г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5
zharkain

zharkain

Понедельник, 07 февраля 2022 07:09

Кәсіпкерлерге босаңсуға болмайды

 ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елдегі эпидахуалдың тұрақтанауына кәсіпкерлердің де жауапты екенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Коронавирусқа қатысты жағдай әлі де тұрақталмай тұр. Індеттің таралу деңгейі әлі де жоғары. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймақта. Ауырудың ең жоғары деңгейі Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр. Сондықтан эидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің дамуына кедергі келтірмеу үшін карантиндік шектеулер қайта қаралып, азайтылды. Бірақ босаңсуға болмайды. «Атамекен» палатасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан жұмыс жүргізгені жөн», - деді Үкімет басышсы. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша кәсіпкерлердің өзі де жұмысына аса жауапкершілікпен қарауға тиіс. «Сауда немесе тамақтану орындарында, өндіріс алаңдарында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қатаң сақталуы керек. Мұны бизнестің өзі қадағалауы тиіс. Өйткені әлеуметтік жауапкершілік бірінші кезектің бизнестің өзі үшін қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. 

Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион  теңге бөлді. Осы уақыт ішінде  аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда.  Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйелер мен деректер базасының жұмысына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу тапсырылды.

– Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Электронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін  ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

– Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер  осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет белгілейтін бағаларды реттеу кезіндегі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударды.

– Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында  экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па  деген сауал туындайды. Мысалы, отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.

– Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, – деді Президент.

Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.

Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін  жемқорлық әбден жайлағанын  анықтады. Елімізде мұндай 49  бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.

– Жалпы әкімшілік тәсілдерден бас тартып, басқарудың заманауи технологияларына жан-жақты бет бұру қажет. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтің іс жүзінде сервистік және тұтынушыға қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құруы керек, – деді Президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

– Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс, – деді Марат Бәшімов.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.

Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейнебайланыс режимінде қатысты. Сондай-ақ жиынға Тұңғыш Президент – Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Отырысты партия Төрағасының бірінші орынбасары жүргізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төрағалығына сайлау туралы Съезд қаулысы қабылданды. Содан кейін Мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жаңа көшбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде партияны басқаруға ұсыныс жасағаны және қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білідіріп, «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін атап өтті.

Президент халқымызды дүрбелеңге салған қаңтардың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айта келе, лаңкестер мен қылмыскерлерге тойтарыс беріп, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалғанымызды мәлімдеді.   

– Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз. Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне назар аударды. 

– Азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл атқаруға тиіс. Соның ішінде біздің партиямыздың алатын орны ерекше. «Nur Otan» Қазақстанды нығайтуға бағытталған маңызды реформалардың бастауында болып, түрлі салада нақты жетістікке жетуімізге елеулі үлесін қосты, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасының жеке басына қатысты ел ішінде тарап жатқан түрлі жағымсыз әңгімелерге түсіндірме берді.  

– Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Ол Отанымыздың және әлем тарихында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына баға берген кезде тарихи деректерге шынайы түрде сүйенуі қажет.

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық және әлемдік жылнамада Қазақстан Республикасының негізін қалаушы деген атпен қалады. 90-шы жылдардың басында Қазақстанның демографиялық ерекшелігіне және шекарасының шегенделмеуіне байланысты белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар елімізді ыдырап кетеді деп болжам жасаған болатын. Осындай қилы заман, тарихи кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр міндет еді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының нарықтық экономиканы қалыптастыруға, жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға, Тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген проблеманы шешуге қосқан үлесін еске салды. Сондай-ақ мемлекеттік шекараны рәсімдеуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, еліміздің геосаяси тұғырын нығайтуға және астананы көшіру ісіне сіңірген зор еңбегін атап өтті.

– Ол Американың бес президентімен, кеңестік және ресейлік бес басшымен, Қытайдың бірқатар төрағаларымен және басқа да көптеген мемлекеттің басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ-ның төрт бас хатшысымен жұмыс істеді. Әлемдік қоғамдастықта оны жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп атайды. Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның барлық экономикалық көрсеткіш бойынша Орталық Азия кеңістігінде алдыңғы орынға шыққанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегін ұмытпайық. Түптеп келгенде, шынайы әрі әділ болған жөн. Өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлыңғыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент ел басқару ісінде жіберілетін кемшіліктер туралы айта келе, қателіктерге Американың да, Қытайдың да басшылары, тіпті Сингапурдың алғашқы Премьер-министрі  Ли Куан Ю да бой алдырды деген пікір білдірді.

