Тілдерді оқыту орталығы тыңдаушыларға сертификат табыстады
2023 оқу жылының қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификат табыстауға арналған іс – шараға Жарқайың ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Азамат Баймолдинов, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қымбат Белгібаева, Жарқайың аудандық қазақ тілі қоғамының төрағасы Оразхан Зейнолла, шақырылғандар мен тыңдаушылар қатысты.
Тәуелсіз еліміздің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті мен рухани құндылықтары болып табылады.
Қазақтың бас ақыны, хакім Абай атамыз: «Қазақтың өзгелерден сөзі ұзын» немесе «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас»-деп, өз тіліне таңырқап, тағзым еткені белгілі. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған қазақ тілі – қазақ халқының төл мәдениеті, мемлекеттік тілі.
Елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету жолында тіл мәдениетін одан әрі арттыруға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу мақсатында 2019 жылы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен бекітілген: «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудабарлық өңірлерде тілдерді дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда біздің ауданымызда да мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер мен ересек тұрғындардың тілдерді оқып – үйренулеріне мүмкіндіктері бар.
Шара барысында 2023 оқу жылында тіл үйренушілер арасында өткен аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары, ауданымызда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан белсенді үлестері үшін Жарқайың ауданы әкімі орынбасарының алғыс хаттарымен Одинцова Наталия, Алтынай Бейсембекова, Ляззат Паизова, Дуденко Марина марапатталды.
Орталық ашылғалы бері 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазтест оқу бағдарламасы арқылы мемлекеттік тілді оқыту курсын 378, бір жылдық ағылшын тілінің қарапайым курсын 118 тыңдаушы оқып, деңгейлік сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар ҚАЗТЕСТ бағдарламасын насихаттау мақсатында 2013 – 2023 жылдары 26 мекемеден 841 қызметкерлер қатысып, Орталық базасында тілдік білімдерін анықтады.
2023 оқу жылының қорытындысы бойынша Тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұргүл Искакова сөз сөйледі.
Жыл қорытындысы бойынша 44 тыңдаушыға сертификаттар табысталды. Оның 22-сі мемлекеттік тілде 3 жылдық курстан өткен және 22-сі ағылшын тілінде 1 жылдық курстан өткен.
"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы О.Зейнолла.