Тіл –Тәуелсіздік тірегі
"Қазақтілі - ғажап тіл… Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді."- деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін негізге ала отырып, өсіп келе жатқан ұрпағымызғатіл тазалығын сақтауды, мәдениетті сөйлеуді, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді үйретіп, тәрбиелеуіміз қажет.
Тіл - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр қазақ азаматы ана тілін қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына, жойылуына қарсы тұруы тиіс.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні. Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.
Осы орайда, қазақтың біртуар, ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлең жолдарын келтіру орынды деп санаймын:
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ келдағы от ал менен.– осы өлеңде елдің ертеңі, ұлылық пен ұлттықтың жалғасы айқын көрініс тапқандығы анық.
Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі, мемлекеттік тілі. Тарихымызға көз жүгіртсек, осы күнге дейін тіліміздің басынан кешіргені аз емес-ау! Сонау 1731 жылы басталған Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты, оның ішінде экономикалық, саяси, демографиялық, мәдени және ең бастысы тілімізге тигізген зардаптарын айтпасқа болмас.Осы тіліміздің жойылмай, болашақ ұрпаққа жеткізуді армандаған қазақ елінің іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың,Алаш қайраткерлерінің, ел мен ұлттың тәуелсіздік құқығын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың еңбектерін, айтпай кету орынсыз болар.
Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келіп, көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманат еткен қазақтың тілі – мәңгі тіл болмақ!
Сөз соңында,XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген нақыл сөзімен аяқтағым келеді.