Ұлттық теңгенің пайда болуы
Бүгін Қазақстанның Ұлттық валютасы – төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Сондай-ақ, 15 қараша республикада қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтіледі. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.
Ұлттық валютамыз қалай "теңге" аталды? Ұлттық валюта атауын таңдау көптеген қайшылықтар тудырды: "алтын", "ақша", "тәнга" нұсқалары болды. Бастапқыда қазақстандық валютаны "сом" деп атау жоспарланған. Өйткені, кеңестік рубль банкноттарының қазақша аудармасында солай көрсетілген еді.
Алайда, 1993 жылы қырғыз сомы енгізілгеннен кейін, Қазақстанда басқа атауға ие болды – "теңге". Бұл ортағасырлық түріктердің "денге" немесе "тәнга" күміс монеталарының тарихи атауы. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Оның жүз еселенген бөлшегі "тиын" деп аталды.
Ұлттық валюта - бұл елдің заңмен белгіленген ақша бірлігі. Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңге елдің қаржылық Тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Теңгенің тарихы ең алғаш қазақ даласында күміс монета XV- ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын.
Тәуелсіздік ел тарихымызда мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында теңгенің орыны ерек болды. 30 жылдық ғұмырында теңге тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.
Жарқайың ауданының Тілдерді оқыту орталығының әдіскері М. Қалқаева.