Қауіпсіздік – басты назарда: Ақмола облысы балалардың жазғы сауықтыру маусымына қалай дайындалуда
Балалардың сапалы әрі ең бастысы қауіпсіз жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі бақылаушы және жергілікті атқарушы органдардың ерекше назарында. Балаларды сауықтыру орталықтарының ресми тізілімін қалыптастыру, рұқсат құжаттарын алу тәртібі және кең ауқымды түсіндіру жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Садуақасова баяндады.
Бүгінде өңірде жазғы маусым басталар алдында міндетті мониторингтен өтетін ұйымдардың ресми тізілімі қалыптастырылған. Тізімге барлығы 18 жазғы сауықтыру мекемесі енгізілді. Оның ішінде 5 лагерь жыл бойы жұмыс істесе, 13-і маусымдық негізде қызмет көрсетеді. Меншік нысаны бойынша олардың 5-еуі мемлекеттік, ал 13-і жекеменшік лагерь болып табылады.
Қолданыстағы оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз балалар лагерінің қызметіне жол берілмейді. Сонымен қатар су мен топырақтың зертханалық зерттеу нәтижелері қоса тіркелген өтінімдер электрондық форматта қабылданады.
«Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны төрт орталық алды. Олар – Зеренді ауданындағы «Парус» лагері, Ерейментау ауданындағы «Жұлдыз» лагері, Ақкөл ауданындағы “Scout Tour” компаниясының шатырлы лагері және Бурабай ауданындағы «Горизонт» лагері. Ал тізілімге енгізілген қалған нысандардың басшылары әзірге рұқсат алу үшін өтініш берген жоқ. Өтінімдерді қарау мерзімі 13 жұмыс күніне дейін созылатынын еске салғым келеді. Барлық дайын құжаттар ведомствоның ресми сайтында ашық түрде жарияланады», – деді Сәуле Садуақасова.
Жазғы сауықтыру науқанына дайындық балалар демалысын ұйымдастыру жөніндегі облыстық Жол картасы аясында жүйелі түрде жүргізілді. Барлық қызметтердің жұмысын үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өңірлік штаб отырысы өтіп, оған лагерь басшылары мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сондай-ақ департамент пен оның аудандық аумақтық басқармалары кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатта жиырмадан астам оқыту семинары, кеңес беру кездесулері мен жұмыс кеңестері ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдарға арнайы түсіндірме хаттар жолданып, әлеуметтік желілерде 17 тақырыптық жарияланым орналастырылды және 6 тікелей эфир өткізілді.
Жүргізілген кешенді жұмыстардың басты мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауықтыру ұйымдарының санитариялық талаптарға толық сәйкестігін бақылау және ата-аналардың сенімін арттыру болып табылады.