
zharkain
ОСК: Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күн тәртібіне Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде тіркеу мәселесі қойылды.
«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамасына сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдау үшін уәкілетті өкілдер Қазақстанның бүкіл өңірлері бойынша 399 809 азаматтың қолын жинады. Бүгінде оның 141 045-і тексерілді, тексерілгендердің 140 167-сі түпнұсқа деп танылды», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағына сәйкес барлық құжаттар заңда белгіленген мерзімде қабылданғанын айтты.
Осылайша ҚР Президенттігіне кандидатты тіркеуге қажетті барлық рәсімдер сақталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құжаттары президенттікке кандидат ретінде Орталық сайлау комиссиясына тапсырылған еді.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы Ортсайлауком отырысы өтті
2022 жылғы 12 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну кезеңі 2022 жылғы 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына ұсыну кезеңінің қорытындылары бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған 12 кандидаттың құжаттары тапсырылды.
1. Қажыкен Мейрам Зекешұлы
«Аманат» Қазақстан республикалық кәсіподақтар достастығы» ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 4 қазанында тапсырылды. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 8 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 2022 жылдың 8 қазанында ҚР ОСК Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтады.
2. Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы
«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 5 қазанында тапсырылды. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 8 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 2022 жылдың 9 қазанында ҚР ОСК Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтады.
3. Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 7 қазанында тапсырылды. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 10 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 2022 жылдың 10 қазанында ҚР ОСК Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтады.
4. Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлы
«AMANAT» партиясы, «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол» ҚДП, сондай-ақ бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынды.
ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 7 қазанында тапсырылды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергендігінін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне қолданылмайды. 2022 жылдың 8 қазанында ҚР ОСК Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтады.
5. Әлтаев Нұржан Бауыржанұлы
«МҰҚАЛМАС» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттар 2022 жылдың 7 қазанында тапсырылды. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 11 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
6. Әбден Қарақат Жақсылыққызы
«Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 8 қазанында тапсырылды. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 10 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 2022 жылдың 11 қазанда ҚР ОСК Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін белгіледі.
7. Ерғалиев Талғат Файзуллиұлы
«Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 10 қазанында тапсырылды.
8. Әлиев Жұматай
«Халық демографиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттар 2022 жылдың 10 қазанында тапсырылды.
9. Ғабжалилов Хайролла Мағауияұлы
Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 11 қазанында тапсырылды.
10. Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттар 2022 жылдың 11 қазанында тапсырылды.
11.Жаңабаев Бақыт Маратоұлы
«Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 11 қазанында тапсырылды.
12.Бизақова Фатима
«Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. ОСК-ға құжаттары 2022 жылдың 11 қазанында тапсырылды.
Отырыс қорытындылары бойынша Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.
ОСК президенттікке үміткер неше адамның құжаты кері қайтарылғанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ҚР Президенттігіне үміткер болуға ниет танытқан неше адамның құжаты кері қайтарылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық сайлау комиссиясына осы күнге дейін неше адамнан кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде ұсыныс түсті? Ол ұсыныстың нешеуінен бас тартылды?»,-деп сұрады БАҚ өкілі ОСК-ның кезекті брифингісінде.
ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, тек бір адамның құжаты ғана кері қайтарылған.
«Біз ұсыныс қабылдамаймыз, құжат қабылдаймыз. Құжат тапсырған 12 тұлға бар. Осы тұлғалардың бәрінің аты-жөнін жаңа ғана атап шықтым. Ал емтихан тапсырған 5 үміткер бар. Бүгін тағы 2 емтихан бар, түс қайта», - деген ОСК хатшысы.
Оралмандардың «Асар» бірлестігі Хайролла Ғабжалиловты президенттікке ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тағы бір үміткер Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11 қазанда Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов құжат тапсырды.
Оның кандидатурасын «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр.
Тапсырылған құжаттар тізбесі:
1. «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Хайролла Ғабжалиловтің президенттікке кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі.
Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну аяқталды. Үміткерлер тізімі
Қазақстанда 11 қазан күні сағат 18.00-де ел президенттігіне кандидаттарды ұсыну аяқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауға бес кандидатты тіркеді:
• Қасым-Жомарт Тоқаев, қазіргі мемлекет басшысы.
• Нұрлан Әуесбаев, оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) өкілі.
• Мейрам Қажыкен, Amanat республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынған.
• Жигули Дайрабаев – "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат.
