г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5

«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

07.02.2022, 07:04


ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі күн бұрын XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге жұмыс сапарымен барып келді. Бұл – Мемлекет басшысының биылғы шетелге жасаған бірінші сапары. Осы жаһандық спорт додасы Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұның символдық мәні зор. Қытай халқы Барыс жылын үлкен қошеметпен қарсы алды.
Қазақстан Президентімен қатар Қытай астанасына 30-дан астам мемлекеттің басшылары мен үкімет жетекшілері, корольдер отбасыларының мүшелері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері келді.
Бейжіңдегі ауа-райын айтар болсақ, күн ашық, қар жоқ, бірақ қара суық. Төрт жылда бір келетін спорт додасына халықтың қызығушылығы өте жоғары болды. Мәселен, тіпті дүкендерде Бейжің Олимпиадасының таңбалары бейнеленген кәдесыйларға ұзын-сонар кезек болып жатты. Жергілікті халықтың көзінен еліне деген мақтаныш пен зор қуанышты байқалды.
Қазақстан көшбасшысы Қытай астанасына 3 ақпан күні ұшып келді. Мемлекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы, Қытайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай Төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан.

Президентінің жұмыс сапары ҚХР Төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегациялар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді.
Қабылдау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайға бет алып, Қазақстанға ұшып кетті. 5 сағаттық жолда Президент Бейжің сапарынан алған әсерімен бөлісті. Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге жасалған сапарына көңілі толатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгерген әлемдегі санаулы көшбасшылардың бірі екені жалпыға мәлім. Кезінде Президент осы елде оқып, жұмыс істеген. Қытайдың мыңжылдық бай тарихы мен мәдениетін зерттеген. Мемлекет басшысының CCTV телеарнасына 2019 жылы берген сұхбатынан кейін журналистке естелік жазба қалдырғаны Қытай халқының әлі күнге дейін есінде екеніне сенімдімін. Си Цзиньпин Бүкілқытайлық халық жиналысының зәулім ғимаратында өткен келіссөздердің басында Қасым-Жомарт Тоқаевты «қытай халқының досы» деп атады.

Президент бүгінде Қытайды дамудың барлық көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты түрде қосылды деп есептейді. Қытай экономикасының әлемде екінші орында тұрғаны ешкімге құпия емес, сарапшылардың болжамы бойынша 10 жылдан кейін бірінші орынға шығуға тиіс. Қытай сияқты елмен көрші болу мемлекетіміз үшін артықшылық деп ойлаймын. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік шекарасының ұзындығы -- 1782 шақырым. Бірқатар мемлекет Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялап жатқан кезде достас елді қолдамау және оның ашылу рәсіміне қатыспау дұрыс болмас еді. Президент оң шешім қабылдады.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионда өтті. Бейжің – қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген жалғыз қала. Дәл осы стадионда 2008 жылдың тамыз айында жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олимпиадашыларға қол бұлғап, қолдау көрсетті. Президенттің жеке фотографы түсірген суреттердің бірінен спортшыларымыз шыққан сәтте Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның делегациясы біздің Мемлекет басшысына ерекше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді.
Бұл басқа командалармен салыстырғанда біздің ұлттық құрамадағы спортшылардың әлдеқайда көп болуына байланысты болса керек. Біздің олимпиадашылар елімізге медальдермен оралады деп сенеміз.
Келесі күні, яғни 5 ақпанда Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Бұл - мемлекеттер басшыларының үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін олар 2019 жылы қыркүйекте Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен еді.
Сонымен бірге осы уақыт ішінде мемлекеттер басшылары заманауи байланыс құралдары арқылы тұрақты хабарласып отырды. Бұл өзара ықпалдастықты жалғастыруға және нығайтуға мүмкіндік берді.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат білдіре отырып, құрметпен қарсы алды. Бұны екі елдің көшбасшылары арасындағы келіссөздің мазмұнынан да, одан кейін бірге суретке түсіп, аудармашысыз сөйлесіп тұрғандарынан да байқауға болады.
Мемлекеттер басшылары екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын нәтижелі келіссөз жүргізді. Қытай Төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қытай басшысы осы жылдың қыркүйек айында қазақ халқының қонақжайлығына куә болады деген үміттемін.

Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясына орналасты. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын платформа салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда балық аулауға арналған террасса дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.
Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей Президенті Владимир Путин мен Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақ үйлерге орналастырылды. Әрине, бұл қытай тарапының Қазақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көзқарасын білдіреді.
Бүкіл әлемде өршіп тұрған коронавирустың жаңа Омикрон штамы жағдайында Қытай билігі бұрын-соңды болмаған шектеу шараларын енгізді. Бұл хаттамалық шараларға да өзінің әсерін тигізді. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәйкес Президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ Мемлекет басшысының Бейжіңге баруына 1,5 күн қалғанда жетті. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қызметкерлерімен, күзет қызметімен бірлесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлық көрсетілді.

