Жүрек орталығында 100 трансплантация сәтті өткізілді
Жыл басы Жүрек Орталығында маңызды оқиғамен белгілі болды. 2022 жылдың 13 қаңтарында біздің екі науқастың өміріне мүмкіндік беретін жүрек және өкпе трансплантациясы жасалды. Айта кетейік, бұл Жүрек Орталығының қабырғасында жүргізілген 85-ші жүрек трансплантациясы және 15-ші өкпе трансплантациясы.
Геморрагиялық инсульт алған, яғни миға қан құйылып, кейіннен мидың өліміне әкеліп соқтырған, елорданың 35 жастағы тұрғыны органдардың доноры болды. Донордың туыстарының келісімімен жедел трансплантацияны қажет ететін пациенттерге органдарды трансплантациялау жүргізілді.
«Бүгін донордың туыстары мен трансплант-команданың үйлесімді жұмысының арқасында біз екі пациенттің өмірін ұзартуға мүмкіндік алдық. Әр түрлі себептерге байланысты, соңғы жылдары Қазақстанда орган трансплантациясы саны сыни деңгейге дейін төмендеді, сондықтан трансплантацияны жүргізудің әрбір мүмкіндігі – бұл бірінші кезекте жаңа органға өмірлік мұқтаж пациенттер үшін үміт. №1 Көпбейінді қалалық аурухананың командасына жедел ақпарат бергені және донор органдарының өміршеңдігін қолдаудағы кәсіби жұмысы үшін жеке алғысымызды білдіреміз», – дейді Жүрек Орталығының Кардиохирургия клиникалық-академиялық департаментінің директоры Тимур Лесбеков.
Донорлық органдар екі қазақстандыққа трансплантацияланды. Донордың жүрегі ауыр қайтымсыз жүрек ауруы бар 46 жастағы науқасқа трансплантацияланды: 2018 жылдан бастап жүректің орнына жасанды қарынша жұмыс істеді, өйткені өз жүрегі өзінің негізгі функциясын – бүкіл денені қанмен қамтамасыз етуді орындай алмады. Өкпе трансплантациясын сирек өкпе ауруы – идиопатиялық өкпе гипертензиясы бар 23 жастағы науқасқа жасалынды. Мұндай жағдайларда өкпе өзінің негізгі функциясын – барлық мүшелерге оттегін жеткізе алмайды және пациент үнемі оттегі қолдауымен жүреді. Қазіргі уақытта екі әйелдің де жағдайы қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің бақылауында.
Сондай-ақ, өкпені трансплантациялауға торакалды хирург, «Қалалық Фтизиопульмонология Орталығы» Өкпе-хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Қаржубай Әскеров қатысты: «Біздің елімізде өкпе трансплантациясы өте сирек жасалынады, сондықтан мен осы операцияға қатысу мүмкіндігіне өте қуанышты болдым. Мен трансплантация процесіне қатысуға шақырғаны үшін Жүрек Орталығындағы әріптестеріме ризамын және одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенемін».
Жүрек Орталығының хирургия жөніндегі директоры, «UMC» КҚ Басқарма төрағасы Юрий Пя бізге жүрек трансплантациясы кезінде дәрігерлер тобы Жүрек Орталығының мамандары әзірлеген донорлық органды сақтаудың жаңа әдісін қолданғаны туралы жаңалықпен бөлісті. «Органдарды трансплантациялау операциялары – бұл уақытқа өте сезімтал процестер. Реципиентті трансплантациялауға дайындау кезінде донорлық жүректі өміршең ету өте маңызды. Жүрек Орталығының командасы донорлық жүректі ұзақ уақыт сақтау әдісін ойлап тапты. Жаңа әдіс жақсы нәтиже берді және біз оны әрі қарай зерттеп, дамытуға ниеттіміз. Мен осы инновациялық идеяның отандық медицина мен ғылымды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін және одан да көп адамның өмірін сақтап қалуға көмектесетін донорлық органдарды трансплантациялау саласындағы алғашқы Қазақстандық әзірлеме болу әлеуетіне ие екендігіне шын жүректен сенемін», – бөлісті Юрий Пя.
Орталықта транспланттау бойынша операциялар 2012 жылғы 8 тамыздан бастап жүргізіледі. Осы күннен бастап Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық басталады.
Жүрек Орталығының Басқарма төрағасы Махаббат Бекбосынова қазіргі уақытта жүрек және өкпе трансплантациясын түсіндіре отырып, бүгінде органдарды трансплантациялауды күту парағында 3500-ге жуық қазақстандық тіркелгенін, оның ішінде 135-і жүрек және 26-сы өкпе трансплантациясын күтетінін атап өтті. Органдар мен тіндердің донорлығының арқасында 100 пациент Орталық қабырғасында жаңа өмірге мүмкіндік алды.
Жүрек Орталығының баспасөз қызметі