– Бірақ Сингапурдың да, АҚШ-тың да, Қытайдың да халықтары және басқарушы топтары күрішті күрмектен ажырата біліп, өздерінің басшыларын кемшіліктерден жоғары қойды. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді деген сөз бұрыннан белгілі. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тиісті тарихи еңбегіне лайықты бағасын берейік. Ал кеткен қателіктер, еліміздің келешек басшыларына сабақ болсын. Мемлекетіміздің болашағы тұрғысынан алғанда бұның дұрыс болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде «қасіретті қаңтар» оқиғасының Тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауыр сынақ болғанын атап өтті. Президент қоғамның кемелдігі мен мемлекеттің күш-қуатын сынап көруге арналған емтиханды сәтті тапсырғанымызды айтты. Осы ретте Президент бұл оқиғалардың барлық себеп-салдарын терең талдап, тиісті сабақ алу қажет деп санайды.

– Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Президенттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқымды мәселені еске салды. Оның пікірінше, «Nur Otan» реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс.

– Бұл үшін «Nur Otan» өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы партия мүшелерін төмендегі басымдықтарға баса мән беруге шақырды.

Президент партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Президент «Nur Otan» партиясы негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруы керек екеніне назар аударды.

– Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент партияның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда, бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің қазіргі жоспарларын, олардың жеке құрамдарын қоса алғанда түбегейлі жаңартуға, басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен арадағы ынтымақтастықты жолға қоюға шақырды.

Президент Мәжілістегі партияның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру, партия құрамындағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының қызметіне арнайы тоқталды. Қорға ақшалай үлес қосқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар олигополияның бір бөлігі, тіпті соның дәл өзі болып табылатын бизнестегі кейбір белгілі тұлғалардың Президент бастамашы болған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайтындарын атап өтті.

– Бұны қалай түсінуге болады? Сараңдық па, нигилизм бе, салғырттық па әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, бұл сұрақтың жауабын алуға мемлекеттің құзыреті жетеді. Ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық үдерісін реттейтін арнаулы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын, – деді Мемлекет басшысы.


ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі күн бұрын XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге жұмыс сапарымен барып келді. Бұл – Мемлекет басшысының биылғы шетелге жасаған бірінші сапары. Осы жаһандық спорт додасы Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұның символдық мәні зор. Қытай халқы Барыс жылын үлкен қошеметпен қарсы алды.
Қазақстан Президентімен қатар Қытай астанасына 30-дан астам мемлекеттің басшылары мен үкімет жетекшілері, корольдер отбасыларының мүшелері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері келді.
Бейжіңдегі ауа-райын айтар болсақ, күн ашық, қар жоқ, бірақ қара суық. Төрт жылда бір келетін спорт додасына халықтың қызығушылығы өте жоғары болды. Мәселен, тіпті дүкендерде Бейжің Олимпиадасының таңбалары бейнеленген кәдесыйларға ұзын-сонар кезек болып жатты. Жергілікті халықтың көзінен еліне деген мақтаныш пен зор қуанышты байқалды.
Қазақстан көшбасшысы Қытай астанасына 3 ақпан күні ұшып келді. Мемлекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы, Қытайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай Төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан.

Президентінің жұмыс сапары ҚХР Төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегациялар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді.
Қабылдау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайға бет алып, Қазақстанға ұшып кетті. 5 сағаттық жолда Президент Бейжің сапарынан алған әсерімен бөлісті. Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге жасалған сапарына көңілі толатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгерген әлемдегі санаулы көшбасшылардың бірі екені жалпыға мәлім. Кезінде Президент осы елде оқып, жұмыс істеген. Қытайдың мыңжылдық бай тарихы мен мәдениетін зерттеген. Мемлекет басшысының CCTV телеарнасына 2019 жылы берген сұхбатынан кейін журналистке естелік жазба қалдырғаны Қытай халқының әлі күнге дейін есінде екеніне сенімдімін. Си Цзиньпин Бүкілқытайлық халық жиналысының зәулім ғимаратында өткен келіссөздердің басында Қасым-Жомарт Тоқаевты «қытай халқының досы» деп атады.

