Анашым менің ардағым
Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ екені әр қайсымызға бала кезімізден таныс ақиқат. Ананың алақаны біз үшін ең жылы ұя. Ананың жаны сондай нәп-нәзік, мейірімді жан ғой. Түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдаса уатып, әлпештеп, жырын айтып, тісі шыққанша тамағын аузына салып, киімін тазалап, дәмді ас ішкізіп мәпелейді, еркелетеді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, бағып-қағады. Осы нәзік жанды аналар, ақ жаулықты әжелер, көктемнің гүліндей құлпырған қыздарды құттықтап, жыл сайынғы дәстүрге айналған салтымыз бойынша біздің бөбекжайымызда 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнін мерекелік іс-шарамен атап өтті. Ертеңгіліктердің шымылдығын бөбекжайымыздың ең кішкентай бүлдіршіндері – «Күншуақ» ерте жас тобы ашып, өздерінің жастарына сай ән, би, ойындарын көрсетіп, тәтті қылықтарымен баурап, ата-аналардың көңілдерінен шықты. «Ақбота» кіші тобының тәрбиешілері аталған мерекелік іс – шараларына ертегі кейіпкерлерін енгізіп, балалардың көңілін көтерді. Балалалар «Көбелек» биі мен «Жүрекшелер» биін орындап, ана туралы ән айтып, өнерлерімен таңғалдырды. «Балапан» ортаңғы топ тәрбиешілері М.Т. Дабылова Ә.Ә. Нұрмағанбетова «Ана туралы» ән орындап мерекенің шырайын ашып, ертеңгіліктерді жалғастыра кетті. Аталған топтың кішкентай тәрбиеленушілері өнерлерімен бөлісіп, өз аналарын қуанышты көңіл – күйге бөледі. Ұл балалар қыз балаларға арнап әндерін айтып, гүл сыйлап мерекенің сәнін кіргізді. Балалармен ата-аналар ойындарға белсене қатысып, жақсы көңіл-күйде болғандары байқалды. Балалар «Әжем менің айдай», «Анажаным» әндерін орындап көрерменді толқытып, тебірентті. Қыз балалар мың бұралып замануи «Селфи» атты биін билесе, ұлдар «Шляпа» атты билерімен көзге түсіп, баршамызды тамсандырды. Іс–шара осылайша өзінің жалғасын тауып, мереке келісе қалды.
Осылайша, бөбекжайымыздың барлық топ тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, қонақтарды жылы шырайлы көктемнің алғашқы күндерінің бірі – 8 наурыз мерекесімен өздерінің пәк кіршіксіз көңілдерімен шын жүректен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.
МКҚК «Балдырған» бөбекжайы» музыка жетекшісі Искакова Г.Б.