Астана-арман қала
5 шілдеде Астана күніне орай "Астана-арман қала" жас таланттар байқау-фестивалі өтті.
Айта кетейік, "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңда Астана күнін тойлау мерзімі 6 шілдеде белгіленген. Астана күнінің ел азаматтары үшін қоғамдық-саяси маңызды саналатын мемлекеттік мәртебесі бар. Заң бойынша мереке күндерінде халыққа демалыс беріледі.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл күні қалаға астана мәртебесін беруге қатысты алғашқы құжат қабылданды. 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі "Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы" қаулы қабылдады. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға "Астана" деген жаңа атау берілді.
Астана күніне орай елорданың көрнекті ғимараттарының маңайы түрлене түседі. Бұл аумақтар мерекелік концерттер, көрмелер және басқа да бұқаралық іс-шаралар өтетін орынға айналады.
Біздің ауданымыз да мерекелеуден шет қалған жоқ. Державин қаласының орталық саябағында орналасқан сахынада "Астана-арман қала" жас таланттар байқау-фестиваліне қатысу үшін, ауа райының қызуына қарамастан, ауданымыздың түкпір-түкпірінен жас дарынды таланттар жиналған. Осылайша шараға қатысуға 20 бала ниет білдірді. Бұл ауқымды шараны Аудандық Мәдениет үйі ұйымдастырған еді. Фестиваль барысында қатысушылар өздерін ән айтудан ғана емес, сондай-ақ би билеу, шығармашылық оқу бойынша да көрсетті.
Қатысушылар үшін келесі жас санаты қарастырылған: 5-7 жас, 8-10 жас, 11-15 жас, 16-20 жас және 21-30 жас аралығы. Шараны өткізудің басты мақсаты жас таланттарды, жаңа тұлғаларды табу болатын.
Шарадан тыс қалалық «КaDance» би тобы да шет қалмай, қонақ ретінде өз өнерін көрсетті.
Бағалау барысы 3 кезеңнен тұрады:
1 кезең ол – Лауреат дипломымен (сатысыз) марапатталғандар, яғни, шығармашылығы кәсіби шығармашылыққа жақын қаысушылар. Бұл сатыда 5 қатысушы марапатталды.
2 кезең – Дипломат дипломымен марапатталғандар. Бұл сатыда да 5 қатысушы марапатталды.
3 кезең – Белсенді қатысушылар грамоталарымен марапатталғандар. Онда 10 қатысушы марапатталды.
Шараның соңында барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталып жақсы көңіл-күйде тарқады.
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.