Президент бүгінде Қытайды дамудың барлық көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты түрде қосылды деп есептейді. Қытай экономикасының әлемде екінші орында тұрғаны ешкімге құпия емес, сарапшылардың болжамы бойынша 10 жылдан кейін бірінші орынға шығуға тиіс. Қытай сияқты елмен көрші болу мемлекетіміз үшін артықшылық деп ойлаймын. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік шекарасының ұзындығы -- 1782 шақырым. Бірқатар мемлекет Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялап жатқан кезде достас елді қолдамау және оның ашылу рәсіміне қатыспау дұрыс болмас еді. Президент оң шешім қабылдады.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионда өтті. Бейжің – қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген жалғыз қала. Дәл осы стадионда 2008 жылдың тамыз айында жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олимпиадашыларға қол бұлғап, қолдау көрсетті. Президенттің жеке фотографы түсірген суреттердің бірінен спортшыларымыз шыққан сәтте Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның делегациясы біздің Мемлекет басшысына ерекше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді.
Бұл басқа командалармен салыстырғанда біздің ұлттық құрамадағы спортшылардың әлдеқайда көп болуына байланысты болса керек. Біздің олимпиадашылар елімізге медальдермен оралады деп сенеміз.
Келесі күні, яғни 5 ақпанда Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Бұл - мемлекеттер басшыларының үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін олар 2019 жылы қыркүйекте Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен еді.
Сонымен бірге осы уақыт ішінде мемлекеттер басшылары заманауи байланыс құралдары арқылы тұрақты хабарласып отырды. Бұл өзара ықпалдастықты жалғастыруға және нығайтуға мүмкіндік берді.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат білдіре отырып, құрметпен қарсы алды. Бұны екі елдің көшбасшылары арасындағы келіссөздің мазмұнынан да, одан кейін бірге суретке түсіп, аудармашысыз сөйлесіп тұрғандарынан да байқауға болады.
Мемлекеттер басшылары екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын нәтижелі келіссөз жүргізді. Қытай Төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қытай басшысы осы жылдың қыркүйек айында қазақ халқының қонақжайлығына куә болады деген үміттемін.

Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясына орналасты. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын платформа салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда балық аулауға арналған террасса дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.
Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей Президенті Владимир Путин мен Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақ үйлерге орналастырылды. Әрине, бұл қытай тарапының Қазақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көзқарасын білдіреді.
Бүкіл әлемде өршіп тұрған коронавирустың жаңа Омикрон штамы жағдайында Қытай билігі бұрын-соңды болмаған шектеу шараларын енгізді. Бұл хаттамалық шараларға да өзінің әсерін тигізді. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәйкес Президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ Мемлекет басшысының Бейжіңге баруына 1,5 күн қалғанда жетті. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қызметкерлерімен, күзет қызметімен бірлесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлық көрсетілді.

Понедельник, 31 января 2022 08:55

Колонка Раушан Кажибаевой

Жарқайың ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, 19 қаңтарда коронавирустық инфекцияның 111 жағдайы тіркелді.  Жалпы, жыл басынан бері КОВИД -19 зертханалық  расталған 148 жағдай тіркелген.

Істердің ең көп саны қала тұрғындарына тиесілі-113 жағдай. Көпшілік арасында сырқаттанғандардың ішінен зейнеткерлер, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері, жұмыс істемейтін студенттер және 1 сырттан әкелінген жағдай ( Нұр-сұлтан қаласынан келді) анықталды.

Ауру ұйымдасқан ұжымдарда тіркеледі, мектеп оқытушылары арасында 7 жағдай тіркелген.

Сондай-ақ оқушылар мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің балалары арасында өсім байқалады. Естеріңізге сала кетейік, ауданда халықты коронавирустық инфекциядан вакцинациялау және ревакцинациялау бойынша белсенді науқан жүріп жатыр. Дәрігерлердің пікірінше, бұл инфекциядан қорғанудың жалғыз тиімді әдісі.

Среда, 26 января 2022 13:02

Азық-түлік бағасы бақылауда

Жарқайың ауданында азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мақсатында "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, Жарқайың ауданы әкімінің 04.11.2021 жылғы №79 өкіміне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жедел штаб құрылды. Осы өкімді орындау шеңберінде "ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі" мемлекеттік мекемесі апта сайын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларына мониторинг жүргізеді (19 атау), кейіннен Ақмола облысының кәсіпкерлік басқармасына ақпарат береді.

