г. Державинск
ул. М. Габдуллина, 101/5

Алтын құрсақты Рахима Сұлтанова 85 жасқа толды

Рахима Сұлтанова ауданымызда Рая есімімен танылған апамыз, көп балалы, алтын құрсақты анамыз 85 жасқа толып отыр. 50 жасында шіттей 10 баламен жесір қалып, жолдасынан жеткен аманатты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қоғамда өз орнын табатындай өсіріп, ер жеткізді. Олар: Пәриза, Мәрзия, Мапруза, Гульнара, Сауле, Жанна, Бибігүл, Алмагүл апаларымызбен Сағынтай және Серік ағаларымыз.

Рахима апа  1939 жылы 9 ақпанда Далабай (Братолюбовка) ауылында дүниеге келген. Есін білгеннен Есіл қаласында тұрып, бой жетті. Сол жерден өніп-өсіп, Қадеш ағамызды кездестіріп, бір сыныпта оқып, отбасын құрған. 11 құрсақ көтерген. Алланың жазуымен 1 баласы жастайынан шетінеген. Бүгінде 8 қыз 2 ұлы өз алдына үбірлі-шүбірлі болып отыр. 10 баладан 25 немере 19 шөбересі бар. Мерейтой қарсаңында ақ жаулықты, алтын құрсақты анамыздан сұхбат алуды жөн көрдік.

