Қаламыздың бас шыршасы жағылды
22 желтоқсан күні ауданымыздың орталық алаңында қаламыздың бас шыршасын жағу рәсімі өткізілді. Оған аудан әкімі Жанболат Хамитов арнайы қатысты. Қазір түрлі ойыншықтар мен жарықтарға оранған жасыл шырша орталық алаңға көрік беріп тұр.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелермен дербес бөлімдердің басшылары және аудан тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Шырша жағу рәсімінде аудан әкімі Жанболат Хамитов жиналаған жұртшылықпен, бүлдіршіндерді жаңа жылмен құттықтады.
Шара барысында Жаңа жылдың айырылмас кейіпкерлеріне айналған Аяз ата мен Ақшақар да болды. Олар шыршаны жағып, көруші қауыммен шыршаны айнала би билеп, ән шырқады. Ал тұрғындар болса, сәулетті нысандардың жанында ертегі кейіпкерлерімен суретке түсті. Орталық алаңда бас шыршадан бөлек, мұздан жасалған 12 жыл иесі, сырғанақтар, темірден жасалған бұғы орнатылған. Алдағы уақытта мұның бәрі тұрғындардың игілігіне, отбасыларымен серуендеуіне қызмет ететін болады. Меркенің жақындауымен орталық алаң қайта тірілгендей. Себебі түрлі түсті жарықтармен безендірілген саябақ, жан-жануарлардың мүсіндері адамға керемет көңіл күй сыйлайды.
"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы Т.Саухимов