г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

08.01.2022, 06:37

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

2022 жылғы 07 қаңтар

Құрметті отандастар!

Елімізде лаңкестікке қарсы операция жалғасуда. Полиция, ұлттық ұлан және армиямыздың күшімен Конституцияға сәйкес заңдылық пен тәртіп орнату мақсатында ауқымды әрі күрделі жұмыс атқарылып жатыр.

Кеше Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысындағы жағдай қалпына келтірілді. Енгізілген төтенше жағдай режимі өз нәтижесін берді. Бүкіл еліміз бойынша конституциялық заңдылық орнатылды.   

Бірақ террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда.

Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім.

Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп,  проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?

Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады.

Күштік құрылымдар бұл міндетті моральдық және техникалық тұрғыдан орындауға дайын.

Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады.

Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді.

ҰҚШҰ-ға төрағалық етіп отырған Арменияның Премьер-министріне, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан президенттеріне шынайы алғыс айтамын.

Ресей Президенті Владимир Путинге ерекше ризашылық білдіремін. Ол менің үндеуіме  жедел, ең бастысы, жолдастық ниетпен үн қатты.

Сонымен қатар Қытай Төрағасына, Өзбекстан, Түркия президенттеріне, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.

Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы  мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті.

Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес.  

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сөйлеген сөзімде заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екенін айттым.

Бұл тек Қазақстанға ғана емес, барлық өркениетті мемлекетке тән. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті.

Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді.

Сондай-ақ  жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді.

Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды.

Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды.  

Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді.

Осындай «белсенділердің» кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді.

Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді.

Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады.

Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз.

Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек.

Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін.

Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар.

Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп.

Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек.

Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады.

Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті.

Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс істеген.

Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатыр.

Енді жақсы жаңалықтар туралы.

Жағдайдың тұрақталғанына қарай еліміздің кейбір өңірлерінде интернет-байланысты белгілі бір уақыттарда қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім азаматтарымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететініне сенімдімін. 

Алайда, интернетке еркіндік берілгенімен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін.

Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз. 

Лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр. Содырлар әлі де қаруларын тастаған жоқ, қылмыстарын жалғастыруда немесе соған дайындық жүргізуде. Олармен соңына дейін күресу керек. Берілмегендерді жоямыз.

Болашақта басымыздан өткерген қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бұның әлеуметтік-экономикалық ауыртпалығы да бар.

Үкімет менің 11 қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек.

Ал әзірге айтарым, қадірлі отандастарым, мен сіздерді мақтан тұтамын.

Осы күндері сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған Қазақстан азаматтарына алғыс білдіремін.

Арандату мен деструктивті ұрандарға қарамастан заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар.

Ірі қалалардағы студенттерге, еңбек ұжымдарының мүшелеріне, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының жұмысшыларына азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын.

Наразылықтың бейбіт тәртібін сақтағаны үшін өңір тұрғындарына ризашылығымды білдіремін.

Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз. Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.

Сондықтан жағдай тұрақталған өңірлерде біртіндеп төтенше жағдай режимін аламыз.

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. 

Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын.

Баршаңызға зор денсаулық, құт-береке тілеймін.

Тек қана аманшылықта кездесе берейік!      

2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап төлемдердің көлемі арттыруы туралы

03.01.2022, 11:41

Қазақстан Республикасының  2021 жылғы 02 желтоқсандағы «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап:

зейнетақының ең төмен мөлшерi – 46 302 теңге;

мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 19 450 теңге;

-жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін айлық есептік

көрсеткіш (АЕК)– 3 063 теңге;

- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін күнкөріс

минимумының (КМ) шамасы – 36 018 теңге;

 -жалақының ең төмен мөлшерi – 60 000 теңге болып анықталған.

 

                                                                                     (теңге)

 

 2021 г. мөлшері

2022 г. мөлшері

зейнетақының ең төмен мөлшерi

43 272

46 302

мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері

18 524

19 450

айлық есептік көрсеткіш (АЕК)

2 917

3 063

күнкөріс минимумының шамасы(КМ)

34 302

36 018

жалақының ең төмен мөлшерi

42 500

60 000

 

         2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7% -ға арттырылады.

                2022 жылы жаңадан тағайындалған зейнетақылардың мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін  ең жоғары табыс 46 АЕК-тен аспауға тиіс(140 898теңге).

                Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері; мүгедектік бойынша және асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, 1-ші топтағы мүгедеккекүтімді жүзеге асыратын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы КМ мөлшерінің 5%-ға өсуіне байланысты 2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттырылады.