  • Сәлеметсізбе! Әуелгі сұрақты бала кезіңізден бастасақ. Себебі адамның буыны қатайып, келешекте парасатты болуының бастауы осы балалық шағынан болса керек.
  • Сәлеметсің бе? Мен негізі осы Далабай ауылының тумасымын. 3 жасымызда әкемнің жұмысымен Есіл ауданы Красивый ауылына көштік. Әкем Қажыкен - қазақ, анам Тұрлыбекова Бәтима(Татьяна) -орыс. Әкесі Рекин Максим Егорович деген кісі. Рекин Егор әйелі екеуі 4 баласымен Қорғалжыннан өтіп бара жатқанда атын тұсаулап жібереді. Тойған жылқы су ішемін деп өзенге кетіп өлет. Арбада қайық қана болат. Сол уақытта жақын маңдағы ауылдың болысы бұл кісілерді ауылға апарып, қой сойып, тамақтандырып, саманнан үй салып берген. Ашаршылық уақытта нағашы атам білдей ауылды балықпен асырапты. Негізі анам 16 құрсақ көтерген. Өкінішке қарай, ол уақытта медицина қатты дамымаған кез. Соның 11-і шетінеп кетті. 5 бала аман-есен қалдық. Содан Есіл қаласындағы №83-ші мектепте оқыдым. 7,5 сыныпты ғана аяқтадым. Оған себеп, мінезімнің өткірлігі болды. Ол уақытта бойым ұзын, тік мінезді жалғыз қазақ қызы болатынмын. Сыныптастарымнан екі жасқа үлкен едім. 7-ші сыныпта бақылау жұмысты орындап отырғанда алдымдағы бала менен бақылау жұмысты көшіретін болған соң алға қарауын өтінген болатынмын. Артынша бетіме қолындағы сиясын шашып жіберді. Үсті-басым бүлініп, сия-сия болдым. Ашуға булығып, қолымдағы сызғышпен ұрып қалып едім, жанағы баланың басы жарылып қалды. Кейін мұғалім келіп, түсініспей қалдық. Сөйтіп үйге келіп әкеме: «енді мектепке бармаймын, сабақ оқымаймын» -деп мектептен 7 –ші сыныпта шығып кеттім. Мектеп директоры шақырып мән-жайды анықтады. Мұғалім енді маған дұрыс көзбен қарамасын біліп, оқуды тастадым. Мектептен кеткен соң үйден едәуір қашық жерде (Быткомбинат) тігін цехы бар тұғын. Сонда тігінші болып жұмыс істедім. Тігін машинасы жетпеген соң үйдегі анамның аяқ машинасын иығыма салып алып, жұмысқа апарып сонымен тігетінмін. Бір күні 5 ай өткен соң анам  машинаны үйге әкел, үйгеде керек деген соң тігін цехынан шықтым. Ол кезде маған 18 жасыма 2 ай жетпей тұрған кез еді. Кейін көрші құрбым Таися Савина ұсыныс  тастады. Бастығы қазақ көрінет. Әкеме айттым барып сөйлес деп. Артынша әкем сөйлесіп, 1 ай тәжірибеден өтіп, емтихан тапсырып, теміржолға таразыға жұмысқа орналастым. 1960 жылы атамның жұмыстарымен Державинге көшіп келдік. Ол кісі малсою цехының директоры болды. 
  • Державиндегі өміріңіз қандай өзгерістер әкелді. Сіңісіп кете алдыңыз ба?
  • Мында көшіп келгенде темір жолда жұмысымды жалғастырдым. Балаларымның арасы жақын болды. Сол кезде орыстың келіншектері бала туа берсін деген соң намыстанып, жұмысқа шықпай қойдым. Дегенмен қайтадан жұмысқа шығып, зейнетке дейін теміржолда істедім. Бұл жаққа келгенде екі қызымыз болды Пәриза мен Мәрзия. Жолдасым әр балаға қатты қуанатын. Сағынтайды босанғанда төбесі көкке жетті. 50 жасымда зейнетке ерте шықтым. Күйеуім ауруханаға көп қаралмайтын. 1989 жылы 50 жас 6 айында асқазан жарасынан қайтып кетті. 10 баламен қалдым. Алайда қатты қиналған жоқпын. Балаларымның алды артындағы сіңілілері мен інілеріне қамқор болды. Зейнетке шықсам да орталық базарда жұмыс жасадым. Сатушылардың берген жемістерін үйге әкеліп түрлі тосап дайындайтынмын. Тәуелсіздік жылдары жерді жекешелендіру басталғанда үлкен ұлыма жер алуды ұсындым. Өйткені, қыздар өсіп келе жатыр, алды тұрмыста, әкелерің қайтқан соң үйдің ер азаматы сендерсіндер деп, әкімдікке кіріп жер алып, қарызданып-қауғаланып бидай алып, егін ектік. Мафрузаның күйеуі Камаз берді. Солай шаруашылық дөңгеленіп кетті. Кіші ұлым Серік Көкшетауда пракурордың көмекшісі болды. 4 жыл бұрын еңбек демалысына шықты. Сосын жаныма алдырып алдым. Қазір Далабай ауылында әкім қызметінде.
  • Жас отбасыларға қандай кеңес айтасыз? Балаларын қалай тәрбиелеу керек?
  • Әр заманның өзіне сай өмір сүру керек. Біздің уақытта көп бала таптық. Ол уақытта үлкендерінің киімін қалғандары жуып киіп жүре беретін. Қазір бұл жағы қиын, бәсеке, әрқайсысы жаңадан алуы керек. 5 бала табатын келіншектерде азайды. Бізде қыз бала көп болғансоң барлығына қатаң болдым. Мектепке барып, сабақтарын қадағалап жүрдім. Түрлі байқауларға киім пішіп берем болмаса, мәдениет үйінен киім әкеліп беретінмін. Би кештеріне жібермейтінмін. Барғанын көрсем шыбықпен сабайтынмын. Солай ешқайсысы бізді жерге қаратқан емес. Әр қайсысымен мақтана аламын. Өздері «Стенгазет» шығарып жүрді. Жақсы оқитындары ұшақпен, орташасы тікұшақпен нашарлары тасбақамен жүретін. Қазіргі заманда ұлтымыздың құндылықтарын үйрету керек. Себебі балалардың барлығы телефонның ішіндегі өмірді сүруде. Тіліміз ұмытылып бара жатыр.
  • Арманыңыз бар ма? Жас аналарға, халқымызға тілегіңіз қандай?
  • Арманым сол: еліміз тыныш болса, ұрпағымыз енді қолдары ауызына жеткенде соғыс көрмей, бақытты ғұмыр кешсе екен. Басқа арманым жоқ. Халықымызға ауызбіршілік, ынтымақ, татулық тілеймін.
  • Рахима апа, сүбелі сұхбатыңызға рахмет. Алланың берген ғұмырын жасай беріңіз. Мерейтойыңыз тағыда құтты болсын дегіміз келеді.

Құрметті оқырман, Рахима апа халқымызға белгілі «Дударай» әнінің басты кейіпкері Мария Жагорқызының (Егор) тікелей жиен ұрпағы болып келеді. Нағашы атасы: Максим, Павел, Федор, Алексей және Мариям бірге туады. Бұл жайлы газетіміздің келесі санында Рахима апаның айтқан сөзінен баяндайтын боламыз.

Сұхбаттасқан: «Жарқайың тынысы» газетінің редакторы О.Зейнолла.

Ресми бөлім

22.12.2023, 09:09 Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру Халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік…
17.11.2023, 04:39 Сотты құрметтемеу. Бұл нені білдіреді және ол қандай жазаны білдіред? Әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық, қылмыстық істер туралы істерді сот талқылауыбарысында…
17.11.2023, 04:14 «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Көрсетілетін қызметті беруші: «Жарқайың ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар…
23.10.2023, 11:40 Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу бойынша жауапкершілік Қазіргі қоғамда «мүгедектік» мағынасы адам үшін қоғаммен «әлеуметтік иеліктен шығарылған»…
13.02.2023, 04:08 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді қызмет байқалды.…
27.01.2023, 10:27 Темір жолдардағы үй малы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Акционерлік қоғамының филиалы «Қостанай магистральдық…