Конституция – Жарқайың ауданының бірлігі, әділдігі мен дамуының негізі
Конституция – Жарқайың ауданының бірлігі, әділдігі мен дамуының негізі
Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің басты құқықтық құжаты. Ол мемлекеттің құрылу негіздерін айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітеді, сондай-ақ әділдік, заңдылық және қоғамдық келісім қағидаттарын белгілейді.
Конституциялық құндылықтарды түсіндіру және кеңінен насихаттау әрбір азамат үшін маңызды. Өйткені Ата Заңды құрметтеу өз құқықтарыңды, міндеттеріңді және қоғам алдындағы жауапкершілігіңді түсінуден басталады.
Әртүрлі ұлт өкілдері мен түрлі буын өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Жарқайың ауданы үшін Конституцияда бекітілген бірлік, өзара құрмет пен теңдік қағидаттарының маңызы ерекше. Тұрғындардың ауызбіршілігі, салт-дәстүрге деген құрметі және туған өлкенің болашағына деген ортақ жауапкершілігі – ауданның тұрақтылығы мен дамуының берік негізі.
Осы құндылықтарды сақтауда Билер кеңесіне ерекше рөл жүктеледі. Тарихта билер тек заң мен әдет-ғұрыпты жетік білетін тұлғалар ғана емес, сонымен қатар дауларды әділ шешіп, адамдар арасындағы татулықты сақтауға және қоғамдық бірлікті нығайтуға үлес қосқан дана тұлғалар болған. Олардың қызметінің негізінде адалдық, жауапкершілік, адамға құрмет және әділдік қағидаттары жатты.
Бүгінде бұл дәстүрлер өз маңызын жоғалтқан жоқ. Билер кеңесінің мүшелері тұрғындарға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіруді, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуді, жастарды заңды құрметтеуге, үлкенді сыйлауға және қоғамдық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеуді маңызды міндет санайды.
Әрбір азамат Конституцияның тек қағаз жүзіндегі құжат емес екенін түсінуі қажет. Оның қағидаттары күнделікті өмірімізден көрініс табады. Бұл – бір-бірімізге құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, еңбекке, отбасына және туған жерге жауапкершілікпен қарау.
Жарқайың ауданының дамуы қабылданатын мемлекеттік шешімдерге ғана емес, әрбір тұрғынның белсенді азаматтық ұстанымына да байланысты. Ауылдарға қамқорлық жасау, елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық бастамаларды қолдау, еңбек адамын құрметтеу және ұлтаралық келісімді сақтау – мұның барлығы конституциялық құндылықтардың іс жүзіндегі көрінісі.
Біз Конституцияны білу және оның талаптарын сақтау қоғамдық өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс деп санаймыз. Өзара құрмет, бірлік және заң үстемдігі орнаған қоғамда ғана келер ұрпаққа лайықты болашақ қалыптастыра аламыз.
Конституция – бұл мемлекеттің жай ғана Негізгі заңы емес, сонымен қатар Қазақстанның, оның ішінде туған Жарқайың ауданының бүгінгісі мен болашағы үшін ортақ жауапкершілігіміздің негізі.
Жарқайың ауданының Билер кеңесінің төрағасы Ибраев Төлеген