№1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшері, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін,оған күтім жасау бойынша мемлекеттік жәрдемақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, «Күміс алқа» немесе бұған дейін «Батыр ана» атағын алған және «1,2 дәрежеліАналық Даңқы» орденімен марапатталған, АЕК мөлшерінің 5%-ға өсуіне байланысты2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттырылады.

Барлық сұрақтар бойынша  әлеуметтік-еңбек саласындағы байланыс орталығына - 1414 «Азаматтарға арналған үкімет» қызметіне қоңырау шалуыңыз керек (тегін қоңырау).

«Азаматтарға арналған үкімет»МК»  КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалының әлеуметтік төлемдерді  мониторингілеу басқармасы.

Аудан маслихатының сессиясы

03.01.2022, 11:28

24 жетлоқсанда Cанитарлық шараларды сақтай отырып өткізілген 22-шы сессияға аудандық мәслихаттың 7 депутаты қатысты.

Сессияда "2022 – 2024 жылдарға арналған аудандық бюджет,  "аудандық мәслихаттың 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, "аппараттың құрылымы мен штатын бекіту туралы, аудандық мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге, оның аппаратын ұстауға 2022 жылға арналған шығыстар", "депутаттық өкілеттіктер және этика, Әлеуметтік сала және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі", "ауданның бюджеттік саясаты және экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі", "аудандық мәслихат хатшысының 2021 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша есебі",  "Жарқайың аудандық мәслихатының шешімін жою және "аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізілетін негізгі мәселе туралы" айтылды.

Жиын барысында қаржы және экономика бөлімінің басшысы Бақыт Ахметова, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Меруерт Мақанова, аудан маслихатының депутаты Александр Демьянов баяндама оқыды.

Сессия соңында "Жарқайың ауданының Державинск қаласының, ауылдық округтер мен ауылдардың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеттері туралы  айтылып, маслихат депутаттары жоғарыдағы сұрақтарға бір ауыздан дауыс берді.

"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы Т.Саухимов.

Міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары мен даму перспективалары

03.01.2022, 11:19

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік жүйесін құрды. Міндетті әлеуметтік сақтандырудың рөлі қандай?

Ел дамуының әрбір кезеңіндегі әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі оның экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерімен айқындалды. Мемлекет халықтың әлеуметтік қорғалуына адамның туғанынан бастап өмірінің барлық кезеңдерінде кепілдік береді. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев айқындаған Қазақстанның стратегиялық даму бағытының іс жүзіндегі іске асуына сәтті жүзеге асырылған реформаларсептігін тигізді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келетін, мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігін негізгі, міндетті және ерікті деңгейде бөлуді көздейтін көп деңгейлі моделін құрды.

Базалық деңгейде Қазақстан азаматтары еңбек етуіне қарамастан, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік көмек алады.

Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандарттарына көшу халықаралық тәжірибеге сәйкес 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік тәуекелдер туындағанда әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстары жұмыс берушілер, дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалар төлейтін әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптасады.

Ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің шегіндегі табысынан төлейді. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен төленеді.

Әлеуметтiк қауiптер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ)әлеуметтiк төлемді тек жұмыскер, ал қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерi ғана алушы болып табылады. Осылайша, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде еңбекке қабілетті халық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және МӘСҚ-нан қосымша әлеуметтік төлемдер алады.

2005 жылдан 2021 жылдың қазан айын қосқанда шамамен 6 млн. адам 1,8 трлн. теңге сомасында МӘСҚ-нан әлеуметтік төлем алды. Осы соманың 86,3% - жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге байланысты табысынан айырылған жағдайына, 6,6%- еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына, 4,3% - асыраушысынан айырылу жағдайына және 2,7% - жұмысынан айырылу жағдайына төленген әлеуметтік төлемдер.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген 16 жыл ішінде қандай өзгерістер болды?

2005 жылдан бастап МӘСҚ-нан үш әлеуметтік тәуекел: еңбекке қабылеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер жүргізілуде.

2008 жылдан бастап Мемлекет басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» халыққа Жолдауы аясында жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларға әлеуметтік төлемдер енгізілді.

Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуін арттыру және еңбек ынтасын арттыру мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жетілдірілуде. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы байланысты күшейтуді,сондай-ақ төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын әртүрлі коэффициенттердің ұлғаюын  көздейтін жаңа редакцияда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілді.

Нәтижесінде МӘСҚ-нан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері еңбекке қабылеттіліктен айырылу бойынша – 68%-ға, асыраушысынан айырылу бойынша – 43%-ға және жұмысынан айырылу бойынша – 88%-ға өсті.