Ақмола облысында карантиндік шектеулерді жеңілдету туралы айтылды

26.01.2022, 13:01

Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Ұйым қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс форматына көшті. Осыған қарамастан, бірқатар карантиндік жеңілдетулер бар. Олар туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қабылданған жеңілдіктерге сәйкес, карантин мерзімі және "Ashyq" мәртебесінің өзгеруі қайта қаралды.

"Жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. 7-ші тәулікте ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер ПТР-тест 7-ші тәулікке тапсырылмаса, онда карантин қосымша тест тапсырмай 10-шы күні аяқталады", - деді Айнагүл Мусина.

Сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушыларын оқытудың мынадай форматтары айқындалды.

"Мектепке дейінгі ұйымдарда – ата-аналардың өтініштері бойынша штаттық форматта. "Қызыл аймақ" жанындағы жалпы білім беретін мектептерде бастауыш 1-4 сыныптар 600 оқушыны қоса алғандағы мектеп сияқты штаттық режимде оқуын жалғастырады", - деп нақтылады бас санитарлық дәрігер.

Бұл ретте 600-ден астам оқушы толтырылатын мектептер мектептердің жобалық қуатының 50% - ынан аспайтын жүктемемен штаттық форматта жұмыс істейтін болады.

"Жоғары оқу орындары мен колледждерде ("қызыл аймақ") аралас форматта – практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, икемді кесте бойынша штаттық режимдегі өндірістік практика, онлайн дәрістер. Толық вакцинация курсын алған оқушыларды білім беру ұйымы әкімшілігінің қалауы бойынша штаттық форматта оқытуға рұқсат етіледі", - деп толықтырды өңірдің бас санитарлық дәрігері.

6000 шаршы метрге дейінгі сауда азық-түлік желілеріне шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

"Бүгінде жұқтырғандардың санын азайту үшін байланыстарды шектеу маңызды. Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алмаған адамдарға вакцинациялау қажет. Өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағылардың денсаулығы үшін жауапты болуыңызды сұраймын. Өзін - өзі емдеумен айналыспау және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну", - деп қорытындылады Айнагүл Мусина.

Ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырғандар жазадан босатылады – Бас прокуратура

26.01.2022, 12:58

Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді», - деді Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.

«Сонымен қатар азаматтардың назарына айта кететін жәйт, адам қарумен жүріп, құқық қорғау органдарына ұсталса, ондай жағдай өз еркімен қаруды тапсыру деп танылмайды. Ішкі істер органдарына заңсыз айналымнан атыс қаруларын алу бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру туралы тапсырма берілді», - деді Бас прокуратураның өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тәртіпсіздік кезінде қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды.

«Тәртіпсіздік барысында 7 аңшылар дүкеніне шабуыл жасалып, тоналды. Олардан 1 564 азаматтық қару ұрланды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Қаңтар оқиғаларынан кейін қанша адам қамаудан босатылғаны белгілі болды

26.01.2022, 12:56

Қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бас прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қаңтардағы оқиғаларда жасалған қылмыстардың мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Ел Президентінің ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті жұмыс жүргізілді. Бүгінгі күні соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қарады. Олардың жартысына жуығы ешқандай жаза қолданбай қаралды - 4 584 адамға сот ескерту жасады», - деді Е. Қилымжанов. Оның айтуынша, қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1 149 адам босатылды, 577-сі бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, 393-і әкімшілік іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды. «Осылайша, сотпен әкімшілік қаумауға алынған 3 314 адамның ішінен бүгінгі күні тек 63-і қамауда қалғанына ерекше назар аударамын. Бұл ретте прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтінішхаты соттарда қаралуда», - деді Елдос Қилымжанов. «Жалпы, биылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі соттың санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 адамға кепіл, 12-іне ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды. 13-і бойынша бұлтартпау шарасы туралы мәселе қаралуда», - деді Бас прокуратура өкілі.

Тергеуде құқық бұзу деректері бойынша 109 шағым түсті – Бас прокуратура

26.01.2022, 12:54

Тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректері бойынша 109 шағым түсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдында көрсетілгендей, прокуратура органдары қайғылы оқиғаларды тергеу кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінге, прокуратура органдарына тыйым салынған тергеу әдістеріне және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректері бойынша 109 шағым түсті. Билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 11 шағым бойынша прокурорлармен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, ал қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді», - деді Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде 21 қылмыстық іс өндірісте, олардың ішінен 20-сы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерімен және біреуі арнайы прокурорлармен тергелуде.

«43 арыз бойынша тексерулер жалғасуда, 22-сі өз дәлелін таппады. Естеріңізге сала кетейік, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне жедел шара қолдау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде арнайы мобильді топтар құрылған. Кезекші прокурорлардың барлық байланыс телефондары «prokuror.gov.kz» ресми сайтында орналастырылды», - деді Бас прокуратура өкілі.

Оның сөзіне қарағанда,прокуратура органдары халық арасында көз жұмғандардың қаза болу мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Әр жағдай бойынша өлімнің себептері толық зерделеніп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қаралды.

Ресми бөлім

09.07.2024, 05:57 Халықтың кредиттелуін төмендету мақсатында ауданда қаржылық сауаттылығын арттыру Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде және «Целинное знамя» газетінде халықтың кредиттелуін…
22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…