Қазақстан полициясының құрдасы!
Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл толады, сонымен қатар, 1992 жылы туған қазақстандықтар – Ішкі істер органдарының құрдастары өздерінің отыз жылдығын тойлайды.
Жарқайың ауданының полиция бөлімінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарымен құрдас – Нұрлан Кенжеғалиұлы Қаймолдинов жұмыс істейді, ол өзінің 30 жасында ІІО-мен бір аяққа тұрып, өмірін полиция қызметіне арнай отырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Нұрлан Қаймолдинов 1992 жылдың 14 наурызында Қостанай облысы Амангелді ауданы Екідін ауылында дүниеге келген, 2013 жылы Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ бастапқы даярлау мектебінің тыңдаушысы болып Ішкі істер органдарына қызметке орналасты. 2013 жылдың желтоқсан айында оқу орнын сәтті бітіріп, Жарқайың ауданының ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің кіші жедел уәкілі қызметіне келді. Қызметтің алғашқы күнінен бастап ол полицияда жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті талап ететінін және қоғам тарапынан ерекше сенімнің көрінісі екенін түсінді. 2014 жылдың ақпан айында Нұрлан Қаймолдинов өзінің алғашқы полиция кіші сержанты атағын алды. 2021 жылдың сәуір айында офицерлік лауазымға өтіп, кезекші бөлімнің кезекші-инспекторы болып кезектен тыс полиция лейтенанты офицерлік атағын алады. Қазіргі уақытта Нұрлан Кенжеғалиұлы тергеу бөлімінде тергеуші лауазымында және полиция аға лейтенанты атағында қызмет атқаруда. Нұрлан Кенжеғалиұлы өзі айтқандай, полицияда жұмыс істеген барлық уақыт ішінде мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес. Бала кезінен ол полиция немесе әскери адам болуды армандады. «Балалық шақтың ең үлкен арманы орындалғанына өте қуаныштымын»,-дейді Н. Қаймолдинов. Ол үшін Отанға қызмет ету және Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарымен құрдас болғаны үлкен мәртебе.
Жарқайың ауданының полиция бөлімі.