некролог
Ақпан айының соңғы күндері біздің «Жарқайың тынысы» газетінің ұжымына өте ауыр тиді. Себебі, 27 ақпан күні 57 жасында, жарқын тұлға, «Жарқайың тынысы» газетінің бас редакторы, «Жарқайың баспасөз» ЖШС директоры Саухимов Темірбек Зейнелұлы дүниеден өтті.
Ол 1964 жылы 29 маусымда Қызылорда облысы Жаңа-Қазалы бекетінде дүниеге келді. 1971-1981 жылдары орта мектепті бітіріп, 1983-1985 жылдары КСРО әскер қатарында қызмет етті. 1985-1995 жылдары жүргізуші, 1995-2005 жылдары шаруа қожалығының басшысы, құтқарушы-матрос, шаруашылық меңгерушісі, 2005-2008 жылдары Жарқайың ауданы Бірсуат ауылының әкімі, 2008-2009 жылдары КазАгроМаркетинг АҚ кеңесшісі, 2010-2014 жылдары Жарқайың ауданының мемлекеттік мұрағат бөлімінің директоры, 2013 жылдан бастап қазіргі кезге дейін «Жарқайың - Баспасөз» ЖШС директоры, аудандық «Жарқайың тынысы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.
Журналистік қызметін 1 қаңтар 2011 жылы «Целинная Знамя» газетіндегі қазақ тілді бөлімнің редакторы болып бастады. Кейін 31 мамыр 2013 жылы қазақ тілінде жарық көретін жеке газетін ашып, бүгінгі күнге дейін аудан, облыс және әлем жаңалықтарын газет беттеріне шығарып, оқушыларды ақпараттандырып тұрды.
Өзінің бастамасымен, қажырлы еңбегінің арқасында ауданымыздың арқа сүйер азаматтары, еңбек ардагерлері газет беттерінен орын тауып, көп насихатталатын. Осы жолда аянбай тер төккен Темірбек Зейнел ұлын қимастықпен еске аламыз.
Бұл кісі бізге басшы ғана емес, шынайы дос, ақылшы, бағыт бағдар беруші, сырлас бола білді.
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын. Біз сізді ұмытпаймыз.