Темір жол-қауіпті аймақ
Темір жол қашаннан аса қауіпті аймақ болып саналады. Себебі, мыңдаған тонна жүк тиеп алып жүйіткіп келе жатқан пойыздың алдында болу ешкімге де жақсылық әкелмейді. Темір жол – ыңғайлы және қолжетімді көліктің бірі болып саналады, оны күнделікті миллиондаған адамдар пайдалануда. Темір жол көлігінің жылдамдығының өсуі жолаушылардың жолда болу уақытын азайтып, жүктің жеткізілуін тездеткенімен, адамдарға көптеген қауіп төндіретін проблемалар тудырды. Ең басты қиындық адамдардың немқұрайлылығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген балалар вагондар үстіне мініп, темір жол арасында қаңғып, темір жолды ойынға айналдырады.
Негізінен, темір жолда бөгде адамдармен жарақаттану жағдайларының болуына себеп, олардың темір жолда қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүріп, арнайы аспа көпірді пайдаланбауы және де балалардың бұзақылық істерге барып, ойын ойнауы. Жүріп келе жатқан поездың қажет кезінде дереу тоқтауы мүмкін емес, ол поездың салмағына, жолдың саласына байланысты орташа есеппен алғанда 1000 метрдей жүріп барып тоқтайды. Жылдамдығы 100-120 км/сағ жүріп келе жатқан поезд секундына 30 метр жерді жүріп өтетінін ескерсек, жолаушының жолды кесіп өтуіне 5-6 секундтай уақыт кетеді. Жас жігіттер мен бойжеткендердің әуендерді жақсы көргені сонша, темір жолдан кесіп өтіп жатса да құлағынан плеер, құлаққаптарын шешпегендіктен локомотивтің гуілін естімейді, ал көру сезімі рельсты ыңғайлы аттап өтуге ғана бағытталған.
Бір қарағанда тұрған вагондар қауіп төндірмейтін сияқты, бірақ тұрған вагонға 5 метрден кем ара-қашыққа жақындауға, астынан өтуге болмайды. Өйткені станцияда тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, әр секундта ол қозғалысқа келуі мүмкін. Вагоннан шығыңғы әр-бір зат киімге ілініп қалса адамды дөңгелек астына тартып әкетеді. Әсіресе қарсы бағытталған жылжымалы құрамалардың арасында қалып қою өте қауіпті, өйткені, қарсы бағыттағы құрамалар тудырған ауаның ағыны 16 тоннаны құрайды, мұндай жүктеме адамды поезд астына тартып әкетеді.
Сондықтан, темір жолдан уақытты қысқартып өзіңе ыңғайлы жерден өтуге болмайды. Жарақаттануды болдырмау үшін ең бастысы темір жолды арнайы белгіленген орындардан өту керек. Темір жолдан аспа көпірлер арқылы ғана қауіпсіз өтуге болады. Аспа көпір жоқ жерлерде азаматтар темір жолды кесіп өтуге арнайы төсемелерді пайдалануға болады. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан темір жолдың қауіпті аймақ екенін ұмытпайық, өз өмірімізді өзіміз қадірлейік, ағайын!
Державин ст. ЖПб бастығы полиция капитаны Н.С.Қамбаров.