9 мамыр – Ұлы Жеңістің 77 жылдығы
Құрметті жарқайыңдықтар! Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды даңқы ешқашан көнермейтін ұлы мерекесі – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
9 мамыр – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де – осынау мерекенің жемісі.
Майдан даласында оқ пен оттың ортасында қан кешкен аға ұрпақтың жанкешті ерлігінің, ерлермен бірге иығына түскен ауырпалық жүгін қайыспай көтерген тылдағы әйел азаматтар мен жасөспірімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында Жеңіс жалауы желбірегенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Батырлықпен қоса бірлік пен бауырмалдықтың да Жеңіске жетудегі үлесі орасан. Осы құндылықтар бүгінгі бейбіт күнде де барлық жетістіктеріміздің негізгі тірегі болуда.
Біздің майдангерлердің ерліктері арқасында жер шарына бейбітшілік орнады. Сондықтан да бұл күн – барлық адал ниетті адам баласы үшін ең қастерлі күннің бірі. Сол аға буынды біз әрдайым мақтан тұтып, жасаған ерлік істерінен өнеге алуымыз қажет.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Қымбатты жарқайыңдықтар!
Баршаңызды құны қымбат мереке, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық пен мол бақыт, береке – бірлік тілеймін.
Еліміздің іргесі берік, қорғанысы қуатты болсын!
Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитов