Рухани келісім күні
18-қазан күні Аудан мәдениет үйінде Рухани келісім күні атап өтілді. Оған аудан әкімінің орынбасары М.Жекебатырова, ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұ.Ахметова, Державин қаласының әкімі З.Смағұлов, аудандық мешіттің бас имамы А.Оспан, ауданымыздағы түрлі діни конфессиялардың өкілдері мен мешіт жамағаты, ардақты ақсақалдар қатысты. Рухани келісім күні қарсаңында орталық саябаққа шие көшеттері отырғызылды. Мұнда баршасы игі шараға атсалысып, қасиетті бастаманы қолдады. Кейін, жиын аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Қатысушылар дөңгелек үстел басында басқосып, жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Аудан әкімінің орынбасары М.Жекебатырова жиын қатысушыларын мерейлік күнімен аудан әкімінің атынан құттықтап, ауданымызда рухани келісімді нығайтуға атсалысып жүрген азаматтарды марапаттады. Сонымен қатар, Аудандық мешіттің бас имамы А.Оспан асыл дініміздегі рухани келісімнің маңыздылығына тоқталып, ислам әруақытта да татулыққа үндейтінін жеткізді. Қатысушылардың баршасы ақжарма тілектерін айтып, алдағы уақытта қазақ еліне бейбітшілікпен ұйымшылдық тіледі. Дөңгелек үстелде аудан өнерпаздары күй шертіп, жиылған жұртты терең ойға батырды.
«Жарқайың тынысы» газетінің тілшісі О.Зейнолла.