Осылайша, жұмыс берушiлердiң ай сайынғы әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және толық төлеуi жұмыскерлерді әлеуметтiк тәуекелдер туындаған жағдайда барабар әлеуметтiк төлемдермен қамтамасыз етедi.

Айта кету керек, еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіргенге дейін немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жүзеге асырылады. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем – асырауындағы балалары кәмелет жасына толғанға дейін немесе олар күндізгі бөлімде оқитын болса 23 жасқа дейін төленеді.

Осы ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің инфляциялық процестерге байланысты құнсызданбауын қамтамасыз ету үшін олардың мөлшері МӘСҚ активтерінен жыл сайын ұлғайып отырады. 2022 жылдан бастап бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер 5 %  өседі.

Міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары мен перспективалары қандай?

Халыққа қолжетімді және ыңғайлы мемлекеттік қызметтерді көрсету әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдығы болып табылады. Егер бұрын әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде тиісті әлеуметтік көмек алу үшін тұрғындар әртүрлі анықтамалар жинауға мәжбүр болса, цифрлық технологиялардың дамуымен төлемдерді «бір терезе» қағидаты негізінде жүзеге асыруға болады, яғни бір мемлекеттік органға хабарласу арқылы Сіз басқа тиісті органға әлеуметтік төлем алуға өтініш бере аласыз.

Мысалы, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде мүгедектік дәрежесін белгілеу кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен МӘСҚ-нан төленетін еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге де өтініш беруге болады.

Сондай-ақ, егер адам жұмысынан айырылған болса, онда Жұмыспен қамту орталығына немесе «Электрондық еңбек биржасына» жүгінген кезде ол жұмыссыз ретінде тіркеле алады және осы жерде жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемді МӘСҚ-нан алу үшін құжаттарды ресімдей алады.

Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, 1 жасқа дейінгі баланы күту және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін үйден шықпай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы (egov.kz) арқылы өтініш бере аласыз.

Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі – «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, ол азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне тез және тиімді жауап беруді көздейді.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің дамуымен қазіргі уақытта МӘСҚ-нан әлеуметтік төлемдер тағайындау  қызметтері ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы SMS хабарламаны растау арқылы өтініш берушінің келісімін алуменпроактивті нысанда да көрсетіледі.

Ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік қауіп туындаған кезде азаматтар әлеуметтік көмекке жүгінбейді, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қажетті қызметтерді автоматты түрде көрсетеді. Осылайша, азаматтар әлеуметтік қолдауға құқықтарын дәлелдемейді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстанның жұмыспен қамтылған халқын қосымша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық қатынастардың ең маңызды және қажетті элементіне айналды.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтары адами капиталды дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру болып табылады.

Құрметті жарқайыңдықтар!

03.01.2022, 11:04

Сіздерді келе жатқан жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын! 

Өткен жыл  жасампаз еңбек, ынтымақтастық, болашаққа деген сенім, жас және тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолындағы бағындырған биік белестері  ретінде есте қалатындай айрықша жыл болды. 

Жаңа жыл – әр адамның жүрегіне мол үміт пен асқақ арман ұялатып, ғажайып  мақсаттарға қол создыратын, жемісті бастамалар мен жарқын келешекке жол ашатын, орны бөлек, ерекше мереке. 

Өтіп бара жатқан жыл ішінде өнімді еңбек, ынтымақ, өзімізге деген және келешекке деген сенім, жас әрі жасампаз мемлекетіміздің дамуы мен табысының негізгі жолы екендігіне көз жеткіздік. 

Жаңа – 2022 жыл барлық жарқайыңдықтар үшін экономиканы одан әрі  дамытып, нығайтуға мол мүмкіндік туғызатын кезең болатынына және ауданымыздың барша  тұрғындары үшін берекелі боларына сенемін.

Құрметті жерлестер!

Осынау мереке күні қарсаңында баршаңызға Жаңа жыл бақыт пен табыс, игілік әкеліп, армандарыңыз бен мақсаттарыңыздың биігінен көрінулеріңізге тілектеспін! Отбасыларыңызға береке-бірлік, татулық пен бақыт орнап, өмір сіздерге шаттық пен қуаныш әкелсін!

Жарқайың аудандық мәслихаттың хатшысы А.Әлжанов

Ресми бөлім

09.07.2024, 05:57 Халықтың кредиттелуін төмендету мақсатында ауданда қаржылық сауаттылығын арттыру Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде және «Целинное знамя» газетінде халықтың кредиттелуін…
22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…