Ауылым-алтын бесігім
Ауылым алтын бесік, қара орманым,
Куәсі бал дәуреннің , ақ арманның.
Ауылым- иран бағым, жер жәннәтім,
Перзенттік парызым деп ән арнадым, -деп ақын жырлағандай, әрбір қазақ баласының жүрегінде жатталған қасиетті бойтұмардай ұғым бар. Ол – ауыл.
Ауыл десе, қазақ деген сөз қатар ойға оралатыны әркімге аян. Ия, ауыл әрбір қазаққа етене жақын. Мейлі ол қалалық болсын, тағдыр жазуымен басқа өлкеде жүрсін, әйтеуір ауылға деген бір ыстық сезім қазақ баласының бойынан табылары анық.
6 қазан күні мектебімізде даярлық сыныбының мұғалімі Нағызқанова Қымбат Мұратқызы мектебіміздің кішкентай бүлдіршіндеріне арнап, «Ауылым-алтын бесігім» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Мақсаты-жас ұрпақты кіндік қаны тамған туған жерінің тарихы туралы тереңірек білуге, ауылымыздың танымал тұлғаларын зерттеп, зерделеуге шақыру. Көрмеде Далабай ауылының өткен тарихы, ауылымыздағы тарихи жерлер, мәдени ескерткіштер туралы мәліметтер берілді. Сондай-ақ, ақын Қарсақ Қопабайұлының өмір жолымен, өлеңдерімен, артында қалған мол мұраларымен таныс болды. Сонымен қатар, ауылдың құрметті ақсақалы Саматанов Баянды атамыздың «Жарқайыңмен таныс бол» атты кітабы көрмеге қойылып, оқушылар туған өлкеміздің тарихынан мол мағлұмат алды.
Біз үшін туған ауылымыздың тарихын білу қымбат қазына. Өзінің туған жерін шын жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ ұлттық болмысын сақтай алатын ұлтжанды азамат болып өсері хақ.
Далабай ауылының негізгі орта мектебінің даярлық тобының мұғалімі, Қымбат Муратовна Нагызканова.