Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде тест тапсыруы мүмкін
16 ақпанда "Тілдерді оқыту орталығы" КММ-де Қазтест бағдарламасын оқыту бойынша жиын өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары М.Жекебатырова, Тілдерді оқыту орталығының басшысы Н.Искакова, "Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы" қоғамдық бірлестігінің Жарқайың аудандық филиалының төрағасы О.Зейнолла, жекелеген бөлім басшылары мен мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер қатысты. Жиында Қазтест бағдарламасы кеңінен түсіндірілді. Себебі биыл облысымыздың 4 ауданында мемлекеттік қызметкерлер Қазтест жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтетін болады. Ол 5 деңгейлік тест тапсырмаларынан тұрады. Бұл деңгейлерден өту қызметкердің лауазымына байланысты болмақ. Әзірге ауданымыз бұл тізімге кірмесе де, алдағы жылдары енуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі азаматтар тілдерді оқыту орталығында Қазтест бағдарламасы негізінде құрылған тапсырмалдарды алып, дайындалғаны абзал. Жиын барысында мекеме мамандары жиналыс қатысушыларын орталықтың жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге жиналған қонақтар қарапайым деңгей бойынша тест тапсырмаларын орындап, диктант жазды. Бұдан аңғарғанымыздай "Мен қазақ тілін жетік білемін"- деген азаматтардың өзі кей сұрақтардан мүлт кетіп жатты. Яғни, әлі де болса мемлекеттік тілді жетік меңгеруіміз үшін терең білім алуымыз қажет. Ол үшін ауданымызда тілдерді оқыту орталығы тыңдаушыларға тегін сабақтар жүргізіп жүр. Өз тілімізден өзіміз қателессек, әрине бұл бізге үлкен сын екенін ескергеніміз жөн.
"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы Б.Айтпаева.