г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5

Конституцияға түзетулер күшіне енді: негізгі өзгерістер

14.06.2022, 11:13

5 маусымдағы референдумда ел азаматтарының қолдаған Қазақстан Конституциясына өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды АА "NewTimes.kz".

8 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң "Казахстанская правда"газетінде жарияланды.

Сайлау құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берді. Келу 68,05% құрады.

Оның ішінде азаматтардың 77,18% (6 163 516 адам) Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Түзетулерге қарсы — 18,66% (1 490 470 адам). Бюллетеньдердің 2,58% - ы жарамсыз деп танылды. Бюллетеньдердің 1,58% - ы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.

Негізгі өзгерістер:

Қазақстан супер-президенттік басқару формасынан күшті парламенті бар Президенттік формаға көшуде. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылатын болады. Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

Айта кету керек, референдум қабылдаған шешім міндетті күшке ие және актілермен қосымша растауды талап етпейді.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстановтың айтуынша, ішкі істер органдары референдум өткізу кезінде қоғамдық тәртіптің бұзылуын тіркеген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Сондай-ақ, ол 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Оны жүргізуге 16,4 млрд. теңге жұмсалды.

Референдум күні дауыс беруге құқығы бар әрбір қазақстандық тек бір ғана сұраққа жауап берді: "2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баяндалған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?”.

Жарқайың ауданының әкімі Ж.Хамитов референдумға дауыс берді

14.06.2022, 11:10

5 маусым күні таңғы сағат 7-ден бастап Жарқайың ауданының референдум учаскелері Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу үшін өз жұмыстарын бастады.

Өзінің №483 референдум учаскесінде аудан әкімі Жанболат Хамитов бірінші болып референдумға дауыс беруге қатысты.

Ең алғашқы дауыс берушілерге комиссия мүшелері сыйлықтар табыстады.

Ауданның әрбір тұрғыны жеке дауыс берді. Дауыс беру референдум учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жерін тіркеу бойынша әкімдіктер қалыптастырған республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері бойынша өткізілді. Оған белсенді сайлау құқығы бар: 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында тұрмайтын Қазақстан азаматтары енгізілді.

"Жарқайың тынысы" газетінің тілшісі.

Құрметті Жарқайың ауданының агроөнеркәсіптік кешенінің еңбеккерлері! Құрметті жерлестер!

14.06.2022, 11:03

Сіздерді егін өру науқанының сәтті аяқталуымен, – Сабантой тамаша мерекесімен құттықтаймын. Бұл мереке ұлттық мәдениеттердің өзіндік ерекшелігін, ортақ іске қызмет ететінін және еліміздің гүлденуі үшін сенімді негіз болып табылатынын дәлелдей отырып, өзара құрмет пен қуаныш сыйлайды.

Ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қолдаудың арқасында, біздің Жарқайың ауданымыздың жұмыс ұжымдары мен шаруашылықтарының еңбегін тиімді, үйлесімді ұйымдастырудың арқасында барлық жұмыстар оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізіліп ағымдағы жылы жоғары өнім алу үшін берік іргетас қаланды.

Сіздердің алға қойған міндеттерді табысты орындайсыздар деп сенемін. Атқарылған көктемгі егін егу жұмыстары үшін барлығына алғыс айтып, зор денсаулық тілеймін!

 Жарқайың аудандық мәслихаттың хатшысы А. Әлжанов.

Құрметті жарқайыңдықтар!

14.06.2022, 11:00

Біздің ауданда жылдың аса маңызды аграрлық саласының  науқаны – көктемгі егіс жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімде өтуде. Ауданда 636,6 мың гектар жаздық дақылдар егілді.

Құрметті диқандар, ауыл еңбеккерлері!

Сіздерді және сіздің еңбек ұжымдарыңызды ауыл шаруашылығы дақылдарын себуді табысты аяқтауымен құттықтаймын! Сіздердің еңбекті тиімді ұйымдастыруларыңыздың және еңбек ұжымдарыңыздың үйлесімді жұмысының арқасында ең жақсы агротехникалық мерзімде егіс жұмыстары жүргізілді.

Біздің алдымызда егістік алқаптарын күтіп-баптау мен өңдеу, өсімдік зиянкестерімен күресу, мал азығын дайындау жəне күзгі ораққа дайындық пен оны уақытында өткізу сияқты қауырт науқандық жауапты істер тұр.

Сіздер алда тұрған осы міндеттерді абыроймен орындайтындарыңызға сенімдімін. Мемлекет тарапынан əрдайым ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қолдау көрсетілуі бізді қанаттандыра түсері анық.

Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Əрқайсыңызға мықты денсаулық, отбастарыңыздың амандығын тілеймін. Еліміздің жарқын болашағы жолында жаңа биіктерден көріне беріңіздер!

Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуі

14.06.2022, 10:58

Құрметті отандастар!

Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз  дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді  азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын.

Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын.

Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып,  өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін.  

Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді.

Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.

Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық  мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл –  туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз.           

Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.

Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс.

Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет.

Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды.

Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын.

Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда.

Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек.    Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын.  

Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді.   Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. 

Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!

Ресми бөлім

09.07.2024, 05:57 Халықтың кредиттелуін төмендету мақсатында ауданда қаржылық сауаттылығын арттыру Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде және «Целинное знамя» газетінде халықтың кредиттелуін…
22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…