Ерте жастағы балалардың балабақшаға бейімделуі
Әлеуметтену, қоғамға бейімделу, кішкентай сәби бүлдіршіндер үшін бұл кезең қашан және неден басталады екен?
Әлбетте, сәбидің бірінші қоғамы – ол отбасы. Десек те, нағыз әлеуметтену бүлдіршін үшін балабақша есігін ашқаннан басталады. Өйткені, дәл осы жерде сәбидің мүлдем оған бейтаныс адамдармен қарым – қатынас жасау тәжірибесі басталады. Әдеттегідей, бөбекжайымыз биылғы жылы да, мектеп жасына жеткен түлектерін шығарып салып, кішкентай сәбилерге арналған ерте жас тобын ашып, жаңадан бүлдіршіндерді қабылдады. Әрине жаңа ортаға бейімделу кішкентай бүлдіршін үшін үлкен сынақ: үйренішті отбасы ортасынан балақай жаңа бейтаныс ортаға түседі. Мұндай өзгерістер баланың мінез – құлқына әсер етіп, ұйқысы, тәбеті бұзылып, іштей күйзеліске де ұшырауы мүмкін. Алайда балабақшаға бейімделу барысы әр балада әр қалай өтетінін білеміз. Сөйтіп, баланың балабақшаға бейімделуі - алғашқы қоғамға әлеуметтенуінің жеңіл өтуі, неге байланысты және ол қаншаға созылады - деген еріксіз сұрақ туындайды. Негізінде, тәжірибеге сүйенсек, жаңа ортаға екі жасқа дейінгі балалардың бейімделуі ауырлау болатыны анық, өйткені бала өз жас ерекшеліктеріне байланысты айналасындағы болып жатқан құбылыстарды әлі түсініп қабылдай алмайды.