Ай сайынғы негізде жедел штаб азық-түлік дүкендері бойынша рейдтер жүргізеді. 2022 жылғы 06 қаңтарда жүргізілген рейд қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсу фактісі жоқ, тауарлар тапшылығы жоқ, қандай да бір азық-түлік өніміне дүрлікпе байқалмайды. Аудан әкімі мен бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында меморандумдар жасалды. Жанар-жағармай материалдары мен тұрмыстық газды өткізу бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан Республикасында АИ-92  бензиніне– литріне 182 теңге,  дизель отынына – литріне 260 теңге және газға (тұрмыстық) - 1 кг үшін 75 теңге шекті бағалар белгіленген.

Жарқайың ауданының аумағында жанар-жағармай мен газ (тұрмыстық) бағасының негізсіз өсуі байқалмайды.

ЖЖМ-ға ажиотаж сұраныс пен тапшылық жоқ.

Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Ұйым қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс форматына көшті. Осыған қарамастан, бірқатар карантиндік жеңілдетулер бар. Олар туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қабылданған жеңілдіктерге сәйкес, карантин мерзімі және "Ashyq" мәртебесінің өзгеруі қайта қаралды.

"Жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. 7-ші тәулікте ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер ПТР-тест 7-ші тәулікке тапсырылмаса, онда карантин қосымша тест тапсырмай 10-шы күні аяқталады", - деді Айнагүл Мусина.

Сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушыларын оқытудың мынадай форматтары айқындалды.

"Мектепке дейінгі ұйымдарда – ата-аналардың өтініштері бойынша штаттық форматта. "Қызыл аймақ" жанындағы жалпы білім беретін мектептерде бастауыш 1-4 сыныптар 600 оқушыны қоса алғандағы мектеп сияқты штаттық режимде оқуын жалғастырады", - деп нақтылады бас санитарлық дәрігер.

Бұл ретте 600-ден астам оқушы толтырылатын мектептер мектептердің жобалық қуатының 50% - ынан аспайтын жүктемемен штаттық форматта жұмыс істейтін болады.

"Жоғары оқу орындары мен колледждерде ("қызыл аймақ") аралас форматта – практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, икемді кесте бойынша штаттық режимдегі өндірістік практика, онлайн дәрістер. Толық вакцинация курсын алған оқушыларды білім беру ұйымы әкімшілігінің қалауы бойынша штаттық форматта оқытуға рұқсат етіледі", - деп толықтырды өңірдің бас санитарлық дәрігері.

6000 шаршы метрге дейінгі сауда азық-түлік желілеріне шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

"Бүгінде жұқтырғандардың санын азайту үшін байланыстарды шектеу маңызды. Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алмаған адамдарға вакцинациялау қажет. Өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағылардың денсаулығы үшін жауапты болуыңызды сұраймын. Өзін - өзі емдеумен айналыспау және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну", - деп қорытындылады Айнагүл Мусина.

Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді», - деді Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.

«Сонымен қатар азаматтардың назарына айта кететін жәйт, адам қарумен жүріп, құқық қорғау органдарына ұсталса, ондай жағдай өз еркімен қаруды тапсыру деп танылмайды. Ішкі істер органдарына заңсыз айналымнан атыс қаруларын алу бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру туралы тапсырма берілді», - деді Бас прокуратураның өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тәртіпсіздік кезінде қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды.

«Тәртіпсіздік барысында 7 аңшылар дүкеніне шабуыл жасалып, тоналды. Олардан 1 564 азаматтық қару ұрланды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бас прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қаңтардағы оқиғаларда жасалған қылмыстардың мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Ел Президентінің ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті жұмыс жүргізілді. Бүгінгі күні соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қарады. Олардың жартысына жуығы ешқандай жаза қолданбай қаралды - 4 584 адамға сот ескерту жасады», - деді Е. Қилымжанов. Оның айтуынша, қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1 149 адам босатылды, 577-сі бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, 393-і әкімшілік іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды. «Осылайша, сотпен әкімшілік қаумауға алынған 3 314 адамның ішінен бүгінгі күні тек 63-і қамауда қалғанына ерекше назар аударамын. Бұл ретте прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтінішхаты соттарда қаралуда», - деді Елдос Қилымжанов. «Жалпы, биылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі соттың санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 адамға кепіл, 12-іне ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды. 13-і бойынша бұлтартпау шарасы туралы мәселе қаралуда», - деді Бас прокуратура өкілі.

Страница 136 из 151

Ресми бөлім

09.07.2024, 05:57 Халықтың кредиттелуін төмендету мақсатында ауданда қаржылық сауаттылығын арттыру Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде және «Целинное знамя» газетінде халықтың кредиттелуін…
22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…