РЕФОРМА
Реформа жөніндегі референдум Екінші Республика құруға құқықтық негіз қалыптастырады – Қарин
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Реформа жөніндегі референдум Екінші Республика құруға құқықтық негіз қалыптастырады. Мұндай пікірді ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Президент ел Конституциясына өзгерістер енгізу жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды . Бұл - Мемлекет басшысының айрықша саяси маңызы бар маңызды шешімі. Конституциялық реформа жөніндегі референдум бұл - президенттік саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асырудың кезекті кезеңі. Бағдарлама жүйелі сипатқа ие және суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түбегейлі көшуді, бірқатар биліктік өкілеттіктерді қайта бөлуді, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуді, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуді, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы конституциялық тетіктерді күшейтуді қамтиды», - деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, бұл реформалар қоғам мен сарапшылардың сұраныстары мен ұсыныстарына негізделген.
«Бұл жолғы Қазақстандағы референдумның ерекшелігі Президент өзінің өкілеттігін кеңейту үшін емес, керісінше биліктің басқа институттарымен оны қайта бөлісуге бастамашылық жасауында. Осылайша, конституциялық реформа жөніндегі алдағы референдум Екінші Республикаға – мемлекет пен қоғам өзара қарым қатынасына жаңа, барынша тиімді әрі теңгерімді моделіне құқықтық негіз қалыптастырады», - деді Ерлан Қарин.
РЕФОРМА
«Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді.
Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.
Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!»
реформа
Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді»