80 пәтерлі үй: Құрылыс жұмыстарының барысы қалай?
2021 жылы Жастар шағын ауданында 80 пәтерлі үйдің құрылысы басталған болатын. Жоспарға сәйкес реконструкция жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Жобаны «Компания Арнайы Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы мойнына алған. Тұрғын-үй шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша келісімшарт құны 470 млн. 197 мың теңгені құрайды. Пәтер саны жоғарыда айтқандай 80. Оның ішінде: 1 бөлмелі – 30, 2 бөлмелі – 20 және 3 бөлмелі – 30. Үйдің жалпы ауданы 4911,6 шаршы метр. Пәтерлердің жалпы көлемі 3519,8 шаршы метр. 2021 жылы аудандық бюджеттен ашық конкурс өткізуге 100 мың теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде: «Компания Арнайы Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясымен 450 млн. теңгеге, «Көкшетау горсельпроект» ЖШС-мен 5 млн 601 мың теңгеге авторлық бақылау қызметтерін көрсетуге, «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС-мен 13 млн 773 мың теңгеге техникалық байқау жүргізу үшін келісімшарт жасалынды. Алғашқы кезеңде 112 млн-ға жуық қаржыға үйдің шатырын жабу, терезе блоктарын орнату, кіреберіс есіктерді орнату, қабырғаларды тазарту, сыртын жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы 200 млн. теңгеге үйдің сыртын жылыту, балкондарды күшейту, ішкі инженерлік жүйе, электромонтаждық жұмыстар, еденін құю, жалпықұрылыс жұмыстары іске асты. Биыл 157 млн. 600 мың теңгеге ішін жөндеу, бөлмеаралық есіктерді қою, электрплиталары мен сантехникалық заттарды сатып алу және орнату, жалпы құрылыс жұыстары жүзеге асырылақ. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта үй кезегінде тұрған жандар баспаналы болып, қуанышқа кеңелмек.
«Жарқайың тынысы» газетінің тілшісі О.Зейнолла.