• Қарақат Әбден – "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігінен.
Тағы жеті президенттікке кандидат ОСК-ға құжаттарын тапсырды. Олардың құжаттары әлі қаралып жатыр.
• Жұматай Әлиев, "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен.
• Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағынан.
• Нұржан Әлтаев, "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінен.
• Салтанат Тұрсынбекова, "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен.
• Хайрулла Ғабжалилов, "Асар" оралмандар қауымдастығы" ҚБ ұсынған.
• Бақыт Жаңабаев, "Қазақстан әуесқой футболшыларының" қоғамдық бірлестігінен.
• Фатима Бизақова, "Тәжірибелік психология" қоғамдық бірлестігінен.
Жалпы, мемлекет басшылығына 12 адамның кандидатурасы ұсынылды.
Үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде тағы бір кандидат құжат тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде тағы бір кандидат Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кандидатты «Қазақстан әуесқой футболшыларының» қоғамдық бірлестігі ұсынған. Ол - 46 жастағы Бақыт Маратұлы Жаңабаев.
«Осы заманда елімізге жаңа үрдіс келіп жатқан кезде тек үнсіз көрермен болмай, соған қатысуға бел будым. Атақ үшін түсіп жатқаным жоқ. Барлығымыз жұмылсақ, көтермейтін жүк жоқ деп ойлаймын», - деді Бақыт Жаңабаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Өзінің айтуынша, 2001 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді.
Қазіргі уақытта ҚР Қажы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері.
Президенттікке кандидат Нұржан Әлтаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген - ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында Нұржан Әлтаев мемлекеттік тілді білуі деңгейі бойынша емтихан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін президенттікке кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Нұржан Бауыржанұлы бірінші, жазба тапсырмады «Біртұтас Алаш идеясы» тақырыбын таңдады. Екінші ауызша, яғни оқу тапсырмасында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан үзіндіні таңдады. Ал үшінші жұрт алдында сөйлеуге «Бабалар аманаты» тақырыбын таңдады. Барлық тапсырмалар бойынша Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеді», - деді лингвистикалық комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы.
Еске сала кетейік, ҚР Президенттігіне үміткер Нұржан Әлтаев 7 қазанда Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырған болатын
Қазақстан президенттігіне кандидат Фатима Бизақованың құжаттары қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне үміткер Фатима Бизақованың құжаттары қабылданғанын растады. Кандидатты «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Фатима Бизақованың «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:
1. «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Ф.Бизакованың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі», - деп жазды ОСК.
Алматыда «Әділ сайлау үшін» қозғалысы жұмысын бастады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан заңгерлер одағы» Алматы филиалының төрағасы, «Әділ сайлау үшін» қалалық штабының басшысы Бауыржан Мақұлбаев Алматыда «Әділ сайлау үшін» қозғалысы құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, қозғалыстың басты міндеті – сайлау науқанының барысын құқықтық мониторингілеу және дауыс беруші азаматтарға сайлау заңнамасын қолдану тәртібін түсіндіру болып табылады.
«Қозғалыстың штабында еліміз бен шетелге танымал белгілі заңгерлер бар. Жалпы, «Әділ сайлау үшін» қозғалысы сайлау науқанының барысын бақылау аясында БАҚ-пен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған», - деді спикер.
Ол сондай-ақ сайлау науқаны 21 қазан, сағат 18:00-де басталып, 19 қараша, сағат 00:00-ге дейін 28 күнге созылатынын, 19 қараша - үнсіздік күні екенін еске салды.
«ҚР-дағы сайлау туралы» Заңға сәйкес сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау күні алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша түнгі сағат 00.00-де аяқталады. Сайлау қорытындылары сайлау өткеннен кейін жеті күн мерзімнен кешіктірілмей шығарылады» - деді Бауыржан Мақұлбаев.
Еске салайық, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.
Құқық қорғаушы Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды
Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оны "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған.
Салтанат Тұрсынбекова ұзақ жылдар бойы азаматтық құқықты, әсіресе әйелдер мен балалардың құқығын қорғап келеді. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу саласында белсенділік танытты.
Ол - Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар ол "Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі болды.
8 қазанда Қарақат Әбден президенттікке ұсыну үшін ОСК-ға құжаттарын тапсырды. 2-3 күн ішінде олардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Кәсіпқой әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсынан Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде қоғам қайраткері, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден ұсынылған еді.