Қаламызда 3 шақырымнан астам жолға асфальт төселді
Қаламыздың инфрақұрылымы күннен күнге жақсарып жатыр. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Биылдың өзінде ауданымызда республикалық маңызы бар жолдар мен аудандық маңыздағы ауыл-аймақ және кентішілік жолдар жөнделіп, асфальт төселуде. Державин қаласы әкімінің міндетін атқарушы Досбол Сейітбектің айтуынша: бір ғана қаламызда ұзындығы 3 шақырым 140 метрді құрайтын жол учаскесі, яғни қала көшелері қайта жаңартылуда. Олардың қатарында халықтың титығына тиген Абай, А.Үкібай көшелері бар. Сонымен қатар, Смағұлов көшесімен «Жастар» шағын ауданын жалғайтын А.Үкібай көше желісіне адамдар жүретін тратуар салынып, әзірге бардюрлер орнатылып жатыр. Аталмыш жобаны қостанайлық «Реал Рич»ЖШС жеңіп алған. Кентішілік жолдармен жаяу жүргіншілер жолына облыстық бюджеттен 118 млн. теңге бөлінген. Жұмыстар мерзімінен қалғанымен, осы тамыз айының аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Алдағы жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, қаламыздың 8 көшесі қайта жөнделетін болады. Ол үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалыпты. Енді облыстың келісімі қалып отыр. Мұнымен қоса, қала көшелерін толығымен жарықтандыру сұрағы да алға қойылған. Жоба құны 386 млн. теңгені құрайды.
«Жарқайың тынысы» газетінің тілшісі О.Зейнолла.