Әріптер сырын ұғайық
Биылғы оқу жылында «Балдырған» бөбекжайымызда ата-аналардың сұранысымен мектепалды даярлық тобы ашылған еді. Білім беру үрдісіндегі жаңа бағдарламаға сай мектеп жасына дейінгі балаларға сапалы білім мен саналы тәрбиені қызықты да танымды ойындар ойнату арқылы жүзеге асырып келеміз. Бала тәрбиесі қашанда қиын, жауапты міндет. Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс, оқшау тұрған емес. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен бірге жүріп отырады. Сондықтан да біздің де бөбекжайымызда жаңа бағдарламаға сай оқу іс-әрекеттері ойын түрінде өтеді. Ал бүгінгідей динамика ғасырында оқу процесінде ойын алдыңғы орында тұрғандықтан, яғни ойын технологиясы арқылы баланың білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыра аламыз. Түрлі дидактикалық ойындар арқылы балалардың ақыл-ойын дамытып, сабаққа деген қызығушылықтарын арттырамыз. Бөбекжайымызда мектепалды даярлық тобы болғандықтан, сауат ашу негіздерінде дыбыстармен танысып, әріптер сырын ұғып келеміз. Осы мақсатта бөбекжайымыз арнайы тапсырыспен қазақ тіліндегі үлкен текше-әріптер жинағын алғызып, балаларға қуаныш сыйлады. Бұл түрлі-түсті текшелермен ойын арқылы дыбыстарды дұрыс айта білуге, әріптерді тани білуге үйрететін боламыз. Осы орайда біз бөбекжайымыздың меңгерушісі Г.С.Серікбаеваға шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді.
МКҚК «Балдырған» бөбекжайы» тәрбиешісі Ж. Балдаева.