"Ақмола жұлдыздары" облыстық көркемөнерпаздар байқауы
Аудандық мәдениет үйінде, тарихи тұлғаларымыз, әр қазақтың мақтанышы, Абылай ханның, Құрманғазы Сағырбайұлының және Ақан сері Қорамсаұлының мерейтойлары аясында "Ақмола жұлдыздары" атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы өтті.
Гала - концерт алдында, қаланың шағын алаңында қос батырымен Абылай ханның тақта отырған бейнесі инсталляцияланды. Одан бері қарай күй атасы Құрманғазының бейнесі сомдалып, аудан домбырашылары күй шертті. Ал, бұраңбел бойжеткендер мың бұрала биледі. Ақан сері ауылында киіз үй құрылып, заманауи ақындар Ақанның туындыларын орындап меймандарды тәнті етті.
Киіз үйден ақ жаулықты әже қонақтарды күтіп алып, шашу шашты. Қара шаңырақтың астында дастархан жайылып, меймандарға қымыз, ет, ыстық шәй ұсынылды. Сонымен қатар, далада ыстық бауырсақтан дәм татып, тоғызқұмалақ, асық атудан ауданның дүлділдерін тамашалады. Қонақтарда асық атып, мергендіктерін сынап көрді. Бұдан әрі ұлтымыз 7 қазынаға балайтын жүйрік ат пен құмай тазы, төбет көрсетілді. Көрушілер таңданысын жасыра алмады.
Мәдениет үйінің фоесінде сәндік-қолданбалы өнер көрмесі өтті. Мұнда аудан шеберлерінің суреттері мен түрлі бұйымдары, қолөнер туындылары қойылған. Оған ауданның әр жерінен он саусағынан бал тамған шеберлер қатысты.
"Ақмола жұлдыздары" көркемөнерпаздар гала-концертінде аудандық фольклорлық орындаушылар, вокалдық ансамбльдер, би ұжымдары өнер көрсетті.
Көркемөнерпаздар байқауының соңында Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мария Жекебатырова қатысушыларды Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитовтың атынан құттықтап, жыл сайын өткізілетін халық шығармашылығы байқаулары Жарқайың ауданының мәдени өмірінің алтын дәстүріне айналғанын атап өтті. Ол облыстық байқаудың қатысушыларына, қазылар алқасының мүшелеріне және біздің жұлдыздарды қолдаған барлық көрермендерге алғысын білдірді.
Концерт аяқталғаннан кейін облыстық қазылар алқасы қатысушыларға лауреат дипломдарын табыс етіп, барша атсалысқан азаматтарға ыстық лебіздерін айтты.
"Жарқайың тынысы" газетінің редакторы Б.Айтпаева.