«Тіл тағдыры – ел тағдыры»
«Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек,
қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де
сақталу қамын қатар ойлау керек»
А.Байтұрсынов.
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану- әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады.
Осылайша, Жарқайың ауданының орталық кітапхана ,имаратының қабрғаларында 2022 оқу жылының аяқталуы бойынша тыңдаушыларға сертификат табыстауға арналған іс – шара өтті.
Іс-шараға Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мария Жекебатырова, Жарқайың ауданының Тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұргүл Искакова, Жарқайың ауданының Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің тілдер жөніндегі бас маманы Назира Шпанова, Жарқайың аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Оразхан Зейнолла қатысып шара барысында тыңдаушыларға құттықтау сөздер мен насихат сөздерін айтып өтті.
Шараның өту барысында қатысушылар қазақ тілі туралы майын тамыза сөйледі. Пай шіркін, қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады.
Ауданымыздағы Тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары мемлекеттік тілді және ағылшын тілін үйренуге кезінде ниет білдіріп, енді міне мемлекеттік емтиханды тапсырып болған соң, түрлі деңгейлік сертификаттарын алып, бір бірін қазақ және ағылшын тілдерінде құттықтап жатыр. Бұл таңдаушылардың қазақ тілі мен ағылшын тілін үйрену курстарында алған сапалы білімдерінің көрсеткіштері деп білеміз.
Көп тілді білу – заман талабы. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», – деп А.П. Чехов бекер айтпаса керек. Тіл білген адам қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзін жадымыздан шығармайық, ағайын !
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы Б.Айтпаева.