түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.
2022 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Жұматай Әлиевтің «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:
1. «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Ж. Әлиевтің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдарының көшірмелері.
ОСК: Қарақат Әбден мемлекеттік тілді жетік біледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында Қарақат Әбден мемлекеттік тілді білуі деңгейі бойынша емтихан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық сайлау комиссиясында ҚР президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнен мемлекеттік тілден имтихан алу үдерісі болды. Емтихан тапсыру барысында үміткер жазба тапсырмасында «Тіл - халықты алтын бесігі» тақырыбын таңдады. Екінші ауызша оқу тапсырмасында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан үзінді оқыды», - деді Лингвистикалық комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы.
Сонымен қатар үміткер көпшілік алдында сөйлеу тапсырмасында «Азат елдің еңсесі биік» тақырыбын таңдады.
«Комиссия мүшелерінің ортақ қорытындысына тоқталсақ, Қарақат Әбден мемлекеттік тілді жетік біледі және қойылған сұрақтардың бәріне өз деңгейінде жауап берді», - деді Д.Қамзабекұлы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР президентін кезектен тыс сайлауда үміткер Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырған.
Талғат Ерғалиев президенттікке үміткер ретінде құжаттарын тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясына Талғат Файзуллиұлы Ерғалиевтің Қазақстан Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттары келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін, 10 қазанда комиссияға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының биылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Талғат Файзуллиұлы Ерғалиев құжат тапсырды.
Оның кандидатурасын «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі ұсынған.
Тапсырылған құжаттар тізбесі:
1. Қазақстан құрылысшылар одағы жоғары органы отырысының президенттікке ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Талғат Ерғалиевтің кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі.
Елорда тұрғындары өздерінің сайлау учаскесін қалай таба алады?
Президенттің кезектен тыс сайлауы Қазақстанда 20 қарашада өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана тұрғындары қазірдің өзінде өздерінің сайлау учаскесі туралы мәліметтерді бірнеше тәсілмен онлайн ала алады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Астана қаласының әкімдігі өзінің сайлау учаскесі туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде келесі тәсілдермен алуға мүмкіндік береді:
1. Веб-қызмет: https://sailau.astana.kz/
2. Telegram-дағы чат-бот: https://t.me/@sailau_astana_bot
3. IKomek бірыңғай байланыс орталығы, 109 телефоны бойынша.
Азаматты дауыс берудің нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тұрғылықты жері бойынша, аталған сайлау учаскесінің аумағында тіркелу фактісі негіз болып табылатынын атап өту маңызды. Мекенжай мәліметтерін тіркеу, түзету және тексеру үшін egov.kz "электрондық үкімет"порталы "Азаматтық, көші-қон және иммиграция → Халықты тіркеу және тіркеу есебінен шығару" бөліміне немесе "Азаматтарға арналған үкімет " Мемлекеттік корпорациясына жүгіну қажет.
Қарақат Әбден президенттікке үміткер талаптарына сай келеді – ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің барлық талапқа сәйкестігі туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз ҚР Конституциясы мен ҚР сайлау туралы Заңының талаптарына сәйкес, Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын белгілейтін тиісті хаттамаға қол қою рәсімін жүргізіп жатырмыз. Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызы ҚР Конституциясымен және ҚР сайлау туралы Конституциялық заңымен қойылатын талаптарға сәйкес келетінін анықтады», - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров дауыс беру рәсімінен кейін комиссия отырысында.
7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын.
Қарақат Әбден – танымал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты. Төрт бала тәрбиелеп отыр.
8 қазанда Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырды.
Кеше 10 қазанда Қ. Әбден ҚР Орталық сайлау комиссиясында мемлекеттік тілді білуі деңгейі бойынша емтихан тапсырды.
Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген - ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент сайлауына үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді білуі бойынша емтихан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сілтеме жасап.
Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтады: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу, кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.
Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.
Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады.
Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.
Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізген еді.
https://www.inform.kz/kz/nurlan-auesbaev-memlekettik-tildi-erkin-mengergen-osk_a3988685
Президентікке кандидаттарды ұсыну ертең аяқталады
Президентікке кандидаттарды ұсыну ертең 18:00-де аяқталады, деп хабарлады BAQ.KZ.
Осы уақыт ішінде президент сайлауына үміткер ретінде кімдер ұсынылды?
Жигули Дайрабаев - «Ауыл» партиясы атынан;
Нұрлан Әуесбаев - Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан;
Мейрам Қажыкен - «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі атынан;
Қасым-Жомарт Тоқаев - Халықтық коалиция атынан;
Қарақат Әбден - «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер ұлттық альянсы» бірлестігі атынан.
ҚР Президенттігіне кандидаттардың әрқайсысы 118 000 қол жинауы керек. Үміткерлер үшін сайлау жарнасының мөлшері - 3 млн теңге.
https://baq.kz/prezidentikke-kandidattardy-usynu-erten-ayaqtalady-289132/
Нұрлан Әуесбаев: Сайлауалды бағдарламамыз дайындалып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев сайлауалды бағдарламасының таяу арада дайын болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең дамыған, мысалы Еуропаның Дания, Финляндия, Германия, Ұлыбритания, Франция, Нидерланд елдері социал-демократиялық идеологияның принциптерімен жұмыс істеп жатыр. Біз де сол бағытты ұстанамыз», - деді Нұрлан Әуесбаев бүгін Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін құжаттарын тапсырғаннан кейін.
Сонымен қатар ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында ЖСДП-ның 19-съезінде өзін партияластары 5 кандидаттың ішінен алдағы кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде таңдап алғанын айтты.
«Соған орай жұмысшы тобы құрылды. Сол топ біздің сайлауалды бағдарламамызды дайындап жатыр. Аяқталуға жақын. Дайын болғанда өздеріңізге таныстырамыз», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізген еді.
https://www.inform.kz/kz/nurlan-auesbaev-saylaualdy-bagdarlamamyz-dayyndalyp-zhatyr_a3987985